Тілді зерттеу әдістері

Лекцияның мәтіні

Зерттеудің тәсілдері мен жолдары. Ғылымның алға қоятын мақсаты — өз объектісін жан-жақты танып білу, оның белгісіз сырларын, заңдылықтарын ашып айқындау. Ғылымды қызықтыратын нәрсе — әлі шешілмеген, белгілі болмаған, сыры ашылмаған жайттар, проблемалар. Сондықтан ғылыми зерттеу — белгісізді белгілі ету, ашылмағанды ашу, шешілмегенді шешу процесі.

Ғылыми зерттеудің барлық түрінде де объектіні танып-білу үшін өзара байланысты үш түрлі әрекет іске асырылады. Олар а) қажетті материалдар, фактілер жинау, ә) жиналған материалдарды, фактілерді сұрыптап, талдау, б) фактілер негізінде теориялық тұжырымдар, болжамдар жасау. Бұлар ғылым атаулылардың қай-қайсысында болса да, қайталанып отырылатын зерттеу процестері, зерттеу кезеңдері. Құбылысты, объектіні ғылыми танып-білу процесінде іске асырылатын бұл әрекеттер басқа да ғылымдардағы сияқты тіл білімі үшін де іс жүргізудің негізгі баспалдақты кезеңдері болып есептеледі.

Алға қойған мақсатты орындап шығу үшін зерттеуде әр түрлі амал-тәсілдер қолданылады. Ондай әдіс-амалдар қатарына методология, методика, метод деп аталатын тәсілдер жатады. Бұл үшеуі өзара тығыз байланыста, бірлікте болуларымен қатар, әрқайсысы әр түрлі үғымды білдіреді және бұлар бүкіл ғылыми механизмді қозғалысқа келтіретін қозғаушы күштер деп есептеледі. Ендігі әңгіме осы үшеуінің өзіндік сипаттарын, арақатынастарын айқындауға арналады.

Методология. Методология — гректің метод және логос деген екі сөзінің бірігуінен жасалған. Мағынасы — метод туралы ілім. Методология — теориялық ойлаудың философиялық негізі.

Методология — дүниеге көзқарас, өмірдегі алуан түрлі құбылыстарды, болмысты танып-білудің жолы, философиялық принципі. Маркстік диалектикалық және тарихи материализм методы дегенді осы мағынада түсінген жөн. Өйткені бұл метод қоғам мен табиғат құбылыстарын ойлауды, болмысты танып-білудің бірден-бір ғылыми жолы. Орыс тіліндегі үлкенэнциклопедиялық сөздікте «Метод — болмысты түсіндірудің тәсілі, жаратылыс пен қоғам өміріндегі құбылыстарды танып-білудің, зерттеудің тәсілі» деген анықтама бар. Бұл — методқа жалпы ғылымдық, философиялық тұрғыдан, яғни методология деген тұрғыдан берілген анықтама. Бірсыпыра ғалымдар әр түрлі қызметтегі ұғымды бір-бірімен шатастырмау үшін және метод деген терминді моносемиялы ету үшін оның жоғарыда айтылғандай жалпы ғылымдық философиялық түрін методология деп атаған жөн дейді. Бұл — орынды пікір.

Методология — әр ғылымның зерттеу жүмысында басшылыққа алатын философиялық кәзқарасы. Методология — жалпы ғылымдық ортақ принцип. Совет Одағындағы барлық ғылым бір ғана методологиялық принципке сүйенеді. Ол — маркстік диалектикалық және тарихи материализм принциптері. Бүл принцип дүниенің негізі — материя, ол — алғашқы, ал ой-сана — мидың жемісі, материалдық сыртқы дүниенің бейнесі, ол — соңғы, дүние де танып білуге болмайтын еш нәрсе де жок, ғылым мен практиканың күші арқылы бәрін де тануға, білуге болады, өмірдегі алуан түрлі заттар, құбылыстар бір-бірімен тығыз байланыста, шартты қатынаста болады және олар үздіксіз қозғалыста болып өзгеріп дамып отырады, олардың ішкі қозғалысы, дамуы араларында болатын қарама-қайшылықтардың күресі негізінде болып жатады, құбылыстардың дамуы сандық өзгерістерден сапалық өзгерістерге ауысып отырады — деп санайды.

