Лирикалық тек

Лирикалық жанрлардың да өзара түрлері бар. Бұл түрлер көрсетпек болған өмір құбылыстарын қалай суреттеуі, ақынның көңіл-күйі қалай берілуіне байланысты. Бұл жанрға тән ақынның дүние танушылығы, көзқарасымен өзінің ішкі сезімін, күйініш-сүйінішіндайым ұштастыра жырлау десек, айырмасы, қалай жырлауында ғана. Кейде шаттық, қуаныш, асқақтықты білдірсе, кейде мұң , зарды, кейде көңілдің би-жай қоңыр күйін сездіруі мүмкін. Бар адамды бір адамның (ақынның) «қуанышымен қуантып, қайғысымен қайғыртар, шаттығына бөлеп, үмітімен таныстырар, құлағымен есіттіріп, тілімен сөйлер…»(Белинский) лирика дегеніңіз осы ғой!.. Тек ақын талантты болдсын да … ірі болсын, қолынан келсе, ұлы болсын! «Ұлы ақын, — дейді Белинский, — өзі туралы, өзінің жеке мені туралы айтса, — жалпы жұрт туралы айтса, — жалпы жұрт туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттің бәрі бар».

Міне, осы сипаттарына қарап, лирикалық жанр әлденеше түрлерге бөлінеді. Олардың ода, элегия, сатиралық лирика, сонет, мадригал деген түрлеріне тоқталамыз.

Ода (грекше – ode — ән, жыр.) XVIII ғасырда дворян әдебиетіндегі лирикалық шығарманың бір түрі. Бір таптық топтың ең керекті санаған адамы не нәрсесі туралы ақынның өте қуанышты, өтеи көтеріңкі тілмен жазған лирикалық өлеңдері ода деп аталады.(мысалы, әскердің жеңуі, сарайда болған мейрам т.б.) . Россияда ода жазушылар Ломоносов, Державин т.б. болды. Қазақ хандарының дәуірлеп тұрған кезінде ханның қасындағы ақындардан ода шығарушылар көп болды. Жәңгірдің хан боп тұрған кезінде ханның сарапй ақыны болған Байтоқ ақынның одаға жататын бірнеше өлеңдері бар.

Әр түрлі маңызды тақырыптарға жазылған қуанышты өлеңдер олардан кейін де болған және күні бүгінге шейін бар.

Элегия (грекше elegos – мұң.) XVIII ғасырдың аяқ кезі, XIX ғасырдың бас кезінде орыстың дворян әдебиетіндегі оданы шетке қаға бастады. Элегия деп өзінің жай өмірімен байланысты, басында болған күйініш-сүйініштерді (сүйіспендік, табиғат күйін т.б.) суреттеген шығармаларды айтады. Элегияда көңілдің қайғысын суреттеу өте жиі ұшырайды. Сондықтан элегия қайғылы өлең деген түсінік туды.

Қазақ әдебиеті тарихын алсақ, элегияның күшейген кезін XIX ғасыр деп айтуға болады. Мысалы, Шәңгерей ақынның көп өлеңдері де элегияға жатады.

Сатиралық лирика (грекше – satura – қосынды.).

Сатиралық эпос сықылды, сатирамен жазылған лирикалық шығармалар да болады. Сатира дворян әдебиетінде де болған.

Бірақ сатиралық лириканың төтенше дәуірлеген кезі тап күресінің күшейіп, нағыз шиеленіскен дәуірде болды.

XIX ғасырдағы қазақ ақындарының ішінде сатиралық лириканы көп жазған адам Абай болды. Ол елдегі болыс, билерді шенеп-мінеп, сынға алып, мысқылдап жазған «Дүтбайға», «Болыс болдым мінекей» деген өлеңдері сатиралық лирикаға жатады.

