Киім-кешек атаулары

Адам өмірінде киімнің атқаратын қызметі елеулі екені баршаға мәлім. Киімді дұрыс кию мәдениеттіліктің белгісі болса, адамды суықтан, ыстықтан қорғауда да маңызы бар. Адамзат тарихында киім-кешектің сан алуан түрлері болды. Киімнің атаулары да өзінде талай тарихи дәуірдің сырларын сақтап келе жатқаны анық. Киім-кешек атаулары жергілікті ерекшеліктерде де орын алған.

Ақманар шапан – жібек шапан. Осы күні ақманар шапан таппайсың.

Ату-мәсі. Менің атуым хромнан жасалған. Диалектологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл сөз Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казтоловка аудандары тұрғындарының тілінде ұшырайды. Түркі тілдерінің ішінде бұл сөз ноғай тілінде сатув түрінде кездеседі. Бастырма-түйме. Бұл костюм, палтоға тағатын түйменің үлкен түрі. Жайық бойындағы қазақтарда бастырма сөзі осы мағынада жұмсалады. Түркменстан қазақтары тілінде бұл сөз кәжекей өңірін бастыратын алтын жалатқан әшекей мағынасында қолданылады. Бақалақ — шымылдық ілінетін ілмек. Биялай – қолғап. Батыс Қазақстан облыстарының Чапаев, Жымпиты аудандары тұрғындарының тілінде бұл сөз әдеби тілдегідей қолғап болып айтылады. Байпақ – пима. Қолдан басқан байпақ жылы болады. Жағлан тыс – плащтың капюшоны, бас киімнің сыртынан киілетін киім. Орынбор қазақтары тілінде жалбай болып айтылады. Жаулық – орамал. Ақ жаулығы жалпылдап, апашым малға барар ма? (Шу). Оңтүстікте де солай. Көкшетаудың кейбір ауданында жаулық-кимешек десе, Орынбор қазақтарының тілінде шаршы дейді. Жаулығыңды қалтаңа салып ал. (Сарыарқа). Жылауыш – ақ орамал. Жылауышты сәукеле сыртынан тартады. (Шу). Абай, Шұбартау аудандарында шылауыш дейді.

Жайма – көрпеше. Жаймасын жайды да, ішке кіріңіз, — деді. (Астрахань).

Жатақ – тақия. Магазинде жатақ сатып алдым. Орынбор қазақтарының тілінде және Ақтөбенің Ырғыз ауданында бұл сөз төбетей. Арыс сөйленісінде топы сөздері, Көкшетау облысының Қызылту ауданында тебей, Семей облысы Абай, Шұбартау аудандарында қама деп атайды. Волгоград сөйленісінде кләпәш дейді. Кләпәшімді қайда қойғанымды білмей іздеудемін. Маңғыстау сөйленісінде жапатай-елтірі құлақшын, кейде итқұлақ деп те атайды. Жорған – көрпе (қалмақ). Жорғаныңа қарай аяғыңды соз. Жорған, Батыс Қазақстанның кей ауданында жуырқан түрінде кездеседі.