Бұлар — табиғат пен қоғамдық өмірінің, ой-сананың жалпыға тән заңдылықтары. Бұл заңдылықтар ғылым атаулының қай-қайсысында болса да, бірде болмаса бірде кездеспей қоймайды. Осы себептен де методология ғылыми зерттеу ісінде зерттеушінің басшылыққа алатын, әрдайым есте ұстайтын бағдарлаушы принципі болып есептеледі.

Совет лингвистері тілді зерттегенде марксизм классиктерінің осы айтылған философиялық тұжырымдарын басшылыққа алады, өз зерттеулерінде оларды қалай қолданудың жол-жобасын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда зерттеудің методологиялық принципі дегенді оның басшылыққа алған философиялық қағидалары, дүние танымы деп түсінген жөн.

Әдетте, басшылыққа алған методикалық принципінің сүйенген философиялық негізінің қандай болуына қарамастан, ғылым жетістіктері, ғылым ашқан жаңалықтар таптық болмайды, жалпы халықтық, жалпы адамдық игілік болады. Бірақ бұдан ғылым табыстарын адамдар әр түрлі мақсатта пайдаланбайды, ұстанған методологиялық, философиялық принциптің таптық мәні болмайды деген қорытынды шықпайды. В. И. Ленин тапты қоғамда тап мүддесінен тысқары ғылым болмайды, егер идеалистік философия принципіндегі ғалым ғылымда белгілі бір жаңалық ашқан болса, онда оны өзінің философиялық көзқарасына қарамастан стихиялық жолмен материализм бағытына көшкендігінен деп түсіну керек деп үйретеді.

Әрбір ғылымның өзіне тән арнаулы зерттеу әдісі зерттеушінің басшылыққа алған методологиялық принципіне, сол белгілеп берген негізгі мақсатқа сай келіп отырады. Зерттеу әдісі бір болғанымен, егер басшылыққа алған методологиялық принциптері әр түрлі болса, әдіс алдына қойылатын талап та, одан шығарылатын қорытынды да әр түрлі болмақ. Мысалы, XIX ғасырда және XX ғасырдың бас кездерінде бір-біріне қарама-қарсы бағытта қалыптасқан лингвистикалық мектептердің басым көпшілігі салыстырмалы-тарихи әдісті зерттеудің бәріне де ортақ тәсілі ретінде қолданды. Бірақ ол әдісті натуралистер «тіл — биологиялық құбылыс, организм» дейтін негізгі концепцияларын дәлелдеуге пайдаланса, психологистер «тіл — таза психикалық кұбылыс» дейтін концепцияларын дәлелдеуге пайдаланды. Сол сияқты құрылымдық әдіс те түрлі мектептерге ортақ әдіс болғанымен олардың әрқайсысы әр түрлі мақсатта, әр түрлі бағытта қолданады т. б.

  1. Лингвистикалық әдіс, олардың түрлері. Лингвистикалық әдіс деп тіл білімінде қолданылатын зерттеу әдістерін айтады. Қейбір әдебиеттерде лингвистикалық методтарды бір сөзбен филологиялық немесе гуманитарлық метод деп атаушылық та бар. Әлем лингвистикасында болсын, совет лингвистикасында болсын методтың түрін айқындауда, оны жіктеуде бірізділік жоқ. Біраз әдебиеттерде методикаға жатқызуға тиісті тәсілдерді де метод құрамына енгізіп, метод санын мейлінше көбейтсе, екінші біреулерінде жеке метод ретінде қарауға тиісті әдістерді бір-біріне қосып, өзара топтап екеу-үшеу етіп қана көрсетеді. Мысалы, С. Ахманова кұрастырған «Лингвистикалық терминдер сөздігінде» метод саны 15—16-ға жеткізілсе, 1973 жылы жарияланған «Общее языкознание» атты еңбектің үшінші томында салыстырмалы-тарихи, лингвогеографиялық, құрылымдық, типологиялық деп төрт түрге ғана бөледі. Сондай-ақ, Б. Н. Головин 1973 жылы шыққан «Введение в языкознание» деп аталатын оқу құралында методты сипаттама, салыстырмалы-тарихи, тарихи-салыстырмалы, құрылымдық, стилистикалық, сандық, автоматикалық талдау методтары деп сегіз түрге бөлсе, В. И. Кодуховтың 1974 жылы басылған «Общее языкознание» атты оқулығында методты зерттеудің негізгі бағытына қарай топтауды жөн көріп оны сипаттама, салыстырмалы, нормативті-стилистикалық метод — аспект деп үш түрге бөледі де, құрылымдық методты сипаттама метод құрамында, салыстырмалы-тарихи, тарихи, салыстырмалы деп аталатын методтарды салыстырмалы методтың салалары ретінде қараған. Ал енді, О. С. Ахманова, Б. Н. Головин еңбектерінде метод ретінде қаралған басқа түрлерін В. И. Кодухов сипаттама методқа тән тәсілдер методикалар деп санаған.