Ән өлеңі деп әнге салып айтуға арналып шығарылған өлеңді айтады. Ән өлеңі ауыздан-ауызға көшіп жүреді. Әнмен айтылатын өлеңдер лириканың қай түріне болса да, көпшілікке жақын тұрады. Ән жұртшылыққа тезірек тарайды.

Лирикалық шығармалар кейде тақырыбы, мазмұнына қарай да бөлінеді: саяси-азаматтық лирика (тақырыбы да, мазмұны да әлеуметтік мәні зор ірі мәселелелерді сөз етеді); сүйіспендік, махаббат лирикасы(негізгі әңгіме сүйіспендік, махаббат туралы, кейде қуанышты, кейде қайғылы болуы мүмкін); табиғат лирикасы, философиялық лирика (ақын лирикалық өлеңдерін философиялық терең мазмұнға құрады.)

Лириканың антик әдебиетінде көп тараған түрлерінің бірі – идиллия (грекше eidyllion – суреттеу, сурет) — әлдебір парықсыздау салтанат, қарекетсіз қызық, уайым-қайғысыз қызғылт өміртуралы жыр. Идиллиялық өлеңнің тақырыбы – мал баққан, шөп шапқан, балық аулаған адамдар тұрмысы, олардың сұлу табиғат құшағында өтіп жататын той-думаны, сауық-сайраны.

XIV ғасырдағы франсуз әдебиетінде идиллия мадригалға (франсузша madrigal – малшы сазы) ауысты. Бұл да басында жым-жырт, ың-жыңсыз рақат тіршілікті мадақтарйтын өлең болатын, кейін әйелдерге арналған аьбомдық сипатқа көшті; енді бірде азын-шоғын сықақ, күлкі араласатын болды.

Лириканың әдемі түрінің бірі – сонет (итальянша sonetto; sonare – сылдырау, сыңғырау) арнаулы өлшеммен, әр түрлі тақырыпқа жазылатын сыршыл өлең; XIII ғасырда Сицилияда туған; Данте, Петрарка көп жазған; Кейін Батыс Европаның басқа елдеріне кең тараған; классикалық үлгілерін Шекспир жасаған.

Сонеттің арнаулы өлшемі бар: көлемі – он төрт жол, алғашқы сегіз жолы – бірінші бөлім – катрен де, ақырғы алты жолы – екінші бөлім – терцет. Алайда мазмұн жағынан бұл екі бөлімнің ара жігін ажырату қиын.

Сонет қазіргі қазақ лирикасында да бар. Соңғы кезде бұл түрмен Е. Әукебаев айналысып жүр.

Ал тоқсаныншы жылдарда қазақ поэзиясындағы сонетті Х. Ерғалиев одан әрі дамытып, өндіре жазды.

Лириканың жоғарыда аталғандардан басқа түрлері де толып жатыр; арнау (кейде арнайы шарықтау, кейде көлемді лиро-эпикалық шығармаға беташар, кейде жеке адамдарға бағыштау түрінде жазылған өлең), ой( әр тақырыпта туға әр алуан философиялық толғау), канцонетта (баяғының серілік сезімдерін мадақтайтын көне әуен), романс (жалт еткен бір жақсы сезімді, көбінесе сұюді жырлау), пастораль (мадригал тәрізді малшы сазының бір түрі), эклога (бір мұң, бір сыр аралас назды сарын), эпиталама (жаңа қосылғани жас жұбайлардың жарастығын құттықтайтын көне өлеңдердің бір түрі), эпитафия (дүниеден кеткен әлдебір қадірлі кісі жайлы жоқтау), эпиграмма (жеке біреулерді мінеп, мысқылдайтын сықақ өлең) т.б.

Лириканы бұлай салалап тексерудің бірқатар мәні бар: әр түрінен ақынның әр қырынан тануға болады. Айталық, махаббат лирикасы. Абайдың осы саладағы лирикасынан не аңғаруға болады? Сөз жоқ, ақынның сұлулыққа көзқарасынан бастап гуманизміне дейінгі талай қырын аңғарған болар едік.