Кеңес тіл білімі

Лекцияның мәтіні

Алғашқы қадам. Совет өкіметі орнауының алғашқы жылдарынан бастап-ақ партия мен үкімет ғылымының алдына халық мүддесіне, социализм мүддесіне қызмет ету талабын қойды. Мұндай ардақты міндетті орындау үшін тіл ғылымының жаңа, революциялық идеология, маркстік-лениндік философия принциптері негізінде қайта құрылуы қажет болды. Совет лингвистері алдында маркстік-лениндік тіл білімін дамыту міндеті тұрды.

Мұндай күрделі міндетті орындау оңай емес еді. Ол кезеңде бірсыпыра негізгі мәселелерде маркстік емес принциптерге негізделген үнді-европалық тіл білімі үстем болатын. Марксистік ілімді үйренуге кең жол ашылғанына қарамастан, ол іліммен қаруланған лингвист кадрлар аз еді. Осыларға қосымша, үнді-европалық тіл білімін де дағдарыс, тоқырау деген үндер жиі естіліп, тіл білімін содан құтқару, жаңа бағыт, жаңа әдіс табу жолындағы ізденістер жатқан.

Осындай қиыншылықтарға қарамастан іздене, кейде шалыс баса жүріп, советтік тіл білімі бірте-бірте күш жинап, үздіксіз алға ұмтылумен болды.

Бұл кезеңнің лингвистер алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі — бүкіл совет халқымен бірлесе отырып, елімізде сауатсыздықты жою, жер-жерде жүздеп-мыңдап ашылып жатқан оқу орындарына жаңа әліппелер, грамматикалық әр түрлі оқулықтар жасау, өзіндік жазуы жоқ Россияның бұрынғы отары болған шағын халықтардың өз тіліне лайықты жазуға ие болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын. Совет лингвистері бұл саладағы орасан қиын да абыройлы жұмыстарды жақсы орындап шықты.

Бұрын мүлде жазуы болмаған немесе қолданып келген жазуы тілдің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін елу шақты халық тілін жаңа әліппемен қамтамасыз ету талабы сол тілдердің дыбыстық жүйесін жан-жақты (зерттеу міндетін алға қойды. Бұл Отан линтвистикасында фонетика, фонология ғылымының дамуына түрткі болды. Оның үстіне фонетика ғылымы Россияда И. А. Бодуэн дс Куртенэнің және оның талантты шәкірттерінің (Л. В. Шерба, Е. Д. Поливанов, т. б.) еңбектері арқылы революциядан бұрын да жақсы жолға қойылған болатын фонетика ғылымының әсіресе оның фонология саласының біздің елімізде ерекше дамуына СССР-де құрылымы жағынан алуан түрлі тілдерде сөйлейтін ұлттардың көп болып, олардың тілдерінен бай, соны материалдардың жиналуы да қолайлы жағдай жасады. Сөйтіп, елімізде фонетика, фонология ғылымы бүкіл дүние тіл білімінің күшті бір саласына айналды.

Жер-жерлерде әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің ең маңызды оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы — одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды. Күрделі де қиын бұл міндетті де совет лингвистері абыроймен орындады. Соның нәтижесінде одақ көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының барлығы да барлық халықтарымыз тілінде жазылған грамматикалық оқулықтарға ие болды, қырық-елуден астам тілдердің академиялық грамматикалары жарық көрді.

Тілдің грамматикасын жазу үшін әр тілдің өзіне тән нормасын айқындаудың қажет болатындығы белгілі. Бірақ тіл құрамында азды-көпті диалектілік ерекшеліктер, соған сәйкес норма түрлілігі болып отырады. Сондықтан тілдің грамматикасын жазу үшін ол тілдің диалектілік ерекшеліктерін, грамматикалық, тілдік норма етіп ол ерекшеліктердің қайсысын қолданудың жөн болатындығын айқындау қажет. Осыған байланысты совет тіл ғылымында диалектологиялық зерттеу де кең көлемде етек алды. Одақтағы көптеген тілдердің диалектілік сөздіктері, диалектологиялық карталары жасалды.

