Лексикография.

  1. Лексикогрфиялық жұмыстарды жүргізіп, әр түрлі сөздіктерді жасау лексикологияны және лексикогрфияның теориясы мен практикасын жете білуді қажет етеді.

Лексикография теориясы әр түрлі сөздіктерді жасау жұмыстарының тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде және лексикологиялық зерттеулер мен олардың жетістіктерін таяныш етудің негізінде жасалады. Сөздіктерді жасау жұмысында, олардың сапасын арттыруда лексикография теориясының маңызы ерекше. Сөздіктің сапасы лексикогрфия теориясының дәрежесі неғұрлым жоғары болса, сөздіктер де соғұрлым мазмұнды, соғұрлым сапалы болмақ. Сөздіктердің сапасын арттыру сөздік жасау жұмысына қатысты көптеген теориялық және практикалық мәселелер жайында зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Олардың ішінде айрықша назар аударатын мәселелер мыналар: сөздің лексикалық мағыналарының типтері, мағына мен қолданылыс, сөз мағыналарының сөздікте берілу тәртібі, полисемия құбылысы мен омонимия құбылысының айырмашылығы, фразеологиялық сөз тіркестерінің сөздікте берілу принциптері, сөздікке кіретін туынды сөздердің түрлері және олардың аумағы мен шегі сөздерге берілетін анықтама мен стилистикалық мінездеме және т.б.

Сөздіктерде сөздерге әр түрлі жақтан сипаттама беріледі. Осыған орай, лексикографиялық жұмысқа тіл білімінің әр түрлі салаларының, мысалы, лексикологияның, грамматиканың және стилистиканың сөздерге мінездеме беру тұрғысынан қатысы келіп туады. Мысалы, сөздің мағыналық жағы түсіндірме сөздікте де, аударма сөздікте де маңызды мәселе болып саналады. Оларда сөз, ең алдымен, мағыналық жақтан талданып, анықталады. Осыдан сөздің мағынасын, мағыналық түрлерін қарастыратын семасиологияның лексикогрфиямен тікелей байланысы келіп туады. Сөздікті құрастыруда сөздерге грамматикалық мінездеме беру де қажет болады.

  1. Сөздердің грамматикалық тұрғыдан қандай лексика-грамматикалық топқа қатыстығы сөздікте тиісті белгілер арқылы көрсетіледі. Сөздік құрамның ішінде белгілі бір стильге тән, соған телінген сөздер де болады. Осыдан сөздіктерде ондай сөздердің қай стильге тән екенін аңғартатындай белгілерді берудің қажеттілігі келіп туады. Мұның өзі тілдің лексикасының стилистикалық жақтан дифференциалануын зерттеп, лексикадағы стильдік топтар мен тармақтарды айқындаудың нәтижесінде ғана іске асады. Осы мағынада стилистика да лексикографикалық жұмыста көмекші қызмет атқарады.

Сөздіктерді төрт түрлі топқа бөліп қарауға болады.

Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға жататындар: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.

Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.

Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуытуралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.

Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Энциклопедилық сөздік. 2. Иллюстративті сөздік.

Лексикографиялық жұұмыстар жүргізу үшін лексикографияның теориясы мен практикасын жете білу кереек. Мұнымен бірге, лексикографиялық жұмыс лексикографтардан лексикологияны, оның семасиология, фразеология, этимология атты салаларын білуді қажет етеді. Лексикографиялық жұмыс жүргізу үшін стилистика мен грамматика мәселелерін де жете меңгеру қажет.