Тіл білімінің теориялық мәселелері

  1. Тілдің анықтамасы. Қазақ «тіл» деген сөзді екі мағынада (анатомиялық атау, сөйлеу, дыбыстау тіл мағынасында) қолданады. Тіл білімінде бұл сөз соңғы мағынаға ие.

Дыбыс тілі дегеніміз не? Деген сұрауға тіл білімі тарихында берілген жауап көп. Біреулер тілдің физика-физиологиялық жақтарына шешуші мән беріп, оны биологиялық құбылыс десе, екіншілері, психологиялық жағын көтермелеп, психикалық, үшіншілер, әлеуметтік құбылыс деп қарайды.

Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы дейтін жалпы анықтама.

Совет тіл білімінде тілне берілген анықтамалар марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлеріне негізделеді. Онда тілдің коммуникативтік қызмет де, экспрессивтік қызметі де ескерілген. Коммуникативтік қызметі жағынан алғанда “Тіл-адам қатынасының аса маңызды құралы” (В.И.Ленин). Ал экспрессивтік қызметі жағынан алғанда, “Тіл – ойдың тікелей шындығы… практикалық шын сана” (К.Маркс), ойды қалыптастырып жарыққа шығарушы құрал. Тілдің бұл екі функциясы айрылмастық бірлікте, бірінсіз бірі жоқ.

Қатынас құралы болу-тілдің ең негізгі қызметі. Тілдің басқа белгілерінің, қызметтерінің барлығы да осы негізгі қызметке тәуелді. Тілдің ең кіші бөлшегі фонемадан бастап, ең күрделісі сөйлемге дейінгі барлық элементтері де бір ғана қажеттіктен, қатынас жасау қажетінен туған және осы мақсатқа қызмет ету процесінде бірте-бірте жетіліп, жаңарып отырған. Тілдің мән-мағынасы, қасиеті, өзіндік сипаты-оның коммуникативтік қызметінде. Тілдің ойлаумен, қоғам өмірімен қарым-қатынасын да, өзіндік даму заңдылығын да оның қызметінен іздеу керек. Егер тіл адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқарып тұрса, ол тірі тіл делініп, ондай қызмет атқарудан қалса, өлі тіл деп аталады. Тілне оның сипатына, құрылымына қарай беріліп жүрген анықтамалар ішінде тілді таңбалар жүйесі, семиотикалық жүйе дейтін анықтама да бар. Тұтас алғанда тіл таңбалар жүйесі, семантиакалық таңбалар бір жақты, тек материалдық көрсеткішпен мағына бірлігінен тұрады. Сондықтан ол семантикалық таңбалар бөлек, онда тек таңбалық кейбір сипат қана бар.

  1. Тілдің табиғаты мен мәні. Тілдің табиғаты дегенде оның қандай құбылыстар қатарына (қоғамдық, табиғи, психофизикалық) қосылатыны қайсысына қосылса да оның себебі, дәлелі де болмақ дейтін мәселелер жатады. Оларды шешуде әр түрлі көзқарастар болды. Лингвистика тарихында натуралистік мектеп деп аталатын бағыттағы ғалымдар тілді биологиялық құбылыс-демалу, қоректену, жүріп-тұру сияқты адам организміне тән, жаратылыстан берілген биологиялық қасиет деп санады. Бұлай болғанда тіл атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырылуы керек. Бірақ өмір тәжірибесі тілдің тұқым қуалайтын биологиялық қасиет емес екендігін, тілді адам баласы өмірден, өзін қоршаған қауымнан үйренетіндігін көрсетеді. Қандай халыққа, қандай нәсілге жататындығына қарамастан жас баланың өзін қоршаған қауым қай тілде сөйлесе, сол тілде сөйлеп кететіндігі тілдің биологиялық құбылыс еместігін білдіреді.

Тілдің шығуы туралы Ежелгі Грецияда туған, ХҮІІ-ХVIII ғасыр ойшылдары тарапынан қолдау тапқан келісім теориясының өзі де, белгілі шамада тілдің әлеуметтік сипатын мойындағандық. “Тіл – қоғамдық құбылыс” деген тезисті ұсынбағанмен, тілдің қоғам өмірімен байланыстылығы, қоғамдағы орны, ролі деген мәселелермен ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті лингвистердің тілдің әлеуметтік сипатына ерекше мән берулеріне түрткі болды. Бұл мәселеге Н.Я.Марр мектебі де ерекше мән берді. Соған қарамастан тіл мен қоғм арасындағы қатынас күні бүгінге дейін тіл біліміндегі күрделі проблема болып келеді. Дегенмен бұл салада қол жеткен табыс, талас туғызбайтын тұжырымдар жоқ емес.

  1. Тіл қоғамдық құбылыс. Тіл қоғам қажетін өтейтін, қоғамға қызмет ететін қоғамдық құбылыстар қатарына жатады. Оның себебі тіл қоғам үшін, қоғам мүшелерінің пікір алысып, өзара түсінісуі үшіг керек. Пікір алысу, сөйлесу қоғамдасқан адамдар бар жерде ғана болады, адам жоқ жерде тіл де жоқ. Адам қоғамы қашан туған болса, тіл де сол кезеңде пайда болған. Қоғамсыз тіл, тілсіз қоғам болмайды.

Барлық қоғамдық құбылыстар сияқты тіл де қоғам мүддесіне қызмет етеді, қоғамдық қажеттілікті өтейді. Қоғамдық қызметтерінің сипатына қарай әр қоғамдық құбылыстың өзіне ғана тән өзгешелігі болады. Сондай өзгешелік тілде де бар.

Тілдің қоғамдық қызметінің өрісі өте кең, тіпті шексіз дерлік. Бұл жайынан ол басқа қоғамдық құбылыстардың бәрінен: өндірістен, техникадан, ғылымнан, ойлаудан, базис пен қондырмадан да ерекше. Басқа қоғамдық құбылыстар қоғамға қызмет еткенде тек белгілі бір салада, бір бағытта ғана қызмет етеді.

Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі белгісі – қоғамдық сананы білдіретіндігі. Қоғамдық сананы қоғамға қызмет ететін басқа құбылыстар да, белгілі шамада көрсетуі мүмкін. Бірақ олардың бірде-бірі дәл тілдей толық, жан-жақты көрсете алмайды.