Бұл жүмыс тек нормалы, тілдік диалектілерді айқындаумен ғана шектелген жоқ, соларға қоса жер-жерде әр халықтың ұлттық әдеби тілін қалыптастыру, оның өткені мен қазіргі күйін, болашақ бағыт-бағдарын зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жер-жерлерде әдеби тілдің теориялық және практикалық жақтарын жан-жақты қамтыған көптеген зерттеулер дүниеге келді.

Одақ көлеміндегі халықтардың өзара достық туын қандық қарым-қатынастарын қалыптастырып дамытуда олардың тіл арқылы бір-біріменқатынас жасауларының, өзара түсінісіп отыруларының шешуші мәні бар. Бұл қатынастың ең тиімді, ең қолайлы ретінде орыс халқының ұлттық тілі қолданылды да, ол совет дәуірінде ұлт аралық тілге айналды. Сөйтіп, екі тілді сөздіктер жасау ісі өріс алды. Бұл күнде Отанымыздағы халықтардың барлығының өз сөздерін орыс тіліне немесе орыс тілі сөздерін өз тілдеріне аударған сөздіктер бар. Екі тілді сөздіктермен қатар әр ұлт тілінде бір тілдік сөздіктердің де (түсіндірме, емле, диалектілік, фразалық, шет сөздер, синоним, т. б.) алуан түрлері шығарылды. Осындай кең өрісті істердің арқасында Отандық тіл білімінің лексикология, лексикография салалары жан-жақты дамыды.

Совет тіл білімі дүние жүзілік лингвистикада бірінші болып ұлт тілі, ұлт тілдерінің болашағы, олардың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне тигізетін әсері тәріздес күрделі проблемаларды зерттеуде де елеулі табыстарға жетті.

Совет тіл білімінің бір ерекшелігі — теориялық мәселелер мен практикалық мәселелерді тығыз байланыста, бірлікте жүргізуі. Партия мен үкіметтің халқымыздың мәдени дәрежесін арттыру жөніндегі күнбе-күнгі міндеттеріне белсене ат салыса отырып, совет лингвистері тіл білімінің теориялық проблемаларымен де шұғылданды.

Бұл салада бірінші болып қолға алынған мәселе совет тіл білімінің философиялық негізі тілдің әлеуметтік мәні жайындағы проблемалар болатын. Бүкіл совет ғылымының солардың ішінде тіл білімінің де философиялық негізі — маркстік диалектикалық материализм деп жарияланды. Осы талап тұрғысында жазылған біраз еңбектер жарияланды. Олардың қатарына В, Н. Волошиновтың 1929 жылы шыққан «Марксизм и философия языка», Р. О. Шордың «На путях к марксистской лингвистике» (1931), «Языковедения и материализм» (1929—1931), Е. Д. Поливановтың «За марксистское языкознание» (1931), Е. М. Рыттың «Ленин о языке и язык Ленина» (1931) деп аталатын еңбектерін және көптеген мақалаларды жатқызуға болады.

Осы тұста тілдің қоғаммен, ойлаумен қарым-қатынасын сөз еткен қолтума және аударма еңбектер де жарияланды. Олардың қатарынаР. О. Шордың«Язык и общество» (1926), «Общее языкознание» (1929), А. М. Иванов пен Л. П. Якубинскидің «Очерки по языку» (1932), Л. С. Выготскийдің «Мышление и речь» (1934), В. М. Жирмунскийдің «Национальный язык и социальные диалекты» (1936), П. Лафаргтың «Язык и революция» (1930), Ф. де Соссюрдің «Курс общей лингвистики», Э. Сепирдің «Язык», Ж. Вандриестің «Язык» деп аталатын еңбектері жатады.

Жиырмасыншы, отызыншы жылдары совет тіл білімінде бір-бірінің ісіне сын көзіменқарайтынбірнеше лингвистикалық бағыт болды. Бірақ бұл бағыттар арасындағы қайшылық олардың философиялық принциптері арасындағы қайшылық емес еді. Олардың барлығы дерлік өз зерттеулерінде маркстік-лениндік философияны басшылыққа алуды көздеді. Бұлардың арасындағы қайшылық — тіл білімінемарксизмдіқалай өндіру принципінде, тіл фактілерін зерттеу тәсілдерінде, үнді-европалық лингвистикаға көзқарасында болды.

