Абай дәстүрі және оның қазақ поэзиясындағы жалғастығы

  1. Абай поэзиясы — ұлы ақын өмір сүрген замандағы қоғамдық: өмірдің ең күрделі, ең жанды мәселелерін қозғаған, толғаған, поэзия. Қазақ топырағында адамгершілік пен әділдікті, еңбекті, өнер мен ғылымды қастерлеген басқа да ақындар аз болған жоқ. Бірақ Абай шығармаларының қазақ әдебиеті, мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өресі биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абай поэзиясының ішкі рухы мен көрініс-көркі, сипаты мен сыны бұрын әдебиетте дәл мұндай дәрежеде көрінбеген жарасымды жаңалық танытады.

Ақын поэзиясына осындай қуат-күш, көркемдік сәулет беріп тұрған — оның шығармасында қазақ халқының бүкіл өмірінің, әсіресе сол дәуірдегі қоғамдық өмірінің, шындығы терең бейнеленуі және оларда әдебиеттегі ұлттық көркем ой, өмір құбылыстарын сөзбен бейнелеу, мүсіндеу шеберлігінің жарқырап көрінуі. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі қоспасы жоқ саф таза халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен, тартымды, тыңдығымен құнды.

  1. Ұлы ақынның шығармаларында ойшылдық пен суретшілдік ажырамас бірлік тауып, аса маңызды қоғамдық, адамзаттық, халықтық мәселелерді терең толғайтын жаңа сапалы поэзияның тууына негіз болды.

Қазақ әдебиеті реалистік жазба әдебиет үлгісіндегі нағыз лирикалық туындылардың жаңа түрлерімен молықты және осының өзі Абайдың ұлттық поэзиямыздағы ой-сезім жүйесін шексіз байытып, сөздің мағыиалық, суреттілік қуатын арттыруына, тіл ұстартуына зор мүмкіншілік туғызып, бұл салада ақынның өнімді жаңалық табуына жол ашты.

  1. Қазақтың өлең тілін дамытуға Абайдың қосқан үлесі айрықша бағалы екенін әдебиет зерттеушілер әр кез мойындап, жаи-жақты дәлелдеп айтып келеді. Осы мәселені арнайы тексерген Қ.Жұмалиевтың мына бір қорытынды пікіріне назар аударалық: «…Қазақтың өзіне дейінгі тіл байлығын, шығыс, орыстың клас­сик поэзияларының үлгілерін меңгере отырып, қазақтың әдеби тіліне өзіне дейінгі әдебиеттерде қолданылмаған жаңа сөз, жаңа сөйлем құрылыстарын енгізді.

Әйтсе де, Абай тіл жөніндегі енгізген жаңалықтарының негізі етіп жасалынды жаңа сөздерді емес, жаңаша сөйлем құрылыстарын алды. Бұрынғы әдебиеттерде қолданылмаған, бірақ қазақтың жалпы тілінде бар сездердің жақсыларын теріп, өлеңдеріне кіргізіп… өзінің тілдегі жаңашылдығының иегізгі тірегі етті».