Семасиологияның негізгі заңдары

Семасиологияны кейбір ғалымдар семантика деп те жүргені белгілі. Сөз мағыналарының көпшілігі семасиологияның белгілі заңдары бойынша жасалады. Семасиологияның басты заңдары: ұқсату заңы (метифоризация), функциональдық семантика заңы, бөлшектің бүтінге айналу заңы, мағынаның кеңеюі мен тараюы.

Бұл заңдар туралы орыс тілінде жазылған ғылыми әдебиеттерде әр түрлі көзқарастар бар.

Жоғарыда айтылған заңдар ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс тіл білімінде қолданылып, зерттеле бастаған. Орыс тіл білімінің көрнекті өкілдерінен: профессор В.Поржезинский өзінің өзінің зерттеулері арқылы функционалдық семантика заңы, академик Д.Н.Ушаков бүтіннің бөлшекке ауысу заңы жөнінде пікір айтқан болатын (В.Поржезинский. Введение в языкозначение, вып.4, 1913, 127-бет).

Сөз өзінің дыбысталуын, тұлғасын сақтай отырып, мағынасын біртіндеп жаңарта береді. Сөз жаңа мағынаға ие болғанда, оның негізгі сөздік мағынасы өзінің бұрынғы қалпын сақтап қалады.

  1. Мысалы, шек деген сөзді алсақ, ол қойдың шегінен сыдырылып иірілетінін, домбыраға тағылатынын білеміз. Атқаратын қызметіне қарай қой шегінің атауынан домбыраның шегінің атауы шыққан. Домбыраның шегі үзілді дегенде, қой шегін түсінбейміз, домбыраға тағылатын шекті түсінеміз. Сөйтіп, бұл сөз – анатомиялық атаудан аспаптық атауға ауысқан. Осылайша мағынаның атқаратын қызметіне қарай жаңаруы – функционалдық семантика заңына жатады. Сол сияқты гитар, дутар, мондалинге тағатын сымдарды да шек деп атаймыз. Домбыраның шегі шектен жасалса, бұл шек симнан жасалады. Олай болса, бұларды шектен жасалғандықтан емес, домбыраның шегіне ұқсайтындықтан ғана шек дейміз. Сондықтан бұл да функционалдық семантика заңына жатады.
  2. Сол сияқты оқ деген сөзге көңіл аударайық. Ол баста оны ағаштан істеген, ең алғаш қайыңнан жасалған (кепкен қайың берік, әрі қатты болады), кейінірек оло ауыр болған соң, онан гөрі жеңіл қарағайдан дайындаған. Оны да оқ деп атаған. Бертін келе қамыстан істейді. Оны да оқ деген. Отты мылтық шыққаннан бастап, бытыраны қорғасыннан құйған, оны да оқ деп атаған. Қазіргі патронды да оқ деп атаймыз. Осылайша баяғы қайың оқтан бастап, соңғы патронды түріне дейін біртіндеп жақсарған оқтың оқ деген атауы өзгермеген. Оның функциясына сай, оқ деген сөздің мағынасы дамып отырған. Алғашқы қайың, қарағай, қамыс оқтарда ешбір темір заты қолданылмаған, ал бытыра, қорғасын оқтың не түсі, не көлемі, не түрі, не тегі ағаш, қайың оққа ұқсамайды. Винтовканың оғы – патроны, алдыңғылардан мүлде басқа. Бұл атаудың бәріне ортақ нәрсе – қызметі, функционалды семантика заңы бойынша өзгеріп отырған. Қазіргі қазақ тіліндегі тиірмен көне түркі тілінде тігірмен, яғни тиер-мен деген сөз бар. Осы сөз күні бүгінге дейін қолданылып келеді: қолттиірмен, электр тиірмен, ат тиірмен, жел тиірмен, су тиірмен, бу тиірмен.