Ондай лингвистикалық бағыттың бірі—үнді-европалық компаративтік лингвистиканыңРоссиядағыбір тармағы — салыстырмалы-тарихитілбіліміболатын. Ол XIX ғасырда қалыптасқан және революциядан бұрынғы Россиядағы бірден-бір беделдібағыт еді.Осы бағыт негізінде Москва, Қазан университеттерінде орыс тіл білімінің москвалық жәнеқазандықмектептерінің қалыптасқандығы алдыңғы тарауда айтылды. Осы екі мектептің дәстүрі Совет өкіметінің алғашқы жылдарында едәуір салмақты болды. Бұл кезеңнің Д. Н. Ушаков, В. А. Богородицкий,М. М. Покровский, С.П. Обнорский, Е. Д. Поливанов, М. Н. Петерсон, А. М. Пешковский,т. б. көптегенкөрнектілингвистеріжоғарыда аталған мектептер дәстүрін берік сақтап, өз зерттеулерінде салыстырмалы-тарихи әдісті басшылыққа алды. Бірақ бұл бағыт жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде бой көрсете бастаған лингвистикалық жаңа бағытпен біраз айтыса жүріп, келе-келе лингвистикалықаренадан шығып қалды.

  1. «Тіл туралы жада ілім» мектебі. Компаративтік тіл білімін ығыстырған, жаңа бағыт совет тіл білімі тарихында «Тіл туралы жаңа ілім» немесе «Яфет тіл ғылымы» деп аталады. Ол маркстік-лениндік идеяны басшылыққа алған тіл білімін қалыптастыру мақсатында ізденістер барысында дүннеге келді. Мұны қалыптастырушы белгілі совет филологы және археологы Николай Яковлевич Марр (1864—1934).
  2. Я. Марр — иберий-кавказ тілдерінің маманы. Ол алғашқыда бұл тілдердің туыстық төркінін, олардың семит тілдерімен байланысын зерттеді де, келе-келе өз теориясын «яфет теория» деп атады. «Яфет» деген терминді басында Н. Я. Марр бүкіл Закавказия, Жерорта теңізі бассейндеріндегі толып жатқан тілдердің бәріне ортақ шартты атау ретінде қолданған да, артынан осы тілдерді зерттеуден туған өз тұжырымдарын «Яфет теориясы» деп атаған. Бұл атау бертінірек келе «Тіл туралы жана ілім» деген атаумен ауыстырылды. Бірақ әдебиеттерде бұл екі атау кейде бірінің орнына бірі қолданыла берді.

Н. Я. Марр бастаған «Тіл туралы жаңа ілім» өз қадамын революциядан бұрынғы үнді-европалық лингвистика деп аталатын ғылымды советтік дәуір талабы тұрғысынан қайта қарап, үнді-европа лингвистикасындағы сол кездегі қайшылықтардың, тоқыраушылықтардың біразын дұрыс кере білді. Компаративтік бағыттың тіл білімі тарихында прогрестік үлкен роль атқарғандығын айта отырып, оның жаңа дәуір талабына сай келмейтіндігін баса көрсетті. Бұл бағыттың буржуазиялық елдерде бірсыпыра мәселеде реакциялық, нәсілдік теориясымақтарға жанасып, отар елдер мен аз ұлттарды, олардың тілдерін кемсітіп, қорлайтындықтарын ашық айтты. Шынында да, әсіресе XX ғасырдың бас кездерінде үнді-европа семьясына жататын тілдерде сөйлейтін халықтарды жоғары бағалау, бүкіл мәдениетті, ғылымды жасаушы солар, прогресс соларға тән қасиет, басқа халықтар жаратылысынан дамуға икемсіз, керітартпа дейтін шовинистік, нәсілдік тенденция едәуір етек алды.

Халықтар достығы, тең праволылығы туын көтере дүниеге келген советтік құрылыс мүддесіне, жаңа идеяға қызмет етуді мақсат еткен Н. Я. Маррдың ондай жат идеяға қарсы күресуі, әрине, табиғи нәрсе еді. Бірақ осы сын келе-келе салыстырмалы-тарихи тіл білімінің пайдалы жағынан да бас тартып, тіл біліміне марксизмге тән емес дөрекілік, асқақтаушылық, менмендік әуен енгізді.

