Орта ғасыр тіл білімі

  1. Орта ғасыр тіл білімі. Орта ғасыр — адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір. Европа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөлуге болады: а) III—V ғасырлар арасы. Бұл — құлдық дәуірінің ыдырап, феодалдық қоғамының құрыла бастаған кезеңі. ә) VI—X ғасырлар аралығы. Бұл — феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы. б) XI— XVI ғасырлар аралығы. Бұл — феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта қайта өркендеу дәуірі деп аталатын кезең.

Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі — әр түрлі діндердің туып, дүние жүзілік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.

  1. Дүние жүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүндет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Жергілікті халықтар ол тілде жазылған аят-хадистарды мағынасын, тілін түсінбесе де жатқа біліп, құдайға құлшылық ететін дұға ретінде айтуға міндетті болды. Бұл тіл лингвистикада канондық тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен катар канондық тілді де қолданды. Канондық тіл бірден-бір дүрыс тіл деп жарияланды да, әр халыктың өз ана тілі, сөйлеу тілі, теріс тіл, пендешілік тілі деп саналды. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы—қүранның тілі болды. Европа халықтары үшін канондық тіл — латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жеке тілдер грамматикасы да латын тілі грамматикасы негізінде сөз больш, соның үлгісіне түсірілді. Латын тілі грамматикасы барлық тілдерге бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ құрал деп есептелінді. Сондықтан грамматика деген термин латын тілі грамматикасы деген ұғыммен тең болды. Жалпыхалықтық сөйлеу тілі ескерілмеді. Сөйлеу тілі фактілерін зерттей отырып, жасалатын теориялық тұжырымдардың орнына библейлік жорамалдар, діни нұсқаулар бұлжымайтын заң ретінде қолданылды. Сөйтіп, орта ғасырлық Европа грамматика іліміне айтарлықтай ештеме қоса алмады. Солай бола тұрса да орта ғасырдағы грамматикалық ой-пікірдің бір мәнді жағы бар: ол кейінгі заманғы европалық лингвистиканың сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Европа халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізген «қайта өркендеу дәуірінің» өзі де орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын. Сондықтан кері тартпа діни қырсықтарына қарамастан орта ғасырды прогресс үшін, ғылым үшін құралақан болды деу жөн емес.

Зерттеудің өзіндік жаңа жүйесін жасай алмағандарымен, қолтума еңбектер бермегендерімен филологиялық, грамматикалық мәселелермен орта ғасырда шұғылданушылар аз болған жоқ. Олардың баса назар аударған бір мәселесі — көне канондық жазбалар тілінің өзіндік нормасын өзгеріссіз сақтау, кейінгі заман жазба тілін көне канондық тілмен үйлестіру, олардың арасындағы алалықтарды бір ізге салу сияқты нормалаушылық жүмыстар болды. Бұл жұмыстарында олар антикалық қоғам қалдырған грамматикалық, поэтикалык, риторикалық, логикалық тұжырымдарға сүйенеді, соларды басшылыққа алады, бұларды жатталатын пән ретінде оқу орындарында оқытты, оларға да канондық сипат берді.

Канондық жазбалар мен қатаревропахалықтарының біразында жазба жұмысы мен әдебиет едәуір дамыды. Тек ежелгі дәуірден сақталған жазба тілі ғана емес, сөйлеу тілі материалдарына да көңіл аудару, оған мән беру фактілері байқалады. Құдайға қүлшылықты пәрмендірек жүргізу мақсаты — канондық тілдерде жазылған туындыларды жергілікті халық тіліне аудару ісін дамытады. Бұл жағдайлар жергілікті тілдерді зерттеу, нормалау, олардың грамматикаларын жазу талабын күн тәртібіне қояды. Сейтіп, VIII ғасыр мен XV ғасырлар арасында ирланд, исланд, француз, испан, итальян, ағылшын т. б. тілдердің грамматикалары жарық көреді.

  1. Грамматика мәселелерімен қатар ежелгі дәуірден келе жатқан зат атауларының табиғаты жөніндегі мәселе де ескерусіз қалмайды. Оны сөз етушілер бұл дәуірде де екі лагерьге бөлінеді. Оның бірі — реалистер, екіншісі — номиналистер деп аталады. Реалистер заттар жөніндегі жалпы ұғым — ақиқат, ол алғашқы, зат соңғы деген идеалистік бағытты ұстанады. Номиналистер керісінше, зат болмаса, ол туралы ұғым да болмайды, сондықтан ақиқат нәрсе — зат, ол алғашқы, ал зат туралы ұғым соңғы деген материалистік бағытты уағыздайды.