Әдебиеттің халықтығы, ұлттық сипаты

Әдебиеттің халықтығы – тарихи категория. Прогрессшіл азаматтың жалпы көркемдік даму тарихының әр кезеңінде бұл ұғым әр сипатта болды. Мұны бір тұста Пушкин де ескерткен : “Бірқыдыру уақыттан бері біздің арамызда халықтық жайлы сөз қозғау, халықтықты талап ету, халықтықтың жоқтығына қынжылу әдетке айналды. Бірақ халықтық деген сөздің мағынасы не ? Оны анықтау ешкімнің ойына келмей жүр”.

Шынында да солай еді. Бір ғана орыс әдебиетінің соңғы бір – екі ғасырдағы тарихына көз салсақ, бұл әдебиеттің халықтрығы жайлы әр білгіштің пікірі әр тарап екенін көреміз.

Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінінің рухани сусынына айналады. Горькийде мынадай нақыл бар : “Зевсті халық жасаған, Фидий тасқа қашаған”. Рас – ақ. Шын мәніндегі өнерде халық даналығының таңбасы жатады. Демек, өнердің әлгідей жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. Жер бетінде халық бар болса, халық өмірімен біте қайнаған, халық мақсатына қылтқысыз қызмет ететін өне де бар. Әдебиет пен өнердің халықтығын, міне, осы тұрғыдан таныған жөн.

Халықтық деген ұғымды тұңғыш рет өткен ғасырдың бас жағында П. А. Вяземский ұсынды. Оның 1825 жылы А. С. Пушкиннің “Бақшасарай фонтанына” алғы сөз ретінде жазған “Кітап бастырушы мен классиктің кеңесуі” деген мақаласында классик “Сөз өнеріндегі халықтық деген не ? Бұл фигура Аристотель пиитикасында да, Гораций пиитикасында да жоқ қой”, – десе, кітап бастырушы “Гораций пиитикасында жоқ, бірақ шығармаларында бар”, – дейді. Бұл – құнды пікір.

Сайып келгенде, әдебиеттің халықтығытуралы топшылауларды түрлаулы түсінік қып қалыптастырған В. Г. Белинский болды. Халықтық дегенді ол альфа мен омега деп ұқты, нағыз көркем творчество бұдан ешқашан ажырай алмайды деп білді. Белинскийдің пікірінше, әдебиеттің өзі, бәрінен бұрын, “халық санасы”, “халықтың рухы”. Сонымен қатар ұлы сыншы “көп ретте халық деген сөздің барып тұрған мағынасыз сөзге айналатынына” қынжыла кеп, халық атын жамылып, құр күпсіген желбуаздарды қатал сынға алған еді.

Халықтық – әдеби шығарманың терң мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы автордың алға қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін баратын қаһарманның мінезін, дүниетанымын, іс – әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдіміне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым. Халықтық – ақындық қайнары, сөз өнерінің тамыр тартар топырағы. “Өнер – халықтікі, – деген еді Ленин Клара Циткинге, – еңбекшілердің қалың бұқарасы арасына ол мейлінше терең тамыр жаюға тиіс, осы бұқараға түсінікті және ұнамды болуға тиіс ; осы бұқарының ой – сезімінжәне жігерін біріктіріп, оларды алға ұмтылдыруы керек”.

Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің көтерілуінде жатады. Айталық, Абай өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында өзінің туған халқы үшін заманының ең келелі мәселелерін көтеріп отырды. Ұлы ақынның реализмі мен гуманизмін өз алдына қойғанда, биік эстетикалық идеал тұрғысынан өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі – бүкіл халықтық күрделі мәселені көтеруі болатын. Абай халықтығының бір шеті осында жатыр.

Халық үшін маңызды мәселені көтеру бао да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Демек, халықтықтың екінші шарты – көркем шығармада суретелген шындық алға тартқан келелі мәселені халық мақсаты мен мүддесіне сай шешу. Тағы да Абайдың ақындығын мысалға алуға болады. Ұлы ақын өзінің барлық көркем туындылары арқылы оқушы жұртты алға. Арманға бастады, жарқын келешекке шақырды. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйсіндіре келе биік мұратқа меңзеді. Абай халытығының екінші бір жағы – осында жатыр.

Жоғарыда жұрт мойындаған белгілі қағиданы еске салып, біз онда өнердің қалың бұқараға жақын, ұғымды болу керектігін білдік. Дәл осы арада халықтың тағы бір сыры тұр. Нағыз халықтық шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұтымды болатыны мәлім. Абай өлеңдері даладағы қойшыға да, қаладағы ойшыл ғалымға да бірдей жетімді, екеуіне бірдей әсер етеді.

Сонымен, әдебиеттің халықтығы – оның халықтық ірі мәселелерді халыққа жетімді түрде шебер, халық мүддесіне сай көркем жинақтау болып табылады.