  1. Н. Я. Марр тіл туралы маркстік-лениндік жаңа ілімді яфет тілдерін жан-жақты зерттеу, оның басқа семьядағы тілдермен қатынасын айқындау негізінде ғана қалыптастыруға болады деп санады. Ол қалыптастырған «Жаңа ілімнің» өзіндік жүйесі, программалық бағыты, концепциялары болды. Бірақ олар марксизм классиктерінің қоғам дамуына байланысты айтылған қағидаларын ешбір өзгеріссіз тілге көшіре салған, сөйтіп, марксизмді дөрекілеген, тұрпайылаған, мына төмендегідей концепциялар еді:
  2. Марксизм — құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар — таптық қоғамдар, бұларда адамдар қанаушы, қаналушы таптарға бөлінеді, таптан тыс адам болмайды десе. Н. Я. Марр осы қағиданың ізімен таптық қоғамдағы тіл де таптық болады, қанаушытаптың өз тілі, қаналушы таптың өз тілі болады, жалпы халықтық тіл деген жалған сөз деді.
  3. Марксизм — қоғамның саяси, праволық діни, көркемөнерлік, философиялық көзқарастары — коғамдық базистің қондырмалары, базис жойылумен бірге бұлар да жойылады, әр жаңа базистің өзіндік қондырмасы болады, ескі базис тұсындағықондырмажаңабазис мүддесіне қызмет ете алмайды десе, Н. Я. Марр тіл де қоғамдық қондырма, ол қоғамдық базиспен бірге жойылып отырады, феодалдық базис тұсындағы тіл капиталистік базиске, капиталистікбазис тұсындағы тіл социалистік базиске қызмет ете алмайды, қоғамдық формациялардыңәрқайсысыныңөзіндіктілдері болады деді.
  4. Н. Я. Марр—дыбыс тілі адам қоғамымен бірге туған құбылыс емес, дыбыс тілінсіз де қоғам болған, дыбыс тілі қоғам мүшелері түрлі таптарға бөлінген кезеңде пайда болған және ол алғаш дүниеге келгенде адамдардың бір-бірімен қатынас жасау құралыретінде емес, магиялық құрал ретінде, тайпа көсемімен қатынас жасау құралы ретінде шыққан, оны тек бақсы-балгерлер, тайпа көсемдері ғана қолданған, адамдардың бір-бірімен қатынасжасауыныңалғашқыкұралы — қол тілі, болған дейді. Ал, марксизм классиктері дыбыс тілі адам қоғамымен бірте туып, қатар жасап келеді, тілсіз қоғам, қоғамсыз тіл болған емес. Дыбыс тілі адамдар қатынасының ең маңызды құралы дейді.
  5. Н. Я. Марр тіл зерттеуде төрт түрлі элементке негізделген палеонтологиялықталдау әдісінқолдануды ұсынды. Бұл әдіс бойынша дүние жүзіндегітілдерінің барлығының шығу төркіні, глоттогониялық процесі бір. Олардың барлығы да о бастағы сал, бер, йон, рош деген төрт элементтен тарайды. Бұл элементтердің қалдығын қазіргі заман тілдерінің қай-қайсысынан болса да табуға болады деді. Бірақ бұл бос болжам еді.
  6. Марксизм қоғам өзінің даму тарихында әр түрлі қоғамдық формациядан (алғашқы қауымдық, құлдық, феодалдық, капиталистік, социалистік қоғамдар) өтеді. Дамудың бұл формациялары қоғамдық бірліктің барлығына да тән, барлығы да осы сатылардан өтеді, бір ізді болады десе, Н. Я. Марр осы қағиданы тілге қолданып, тілдің дамуында да әр түрлі формацияға лайық әр түрлі сатылар болады, тіл сатылық жолмен дамиды, бірі өткен сатыдан тілдердің басқалары да өтуге міндетті, тіл атаулының барлығы да дамудың бір ғана жолымен жүреді деді.
  7. Марксизм қоғам дамуы тек эволюциялық жолмен ғана жүрмейді, алдыңғы қоғамдықформациякейінгі қоғамдық формацияға орнын өз еркімен, бейбіт жолмен бермейді, соңғының алдыңғыны күшпен, революциялық жолмен кұлатуы, эволюциялықдамудыңреволюцияға айналуы сияқты секірмелі болады десе, Н. Я. Марр осы қағида ізімен тіл де дамудың бір сатысынан екінші сатысына өткенде революциялық секіру жолымен, бұрынғы тіл кенет жойылып, оның орнына мейлінше жаңа тіл пайда болады, тілдердің сатылықөзгерістеріндеяғни жаңа тілдің пайда болуында тілдер тоғысуының шешуші мәні бар, тоғысқан екі тілдің екеуі де жойылып, оның орнына бастапқылардың ешқайсысына ұқсамайтын жаңа, үшінші тіл пайда болады деді.
  8. Тілдердің дамудың қай сатысында тұрғанын білдіретін негізгі көрсеткіш — тілдік элементтердің семантикасы, сондықтан семантика тіл білімінің ең негізгі объектісі болады дегенді айтты.

