Қазақ тіліндегі аффрикат дыбыстар

Шұғыл және ызың дауыссыз дыбыстардың элементтерінен құралған дыбыстар: орыс тілінде тіл алды аффрикаттар: ц (т+с), ч (т+шь), неміс тілінде: pt (pterd). ц, ч – аффрикат фонемалар. Өйткені бұлардың әрқайсысы екі элементтен тұрады: ц фонемасында т,с элементтері болса, ч – фонемада т, шь элементтері бар; бұл элементтердің механикалық қосындысынан барып, ц, ч жасалды деп түсінбеу керек: ц-дегі т, с, ч-дегі т, шь элементтері озара өте тығыз байланысты болып, айрықша жымдасқандықтан бұл элементтер дара айқын айтылмай, шоғырланып, бір кесек фонеманың ішіне еніп, тұтас бір бірлік (единица) түрінде естіледі. Аталған екеуі де қатаң фонемалар тобына жатады; ц – қазақтың айтуында тіл ұшы үстіндегі күрек тіске нық тиіп, шапшаң айтылады (екі мүше бұл фонеманы айтқанда бірден кілт ажырап кетуі арқылы жасалады), ал ч тіл ұшы альвеольға (үстінгі қызыл иекке) тиюі арқылы айтылады; бұл фонеманың да жасалу жолы ц-мен бірдей; сондықтан ц, ч — әрі қосынды (аффрикат), әрі шұғыл фонемалар. Бұл екі фонема орыс тілі арқылы келген сөздерде ғана жазылады.

Қазақ тіліне орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден жаңа сөздер ене бастағандықтан, осы күнгі қазақ әдеби тіліне жаңа дыбыстар ене бастады. Орыс графикасына негізденген жаңа алфавит қабылдағаннан бастап, қазақ тілі консонантизміне жаңа фонемалар ене бастауының негізгі бір жолы осы жаңа жазу болып табылды. Орыс графикасының негізінде қазақтың әдеби тіліне в, ф, ч, х тәрізді фонемалар енді. Бұл аталғандардан ф, х ертедегі әдеби тілімізде кездескенмен, әдеби нормаға ене алмаған еді. Аталған фонемалардың алдынғы екеуі тіспен ерін (дентилабиаль) дауыссыздарына жатады; мұның екеуі дефрикатив (ызың дыбыстар): в – ұяң, ф – қатаң.

Жаңа графикаға дейінгі жазуларымызда ч дыбысына да арнаулы әрпіміз болмайтын. Бұл дыбыс – қазақ тілі говорларында бұрыннан келе жатқан дыбыс екендігі айқын нәрсе. Жетісу және шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында қазақтардың ауызекі тілінде ч сөздің анлаутшебінде (позицияда) өте жиі ұшырайды, мысалы, шал, шана, шағала сияқты сөздер бұл өлкенің қазақтарында чал, чана, чағала түрінде айтылады, бұл дыбыс сол говорларда дауыссыздан кейін де кездеседі (мысалы, малчы, әнчі, онча-мұнча). ч— интервокаль позицияда кездеспейді деуге болады. ч- дыбысының жасалу орны жағынан қазақ тілінде аффрикат ж дыбысынан айырмасы жоқ, демек, артикуляциялық жолы жағынан ч- дыбысы да, ж дыбысы да – аффрикат дыбыстар.

Қазақ тілі үшін өте тың жаңа фонема – ц болып есептеледі. Мұның жасалу орны ч фонемасынан бөлек: ч-ні айтқанда тіл ұшы альвеолға тиеді де, қазақтың айтуында ц тіл ұшы үстінгі күрек тіске барып соқтығуы арқылы жасалады. ц үнді дыбыстан кейін с болып айтылады: Франсия, стансия.