Мұндай ала-құлалық, біріншіден метод деген терминді кең мағынада, методика мен методология мағынасында да, қолданудан туса, екіншіден, бір-біріне белгілі жақындығы, ұқсастығы бар методтарды біріктіріп, бір ғана атаумен беруге тырысудан туған. Бұлар өзіне лайықты орында кейініректе сөз болады.

Қазіргі заман тіл білімінде лингвистикалық әдістің көпшілікке танылған, зерттеу объектісі айқындалған бірнеше түрлері бар. Олар: Сипаттама, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы, құрылымдық, математикалық әдістер.

  1. Сипаттама немесе синхрондық әдіс. Сипаттама әдіс — лингвистикалық әдістар ішіндегі ең көнесі. Тілге байланысты алғашқы зерттеулердің барлығы дерлік осы сипаттама әдіс бойынша жүргізілген. Сипаттама әдіс зерттеліп отырған объектінің өткендегі күйін, тарихи даму жолдарын ескермейді, тек оның белгілі бір дәуірдегі қалпын синхрондық күйін сипаттаумен шұғылданады.

Сипаттама әдіс бойынша жазылған еңбектер осы әдістың атымен сипаттама грамматика, сипаттама фонетика, сипаттама лексика деп те аталады. Оқу құралы ретінде жарияланып жүрген қазіргі тілдер грамматикалары немесе фонетикасы мен лексикологиялары сипаттама әдіс бойынша жазылған. Тілдің белгілі бір дәуірдегі кұрылым жүйесін айқындауда сипаттама әдіс бойынша жүргізілетін зерттеудің мәні ерекше.

Сипаттама әдіс зерттеудің көне замандардан келе жатқан тәсілі болғанымен, ол — ескірген, қолданудан қалған тәсіл емес, қазіргі заман тіл білімінде де үздіксіз қолданылып келе жатқан жасампаз тәсіл. Құрылымдық лингвистика түгелдей дерлік осы сипаттама әдісқа сүйенеді, соны қолданады. Бірсыпыра ғалымдар құрылымдық әдісты осы сипаттама әдістың жаңарған, жетіле түскен жалғасы дейді де, оны сипаттама әдістың құрамында қарайды, екеуін біріктіріп, синхрондық әдіс деген бір ғана атаумен атайды. Бұлай қарау негізсіз де емес. Өйткені сипаттама әдіс болсын, құрылымдық әдіс болсын тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, статикалық жүйесін зерттейді. Бірақ қолданыла бастау мерзімі жағынан болсын, зерттеу тәсілі, алға қоятын мақсаты жағынан болсын бұл екеуі арасында бірсыпыра өзгешеліктер де бар.

Оны байқау үшін қалыптасу кезеңінің кейіндігіне қарамастан құрылымдық әдісты да осы тақырыпқа жалғастыра қарап, екі әдіс арасындағы бірлік пен өзгешеліктерді ашқан жөн.

Құрылымдық әдіс. Бұл әдіс тіл білімінде үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарынан бастап колданыла бастады. Бірақ ол ғылыми зерттеу әдісі ретінде басқа ғылымдарда бұрыннан қолданылып келген, тіл біліміне солардан ауысқан әдіс. Мұны тілді зерттеуге алғаш қолданушылар — Чехословакия мен Дания лингвистері құрылымдық әдіс бұл күнде дүние жүзіне кең тарап, лингвистикалық ағым ретінде құрылымдық тіл білімі немесе структурализм деп те аталып жүр.

Бұл әдістың құрылымдық деп аталуының мынадай себебі бар. Әдісты қолданушылар тілді өзара тығыз байланыста, шартты қатынаста тұратын, біріне-бірі тәуелді бөлшектерден кұралған біртұтас, бірбүтін құрылым, лингвистиканың міндеті — тіл құрылымын зерттеу. Тіл құрылымын зерттеуде қолданылатын әдіс — құрылымдық әдіс дейді. Бұл көзқарасты жақтаушылар, яғни құрылымдықәдістықолданаотырып,тілдің құрылымынзерттеу — тілбілімініңбірден-бірміндеті деп санайтындар — структуралистер деп аталады.