«Тіл туралы жаңа ілімнің» негізгі программалық концепциялары болып есептелетін бұл тұжырымдардың қай-қайсысы да қоғам жөніндегі маркстік-лениндік ілімнің мәніне жете түсінбей, оны тіл мәселелеріне теріс қолданудан туған жаңсақ қорытындылары еді. Бірақ осы қате тұжырымдар 1950 жылға дейін совет тіл білімінде үстем болып келді. Совет лингвистері өз зерттеулерінде осы концепцияларды басшылыққа алуға міндетті саналады. Оған қосылмау — маркстік тіл білімін қолдамау деп жарияланды. Неліктен бұлай болды?

Лингвкстикалық бұл мектепті қалыптастырушы бұрыннан да ғылыми беделі, үйымдастырушылық тәжірибесі бар Н. Я. Марр 20-жылдар ішінде-ақ көрнекті марксшіл лингвист ретінде танылды. 20-жылдардың аяқ кезінен бастап онын ілімін жақтаушы лингвистер тобы құрыла бастады. Бұл топ өздерін Н. Я. Маррдың шәкіртіміз деп санады. Елдегі лингвистикалық басқару органдары бірте-бірте «Тіл туралы жаңа ілімді» жақтаушылардың қолына көшті. Олар советтік тіл біліміндегі істің жайын аздап та болса сынауға, тіпті тіл біліміндегі «жаңа ілім» дегенді сынау жөніндегі болмашы әрекеттің өзіне тиым салып, Н. Я. Маррдың мұрасына сын көзімен қараған, оның ілімін мақұлдамаған қызметкерлер мен зерттеушілерді қуғындап отырды. Бұл совет тіл білімінің дамуын кенжелетіп, тұйыққа тірей бастады.

Бұл жағдайды партия мен үкімет көрмей тұра алмады. Партиямыздың орталық органы «Правда» өзінің 1950 жылғы 5 майдағы санында сын және өзара сын арқылы совет тіл біліміндегі тоқыраушылықты жойып, бүл саладағы ғылыми жұмысқа дұрыс бағыт сілтеу үшін еркін айтыс жариялайтынын хабарлады. Айтыс мақалалары «Правданың» 4 июльге дейінгі 9-санында жарияланды. Айтыс бүкіл совет интеллегенциясының, әсіресе барлық совет лингвистерінің назарын аударды.

Айтысқа өздерін Н. Я. Маррдың шәкіртіміз дейтіндер де, оларға қарсылар да бірдей дәрежеде қатысты. Пікірлер таласы тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінің айналысында болды. Ол тіл білімінің ең маңызды мәселелері жөніндегі көзқарастардағы жөнсіздіктерді, оны әшкерелеуге талаптанушылардың «жаңа ілімді» жақтаушылар тарапынан қысым көргендігінің бетін ашты. Айтысқа партия мен үкіметтің сол кездегі басшысы И. В. Сталин де қатысты. Ол өзінің кейін де «Марксизм және тіл білімі мәселелері» деген атпен кітапша болып шыққан еңбегінде Н. Я. Маррдың жоғарыда айтылған концепцияларыныц марксистік ілімге қайшы келетін қате пікірлер екенін қатты сынады.

