Этимология және оның зерттеу нысаны

Орыс лингвистикасы бұрынғы әдебиеттерінде морфологияны этимология деп те атаған. Сөздің этимологиялық тегі деудің орнына этимон, прототип, праформ, архетип – деп те қолданылған. Бұл ғылым сөздің тегін, шығу төркінін тексеруі арқылы тіл тарихына жәрдемдеседі, бірақ тілдің тарихын зерттей алмайды. Этимология көбінесе сөздердің шығу тарихы туралы, сөздіктер жасағанда, түсіндірме сөздік құрастырғанда, кейбір тіл фактілерін түсіндіруде сөздердің дамуын барлауда аса маңызды орын алады. Мысалы, қызғылт дегендегі ғылт формасы ғыл және т деген екі жұрнақтан құралған. Мұның т деген жұрнағының толық түрі тым деген форма екенін қыз-ғыл-тым, аш-қыл-тым деген сөздердегі -тым деген жұрнақтан туғанын көреміз. Оның бержағында бұл мысалдағы тым энклитика болса, тым қызыл, тым қызғылтым, тым ашқылтым дегендегі тым формасы проклитика болатын элемент.

  1. Сол сияқты, жамау-жасқау дегендегі жасқау – монғол тілінде жамау деген жеке сөз (Г.Д.Санжеев. Монгольско-русский словарь). Жора-жолдас деген сөздің мағынасында қолданылады. Сөз этимологиясын айқындау өте күрделі де қиын мәселе болып есептеледі. Дегенмен, сөздердің шығу төркінін анықтаудың қиындығы барлық сөздерге қатысты емес. Тіл – тілдің сөздік құрамында шығу тегі, жасалуы айқын аңғарылып тұратын сөздер де, шығу тегі күңгірт, осыған орай, арнаулы этимологиялық зерттеуді керек ететін сөздер де кездеседі. Басқыш, сүзгіш, қолтық деген туынды сөздердің бас, сүз, қол деген түбір сөздерден сөз тудырушы аффикстердің (-қыш, -гіш, -тық) жалғануы арқылы жасалғандығы бірден аңғарылады. Осы туынды сөздердің жасалуына негіз болған бас, сүз, қол деген түбір сөздердің шығу тегін айқындау үшін, арнаулы этимологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
  2. Сонда туынды сөздердің этимологиясын айқындаудан гөрі түбір сөздерді этимологиясын айқындау әлдеқайда күрделі болмақ. Алайда, туынды сөздердің бір түрі – күрделі сөздердің ішінде этимологиясы айқын аңғарылып тұратын сөздер де әр түрлі дыбыстық өзгеріске ұшыраудың нәтижесінде этимологиясы күңгірт тартқан сөздер де кездеседі: қолқап деген сөздің қол және қап деген сөздердің бірігуінен жасалынғаны қаншалықты анық аңғарылса, ашудас дегеннің ашу және тас деген сөздерден жасалғаны да соншалықты айқын аңғарылады. Ал Қарақат, тоқсан, сексен (бұлардың әрқайсысы екі түбірдің бірігуінен жасалған) деген сөздердің этимологиясын айқындау жоғарыда айталған сөздердің этимологиясын айқындаудан әлдеқайда күрделі. Қарақат сөзінің қат сыңары ойрат, тува тілдерінде және хакас тілінің диалектісінде “жеміс” деген мағынаны білдіреді. Демек, қарақа қара және жеміс мағынасын білдіретін қат сөздерінің бірігуінен жасалған. Қазақтар қарақатты “қара жеміс” деген мағынада емес, жемістің бір түрі , соған қойылған ат ретінде түсінеді.
  3. Қазақ тіліндегі сексен, тоқсан деген сан есімдер сегіз және он, тоғыз және он деген сөздерден кірігіп кетуінен жасалғандығы байқалады. Сексен деген сөздің құрамындағы он деген сөздің ен болып өзгеруі алдыңғы сөздің құрамындағы дауысты дыбыстың әсерінен, атап айтқанда, оның жіңішке дауысты болып, өзінен кейінгі дауысты дыбысты өзіне бағындыруынан. Қазақша сегіз деген сөздің тува тілінде дыбысталуы сес. Қазақша он сегіз, туваша – он сес. Сегіз (сегіс) сөзі тува тілінде сөз ортасындағы дауыссыз дыбыстың түсіп қалуынан сес болып өзгерген. Ал қазақша сексен деген сөз тува тілінде сезен түрінде дыбысталады. Мұнда екі дыбыстың аралығындағы қатаң дыбыс (с) ұяңдап, з дыбысына айналған. Сегіз, он сөздерінің тува тілінде сезен, қазақ тілінде сексен болып өзгере кірігуі сөздің тілдің тарихи даму барысында фонетикалық өзгерістерге ұшырап, бастапқы тұлғасынан мүлдем басқаша болып кететіндігін аңғартады.