Сөздердің метафоралық қолданылуы

Сөз мағыналарының ауысуы, келтірінді мағынада жұмсалуы әр түрлі мағынада қолданылуы бірде метафора мен метонимия тәсілі арқылы болса, бірде қызметбірлігімен синекдоха тәсілдері арқылы болады. Метафора тәсілі арқылы атаудың (наименование) ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың атауы мен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора делінеді. Мысалы, орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі (А.) деген сөйлемдегі кілт сөзі “ашатын құрал” емес (бұл – оның негізгі мағынасы), “шешуші” деген мағынаны білдіреді. Бұл мағына — кілт сөзінің номинативті мағынасы (“ашатын құрал”) негізінде жасалған туынды мағына. Мәселенің кілті деген сөз тіркесіндегі кілт сөзінің мағынасы да осы аталған мағынамен барабар (“шешуші” дегенді білдіреді).

  1. Метафора тілдердің бәрінде де бар құбылыс. Метафоралық қолданыста сөздің лексикалық не ауыс мағынасы жойылып кетпейді. Олардың әр қайсысы өз алдына қолданылып жүре береді, сондықтан көз деген сөзді метафора етіп қолданғанда, оның бұрынғы мағынасы жойылып кетеді екен деп түсінбеу керек. Метафора көбінесе контекстік мағынада қолданылады: адамның беті – таудың беті, адамның көзі – иненің көзі, қарауыл — мылтықтың қарауылы, есіктің кілті – мәселенің кілті т.б. келтірілген мысалдарда көз, бет, кілт, қарауыл сөздері метафоралық мағынада қолданылған. Кейбір сөздердің метафоралық мағыналары кейде сөздердің тұрақты және өз алдына жеке мағынасына айналып кетеді де, лексиканың омонимдік қатарларын құрайды. Мысалы қабырға – үйдің қабырғасы, төбе (биік жер) – үйдің төбесі т.б. Сөздердің лингвистикадағы метафоралық қолданылуы мен көркем әдебиеттегі метафоралық қолданылуының арасында айырмашылық бар. Көркем әдебиетте, көбінесе, әр түрлі болмашы мәнді метафоралар қолданыла береді. Лингвистикада шек сөз мағыналары әбден ауысқан жағдайда ғана қолданылады. Қырғыз тілімен қазақ тілінде бел анатомиялық атау ғана емес, сонымен бірге асу (арқа, жон), таяныш, сүйеніш деген мағыналарыда қолданылады. Бел — таудың кез келген тұсы емес, оның арғы бетіне асып түсуге, өтуге қолайлы, анатомиялық белге ұқсас тұсы.
  2. Бұл сөздің “таяныш, сүйеніш” деген мағынасы “адам денесінің жоғарағы бөлігі тірелетін таяныш” мағынасындағы анатомиялық “белмен” ассоциация жасаудан туған.
    Түрік тілінде ачар сөзі:

1) кілт,
2) аппетит ашатын дәрі;

қарынжа сөзі:

1) құмырсқа,
2)темірдегі тоттың ізі;

қалп сөзі:

1) жүрек,
2)орта, орталық деген мағыналарды білдіреді.

Аталған сөздердің ауыспалы мағыналары метафора тәсілінің негізінде пайда болған.
Тіл – тілде сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішінде өте жиі кездесетіні және ең бастысы – метафора тәсілі.

Метафора құбылысының сөздің мағынасынан орын тепкені және әбден үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде туған қосымша мағынаның көп жағдайда туынды, келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді. Метафораның негізінде туған келтірінді мағына, әдетте, сөздің туынды мағынасы ретінде қалыптасып орнығып кетеді. Мұндайда метафораның негізінде туған мағына сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына еніп, оның туынды мағыналарының бірі ретінде қаралады. Мысалы, істің төркіні, мәселенің төркіні дегендегі төркін сөзін қыздың төркіні дегендегі төркін сөзімен салыстырсақ, соңғы мысалда бұл сөз “қыздың ата – анасы, туған — туыстары” деген мағынаны білдіреді де, алдыңғы мысалдарда “түп негізі, тегі, сыры, мәнісі” дегенді білдіреді.

Сонда бұл мағына (“түп негізі, тегі, төркін”) сөзінің негізгі мағынасымен іштей байланысты туған қосымша туынды мағына болып саналады да, осы сөздің қалыптасқан, орнықты лексикалық мағыналарының бірі ретінде ұғынылады.