Тілдің құрылымын зерттеу лингвистика тарихында структурализмге дейін де болған, сондықтан структуралистердің өзіне дейінгілерден, яғни XIX ғасыр лингвистерінен, өзгешеліктері соңғылардың тілдің құрылымын зерттеуінде емес, соны зерттеу тәсілдерінде, алға қоятын мақсаттарында.

Құрылымдық әдіс барлық елде, барлық жерде бірыңғай, бір мақсатта ғана қолданылмайды. Бұл әдісты қолданушылар арасында қайшылықтар да, ала-құлалықтар да жеткілікті.

Құрылымдық әдіс совет тіл білімінде де қолданылып келді, колданылып та жүр. Алдыңғы тарауда да айтылғандай, бізде құрылымдық әдісты жақтаушылар да оған қарсылар да болды. Бірақ түптеп келгенде бұл әдісті қолдануға болатындығы айқындалды. Сөйтіп, 50-жылдардан бастап ол совет тіл білімінде берік орын тепті. 1958 жылы СССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет бөлімі бюросы елімізде структуралды тіл білімін дамыту жөнінде арнаулы қаулы алды да, осыдан кейін бүл бағыттағы жұмысты еркендетудің әр түрлі жолдары жүзеге асырылды.

Совет тіл білімінің құрылымдық әдісты қолдануда, оның міндет-мақсатын айқындауда өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен, бұл әдісті қолдану лингвистикалық әдістардың басқа түрлерінен бас тартуды, олардың пайдалы жақтарын жоққа шығаруды көздемейді. Ол басқа да әдістермен қатар қолданыла береді. Екіншіден, құрылымдық әдісті қолдану тіл тарихын, диахрондық зерттеудің маңызын тіпті де жоққа шығармайды. Үшіншіден, құрылымдық әдісті мағынадан жұрдай жалаң формаларды тізімдеудің немесе формалардың абстракт мәнде алынған жалаң қарым-қатынасын ғана зерттеудің құралы етуге қарсы. Совет структуралистері тілдік формамен бірге оның мағыналық, қызметтік жақтарына да ерекше мән береді.

  1. Типологиялық зерттеу. Салыстырмалы-тарихи зерттеу — өзара туыстас, төркіндес тілдер семьясын жеке-жеке зерттегені болмаса, әр семьяға жататын тілдерді бір-біріне салыстыра жинақтап қарау, сөйтіп дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ типтік сипаттарды ашу ісіне дәрменсіз. Ал жалпы тіл білімі тек тілдер туыстастығын айқындауды ғана көздемейді, ол дүние жүзіндегі тілдердің жалпы адамдық сипаттарын, типтік белгілерін ашып, тіл атаулының барлығын да қамти алатын типологиялық классификация жасауды да қажет етеді. Осы мақсатты іске асыру үшін салыстырмалы-тарихи зерттеумен замандас салыстырудың екінші түрі, типологиялық салыстыру дүниеге келді. Лингвистикада зерттеудің бұл түрі салғастырмалы әдіс, типологиялық әдіс, типологиялық лингвистика деп түрліше аталады.

Типологиялық зерттеудің кеңірек етек алып, зерттеудің бір әдісі ретінде қалыптасуы XIX ғасырдың бас кезі болғанымен XVI—XVII ғасырларда басталған көп тілді салыстырмалы сездіктер жасау, рационалды грамматикалар жазу — осы әдістің алғашқы әліппелері.

Екеуінде де тіл фактілерін салыстыру болғанымен, типологиялық зерттеу — салыстырмалы-тарихи зерттеуден өзгеше. Бұлардың объектісінде де, көздейтін түпкі мақсатында да өзгешелік кездеседі. Типологиялық зерттеуде туыстас тілдер ғана емес, бір-бірімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ тілдер фактілері де салыстырылады. Екіншіден, салыстырмалы-тарихи әдістегідей тілдік жүйедегі жеке элементтер емес жүйе құрылымы салыстырылады. Үшіншіден, мұнда тілдік тұлғалардың материалдық туыстастығын ашу көзделмейді, салыстырылып отырған тілдердің ортақ белгілерін, типтік сипаттарын айқындау, сөйтіп тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу көзделеді. Типологиялық зерттеудің алға қоятын мақсаты — барлық тілдерге немесе тілдердің көпшілігіне ортақ универсалды, типтік белгілерді ашу. Бұл зерттеудің типологиялық деп аталуы да осыдан.

