Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы пәнінің зерттеу нысаны

1.Тіл дамуының маңызды шарттарының бірі – тілдерді оқыту мен қызмет аясын кеңейту бүгінгі заман талабынан туындап отыр. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы арнайы пән болып, жоғарғы оқу орындарында ғылыми курс ретінде өтіліп жатқанына да біраз жылдың шамасы болды. Университеттің қазақ филологиясы факультетінің, қазақ, түрік, азербайжан бөлімдерінде оқу жоспарына сәйкес арнайы сағат бөлініп өткізіліп келеді.

Салыстырмалы грамматиканың мақсаты – түркі тілдері, олардың жалпы сипаты, жеке түркі тілдерінің өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты, терең қарастыру. Студенттерге түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының тақырыптары мен мазмұны бойынша ғылыми негізде, жүйелі білім алуына бағыт беретін, туыстас тілдерінің ерекшеліктерінен кең түрде мәлімет алуларына жағдай туғызу. Ол тіл біліміне қатысты басқа пәндер секілді болашақ білімді де, білікті тіл мамандарын ғылыми-теориялық тұрғыдан терең қаралуына мүмкіндік береді. Ғылыми көзқарастар мен тұжырымдамалардың негізінде түркі тілдерін зерттеу – сол халықтардың тарихымен тығыз байланыста жүргізілуге тиіс. Қай халық болмасын өзінің тілін, әдебиетін, этникалық тарихын жете білуді мақсат етеді. Соны танып-білудің бір жолы – тілдерді салыстыра отырып тану.

Студенттерге түркі тілдерінің зерттелу тарихынан, олардың топтастырылуынан (классификация), жіктелуінен, әр түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерінен мәлімет беру, оларды бір-бірінен ажырата білуге үйрету. Тілдік туыстық ерекшеліктерін анықтау – салыстыра оқу, зерделеу арқылы іске асады. Салыстыра оқу, зерттеу қатаң заңдылыққа бағынады. Сонымен қатар жалпы түркі тілдерінің ортақ заңдылықтарымен бірге, оларды басқа тілдік жүйедегі тілдерден ерекшелейтін белгілерін жан-жақты қарап, талдау.

  1. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының негізгі нысаны — түркі тілдерінің грамматикалық құрылысы. Түркі тілдерінің жүйесіне тән оларды өз алдына жеке топтастыру ретінде ерекшелейтін белгілер: 1. Фонологиялық ерекшеліктері. 2. Морфологиялық ерекшеліктері. 3. Лексикалық қабаты. 4. Синтаксистік құрылысы.
  2. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен қазіргі түркі тілдерінің синхрондық жағдайын білу үшін, кей тұста сөздің архитипі мен архисемасына талдау жасалынып, оны бүгінгі қалыптасу жағдайларындағы себебін (мотивін) шешу үшін, міндетті түрде түптөркін зерделеуді тарихи-салыстырма әдіс негізінде түсіндіруді міндет етеді. Сондықтан түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы курсында сөздердің дыбыстар жүйесінде болған тарихи өзгерістерді, тілдің лексикалық қабатындағы ерекшеліктерді, грамматикалық құрылысындағы өзгерістерді тексеру керек болады. Студенттерге жоғарыда аталған туыстас тілдердің тарихи дамуы мен ерекшеліктерінен, заңдылықтарынан хабардар болады. Ол тілдік деректерді салыстыру арқылы жүреді. Түркі тілдерінің тілдік деректерді міндетті түрде қазақ тілінің тілдік деректерімен салыстырылып берілуі тиіс.

Бақылау сұрақтары:

  1. Батыс ғун тілдері туралы мәлімет.
  2. Шығыс ғун тілдері туралы мәлімет.
  3. Түркі халықтары тілінің зерттелу мәселесі.
  4. Түрктер қолданылған әліппелер.