Грамматикалық тәсілдер меғн формалар және олардың мағыналары

  1. Грамматиканың әрі өте маңызды, әрі күрделі мәселелерінің бірі – грамматикалық форма туралы мәселе. Грамматикалық форма туралы ұғым грамматикалық мағына және грамматикалық тәсіл туралы ұғымдармен тығфз байланысты. грамматикалық мағына белгілі бір грамматикаылқ формамен айтылады. Ал грамматикалық тәсіл грамматикалық мағынаны грамматикалық форма арқылы білдірудің жолы болып саналады. “Грамматитикадағы форма, өз ара бірлікте болатын грамматикалық мағына мен грамматикалық тәсілдің ара қатысы”. Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық форма мен грамматикалық мағына, бір-бірімен тығыз байланыста борлады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана, грамматикалық мағына жайында сөз ете алмаймыз. Керісінше, белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажет. Мысалы, Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал (мақал) деген сөйлемдегі ана сөзі ілік септік формасында келіп, меншіктеуші мағынаны білдірсе, сүт сөзі тәуелдік формада келіп, меншіктелуші мағынаны білдіреді.
  2. Грамматикалық категория туралы ұғым грамматикалық мағына мен грамматикалық форма туралы ұғымдармен ұштасып жатады, олармен әрқашан тығыз байланыста болады. Бұлай дейтініміз мынадан: 1) грамматикалық мағына грамматикалық категориядан тыс, оған байланыссыз өмір сүрмейді, қайта оның элементі ретінде грамматикалық категорияның құрамында өмір сүреді; 2) грамматикалық категория грамматикалық форма мен тығыз байланысты. Қандай бір грамматикалық категория болсын, ол біртектес грамматикалық мағыналарды білдіріп, кемінде екі түрлі формада көрінуі шарт. Мұнсыз бірде-бір категорияның болуы мүмкін емес. Мысалы, бір ғана септіктің формасы немесе бір ғана грамматикалық жақтың формасы өздігінен септік категориясын да, жақ категориясын да құрай алмаған болар еді. Белгілі бір тілдегі септік категориясы туралы сөз ету үшін, ол тілде, мысалы, ілік септігінен басқа барыс, шығыс септіктері және т.б. септіктердің болуы шарт. Сонда ғана септік дербес грамматикалық категория ретінде таныла алады. Грамматикалық жақ категориясы туралы І жақтан басқа ІІ жақ, ІІІ жақ болғандықтан ғана әңгіме ете аламыз. Сын есімнің шырай категориясы туралы да осыны айту қажет. Шырай категориясы бір ғана жай шырайдың грамматикалық мағынасы мен формасы құрылуы, әрине, мүмкін емес. Сын есімнің шырай категориясы оның мазмұнына енетін жай шырай, салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырайдың мағыналары мен формаларының жиынтығынан құралады.
  3. Қандай бір грамматикалық категория болсын, оның жалпылаушы сипаты болады. Грамматикалық категория біртектес грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Ал “ біртектес грамматикалық мағыналар” дегеннен әр басқа емес, өз ара шарттас, ыңғайлас, бір сипаттағы грамматикалық мағыналарды түсінеміз. Мысалы, грамматикалық шақ категориясы осышақ, өткен шақ, келер шақ түрінде көрінгенімен, шақтың аталған түрлерінің мағыналары — әр тектес, әр сипаттағы мағыналар емес, біртектес мағыналар, әйтеуір шақтық мағыналар. Біртектес, бір сипаттағы шақтық мағыналар әр түрлі грамматикалық формалармен берідіп, жалпы грамматикалық шақ категориясы ретінде ұғынылады. Демек, дара грамматикалық мағынаны білдіретін бір ғана форма немесе әр сипаттағы грамматикалық мағыналарды білдіретін формалар емес, біртектес, өз ара ыңғайлас грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығы грамматикалық категория деп танылады.