Классицизм және сентименталзм әдісі

XVII ғасырдың аяқ жағында туып, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін өнер атаулының бәрінде, әсіресе Еуропа әдебиетінде орасан кең өріс алған жұртқа мәлім ағым классицизм (латынша – үлгілі, өнегелі бағыт).

Сөз өнеріндегі әдеби ағымның тууында таза әдеби «құпиялармен» қатар, қоғамдық сыр мен себеп болатынын да айттық. Классицизмнің туған тұсы – еуропа елдерінде абсолютизм дәуірлеген кез. Ол тұста елдегі барлық үстемдік дворяндар сославиесінде барлық билік монарх қолында болатын; солардың ықпалымен жұрт назары сарайға ауған, жұрттың бәрі сарай маңындағы ат төбеліндей «асыл нәсілдер» (ақсүйектер) аузына қараған кез еді.

Бұл ағымның өкілдері (әсіресе Расин, Корнель, Мольер сияқты француз драматургтары) баяғы көне дүние классикасын өздеріне өнеге тұтты, әдеби шығармаларын сол үлгімен жазды.

Классицистер қаламынан туған шығармалардың негізгі тақырыбы, ежелгі грек әдебиетіндегі сияқты, ел өмірінің елеулі, ірі оқиғалары; негізгі идеясы – елдің елдігін қорғаушы «ессіз ерлердің» қанды жорықтары мен дүрбелең саясаты, негізгі қаһармандары – қарапайымдар емес, қастерлілер – қолбасылар, корольдар, патшалар.

Классицистер жазған жанрлар да, кәдімгі антик әдебиетіндегідей, трагедия, комедия, батырлық поэма, желғабаз ода… Бұлардың тілі де сол көне әдебиеттегі көтеріңкі пафос, шешен һәм көсем сөз рухындағы бояма диалогтар мен монологтар, атам заманғы архайзмдерге толы әсіре айшықтар болатын. Адам образдары да тым бір жақты – не бір жақсылар, не іске алғысыз жамандар кейпінде көрінді.

Классицистер қаламынан туған көркем шығармалардың ең жақсы үлгілері патриотизм, ұлт мақтанышы, қоғам алдындағы борыш, асқақ мүдделер үшін айқас секілді әп-әсем идеялық принциптер ұсынылып, негізінен, шыншылдық тенденцияда жазыла тұрса да, ағымның жоғарыда айтылған ұшы-қиярсыз шарттылығы мен жасандылығы сөз өнерін ақиқат өмірден алшақ әкетіп, «өнердің табиғилығы мен еркіндігін талақ етті; шындықта болған адамдар орнына ешбір елде, ешбір жерде болмаған дерексіз елестер қаптап кетті» (Белинский). Нәтижесінде, әдеби ағым классикалық сипаттан әншейін схемаға көшіп бара жатты.

Осы тұста өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан туған сентиментализм (французша сезімталдық) өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптысты.

Сентиментализм әуелі Англиядан – ағылшын жазушысы Стерннің «Сентиментальдық саяхатынан» басталды да, кейін Францияға (Руссо), Германияға (Жан Поль, жас Гете, жас Шиллер), Ресейге (Карамзин, жас Жуковский ауысты).

Сентименталистердің идеялық тұрғысы елде енді-енді орнығып, нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы; шығармашылық обьектісі – сарай маңындағы ақсүйектер өмірі емес, кәдімгі «орта қол» адамдардың күнделік тіршілігі, солардың көңіл-күйлері, жеке бастарына тән күйініш-сүйініштері, қуаныш-реніштері; негізгі тақырыбы классицистердегідей тарихи оқиғалар емес, әдеттегі семья тұрмысы, негізгі қаһармандар – қолбасылар, корольдер мен патшалар емес, қолөнершілер мен қарапайым шаруалар.

Көркем шығармаларға мазмұн болған оқиғалар енді сарай маңынан аулақ, ашық мөлдір аспан астына көктемде құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына көшірілді. Адамдардың көңіл-күйлерін сентименталистер осынау сұлу табиғат көркімен ұштастырып, бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау – «жан тебіренту» тәсілдерін тапты.

Сентиментальдық шығармаларда сезімге табыну әбден шарықтау шегіне жетті; кітап беті ашылса-ақ болғаны, көңілдегі кірбің, көздегі жас, көкейдегі мұң-шер ағытыла жөнелетін. Мұндай шығармалардың тілі де бұрынғыдай асқақ, алуан емес, нәзік орамдар мен өрнектер тапты.

Сентиментализм ағымы әдеби шығармаларға көл-көсір лиризм дарытты; класицизм тұсында ұмыт қалған прозалық түрлерін туғызып, оларға әжептәуір табиғи шыншыл, сипат берді. Сөйте тұра сентименталзм классицизммен күресте біраз қажет нәрседен айрылып та қалды: әдебиетті ірі тақырыптардан аулақ әкетті; тіршіліктегі ұсақ-түйек, күйкі жайлармен көбірек әуестенді; адамның жеке қара басына ден қойыңқырап, қоғамдағы халықтық мәні бар келелі мәселелерден сырт қалып қойды. Сөйтіп, бұл ағымның ғұмыры да ұзаққа бармады.