Лингвистикалық айтыстан кейін совет тіл ғылымы серпіліспен ұйымдық, басқарушылық жағынан қайта құрылды. Бұл кезде лингвист ғалымдарымыздың ерекше назар аударған мәселесі «Тіл туралы жаңа ілімнің” қателіктерін, оның тигізген зиянды зардаптарын жан-жақты ашып көрсету болды. Бұл іс мақалалар жариялау арқылы да, орталықта болсын, одақтас республикаларда болсын тіл мәселелеріне арналған кеңестер өткізу арқылы да жүргізіліп жатты. Бұлай болуы табиғи да еді. Өйткені 20—25 жыл бойы тамырын терең жайып, барлық оқу орындарында ғылыми зерттеу мекемелерінде үстем болып әбден қалыптасқан, жас лингвист ғалымдар санасынан берік орын алған көзқарастың зиянды жақтарын талдап ашып, көз жеткізбейінше, совет тіл ғылымын жаңа арнада дамыту мүмкін емес еді.

Осы жұмыспен қатар қолға алынған тағы бір маңызды мәселе «Тіл туралы жаңа ілім» үстем болып тұрған кезде көпшілікке теріс түсіндірілген салыстырмалы-тарихи әдістің шын сипатын, тіл зерттеуде тигізетін пайдасын, оны қолданудың жолдарын саралап түсіндіру болды. Бұл бағытта жазылған көпшілік қолды біраз мақалалармен қатар А. В. Десницкаяның «Үнді-европа тілдерінің туыстастығын зерттеу мәселелері» (1955) мен бірнеше авторлардың бірігіп жазған «Үнді-европа тілдерін салыстырмалы-тарихи жолмен зерттеу методикасының мәселелері» (1956) атты екі монографиялық зерттеу жарық көрді. Ол кезең үшін мұндай еңбектер қажет еді.

  1. Даму жолында кездескен үлкенді-кішілі қайшылықтарға, сәтсіздіктерге қарамастан совет тіл білімі бүкіл әлемдік тіл білімінің даму тарихына елеулі үлес қосып отырды. Совет лингвистері ең алдымен, тіл біліміне жаңа философиялық принцип — диалектикалық материализм принципін енгізді. Бұл принципті тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеуде қалай қолданудың жолын, үлгісін көрсетті. Осы принцип негізінде тіл мен ойлаудың тіл мен қоғамның байланысы жөніндегі проблемаларды жаңаша қойып, қайта қарады. Көп ұлтты совет халықтарының тілдерін зерттеуде, олардың типологиялық ерекшеліктерін айқындауда совет лингвистері ұлан-ғайыр жұмыстар істеді: ондаған халықтардың жана алфавиті жасалды, олардың дыбыстық грамматикалық құрылымдарын айқындауға арналған жүздеген сипаттама және ғылыми грамматикалар, салыстырма, тарихи грамматикалар алуан түрлі сөздіктер жасалды. Солар арқылы жалпы тіл білімін құрылымы жағынан алуан түрлі тілдердің жаңа фактілерімен байыта түсті.

Елуінші жылдардың аяқ кезінен бастап совет тіл білімінің теориялық проблемаларына, оның даму перспективаларына арналған бірсыпыра еңбектер жарияланды. Еліміздегі сан алуан ұлттар тілдерінің даму заңдылықтарына, олардың өзара жақындасу, бір-біріне әсерін тигізу проблемаларына байланысты мәселелер де соңғы кездерде кең көлемде зерттеле бастады. Осылармен қатар, бүкіл әлем тілі көлемінде соңғы 40—30 жыл шамасында пайда болып, қызу айтыстар туғызып жүрген әр түрлі лингвистикалық мектептер (структуралық, математикалық) совет лингвистері арасынан да қолдаушылар тауып, пікір таластарын туғызды.

Қазіргі совет тіл білімі әлем тіл білімі алдында тұрған күрделі проблемаларды шешу ісіне өз үлесін қоса бастады. Тілдің құрылымы, жүйесі, тілдің таңбалық сипаты, ішкі, тысқы лингвистикалық факторлардың тіл өмірінде алатын орны, тіл зерттеудегі сандық және сапалық тәсілдер, тілдердің грамматикалық құрылысы мен типологиялық классификациясы мәселесі; тіл мен ойлау; тіл мен қоғам; тіл мен мәдениет, тілдердің даму заңдылығы т. б. осылар сияқтылар қазіргі совет лингвистикасы алдында тұрған күрделі теориялық проблемалар болып табылады.