Ғылымда типологиялық зерттеуді сипаттама зерттеудің жалғасы, соның екінші басқышы деу бар. Бұл орынды да, өйткені типологиялық салыстыру үшін, алдымен, дүние жүзіндегі тілдердің әрқайсысының құрылымдық сипаттары жеке-жеке зерттелген болуы керек. Типология сол айқындалған құрылымдық сипаттарды өзара салыстыра қарау арқылы тілдерде болатын ортақ қасиеттерді, типологиялық белгілерді айқындайды.

Типологиялық зерттеу мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылық сипаты бар объектілерді салыстырады. Мұндай объекті тілдің фонология саласында да, семантикалық, грамматикалық салаларында да болады. Типология тілдердің осы аталған жүйелеріндегі жалпылық мәні бар объектілерді бір-біріне салғастыра қарау арқылы олар арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді ашады. Мысалы, фонология саласында дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып бөлінуі, болмаса морфемалардың лексикалық, грамматикалық болып бөлінуі, т. с. с. тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән типтік белгілер. Типологиялық зерттеуде осылар сияқты универсалды тұлғалар салыстырылады.

Типологиялық әдістің тіл білімінде қолданыла бастағанына біраз уақыт болғанымен, ол туралы әр елдің көрнекті лингвистерінің көпшілігі пікір айтқандарымен бұл мәселе күні бүгінге дейін бір ізді шешімін тапқан жоқ.

Дүние жүзіндегі тілдердің типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді сол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс романтиктерінің көсемі Фридрих Шлегель. Ол 1809 жылы жарық көрген «Тіл және үнділердің даналығы» дейтін еңбегінде сөз тұлғасын түрлендіретін қосьшшалардың бар-жоқтығына, сөздердін тұлғалық құбылысқа түсудегі сипатына қарай тілдерді флективті, агглютинативті деп екі топқа бөледі. Мұнда көрсетілген типологиялық шағын белгілер дүние жүзіндегі тілдерді қамти алмайды. Осыны байқаған Шлегельдің туысы Август Шлегель 1818 жылы шыққан «Әдебиеттегі провансаль тілі туралы мақала» атты зерттеуінде алдыңғы екеуі үстіне аморфты тіл дегенді қосады. Аморф — формасыз деген мағынаны білдіреді. Формасыз тіл болмайды, тек оның көріну жолдары әр тілде әр басқа болады. Сондықтан бұл жіктеу де толық емес. Ағайынды Шлегельдердің біраз кемшіліктерін ашып, типологиялық зерттеуді едәуір дамыта түскен ғалым — В. Гумбольдт. Ол тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеуге екі түрлі белгіні негіз етуді ұсынады: оның бірі — тілдік тұлғалар қарым-қатынасы, екіншісі — сөйлем құрау тәсілдері. Осы белгілерге сүйене отырып, Гумбольдт дүние жүзіндегі тілдерді төрт топқа бөлді, жоғарыда аталған үшеудің үстіне инкорпорациялы тіл дегенді қосып, оған Америка индеецтері мен палеоазиат тілдерін жатқызады.

Көрсетілген типологиялық белгілер, сол белгілер негізінде тілдерді жіктеу принциптері кейінгі замандардағы А. Шлейхер, Э. Сепир, И. Мещанинов, Т. Милевский, т. б. ғалымдар зерттеулерінде толыға, жетіле түсті.

Қазір типологиялық белгілердің негізгісі ретінде сөз құрылымын — сөздердің тұлғалық түрленісін, сөз туғызатын, сөз түрлендіретін формаларды, синтаксистік қатынастарды алады. Сөз құрылымы морфологияның негізгі объектілерінің бірі болғандықтан, ғылымда типологиялық жіктеу морфологиялық жіктеу деп те аталады. Морфологиялық белгілерге ерекше мән берілетін себебі — ол, тілдік ұсақ жүйелер ішіндегі ең тұрақтысы, екіншіден, морфологиялық тип тілдерде онша кәп емес және оған тән түлғалар айқын да тұрақты, сондықтан оларды жүйелеу оңай. Осы аталған белгілерге қарай тілдерді түбір тіл, агглютинативті, флективті, полисинтетикалың тілдер деп бөлу — қазіргі заман тіл білімінде де кеп тараған принцип.

Типологиялық әдіс тек тілдерді жіктеуге ғана қолданылмайды, сонымен бірге, салыстырмалы сөздіктер жасауда да, шет тілді оқытуда да кең қолданылады.