Абай Құнанбаевтың балалар әдебиеті тарихынан алатын орны

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев — өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің шындығын дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін зор мақсатқа меңзеді.

Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ қоғамының шын сырын ашты. Абайдың шығармалары — өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.

Абай шығармалары қолдан көшіріліп, қолжазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана таралды. Ақын өлеңдерін шағын жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 жылы Құрманов дегеннің редакциясы бойынша Абайдың таңдамалы өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шыққан-ды.

Россия географиялық қоғамы Абай туралы мәліметтерді ерте кезден-ақ бере бастады. 1906-1907 жылғы “Хабарларында” ақынның суретін және ол туралы мақала жариялады.

Абайтану қазір өз алдына бөлек бір ғылым болып қалыптасты. Бұл ғылымды негіздеудегі аса көрнекті ғалымымыз М.О.Әуезовтің еңбегін ерекше атап көрсету қажет. Ол қазақтың классик ақыны Абайдың көркем образын жасаумен қатар, терең ғылыми-зерттеу жұмысын да жүргізіп, абайтану ғылымының негізін салды. Ақын шығармаларын жинастырып, оның тұңғыш толық жинағын шығарды, Абайдың өмірі мен творчествосы туралы фактілерге бай, ғылым тұжырымдары дәйекті де терең , көлемді монография жарияланды.

Абайды зерттеу ісі қазір тек қазақ ғалымдарының ғана шұғылданар ісі болмай, бүкіл Одақ ғалымдарының төл ісіне айналып кетті. Абай шығармаларының басқа тілде басылулары мен ақын жайында шыққан жеке мақалалар мен кітаптар оны қалың қауымға бұрынғыдан да танымал ете түсті.

Дана ақын 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған.

Абайдың әкесі – Құнанбай — өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі, зерек ел ағасы, ірі тұлға.

Абайдың жас кезіндегі көңіл сергітіп, жүрегін жібіткен жылы құшақ кіші пейіл анасы – Ұлжанның мейірімді көңілі, көпті көрген әжесі Зеренің қойыны. Оқу жасына жеткеннен бастап, Абай ауыл молдасында, үйде оқыды. Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетімен әке көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне, осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін, он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы діни медресеге оқуға түседі. Осы медресе имамы Ахметризаның қарауында оқиды. Абай бұл медресе оқуын да меңгеріп, үздік көзге түседі. Абай молдадан оқып жүріп, өз бетімен көп ізденеді. Сол кезде көп тарап жүрген Орта Азия және тәжік, парсы халықтарының ұлы ақындары-Науаи, Низами, Фердаусилер шығармаларымен танысады.

Семейде болған аз жыл ішінде Абай тек медресе маңын, діни қауымды танып қойған жоқ. Абайдың сезімтал, жас, ынталы жүрегі оған қаланы тегіс танытты. Ол қала халықтарын, оның мәдениеті, тұрмыстарын күнкөріс тіршіліктерін, даладан өзгешеліктерін, тағы басқа жақтарын түгел танып, зердесін өсіреді. Қала халқының бойындағы игі қасиеттерді Абай сол оқушы кезінің өзінде-ақ таниды. Аздаған уақыт орыс мектебіне қатысып, сабақ алады. Мұғалім жалдап, үйден де оқиды. Сөйтіп, орысша оқуға жан сала кірісіп, сол тілдің қиындылығына қарамастан, еңбектене жүріп, біраз хабар алады. Орыстың тілін, жазуын меңгеру арқылы Абай өзіне кең дүниенің есгін ашып, мол қазынаға қолын жеткізгендей болады. Енді, ол қалалық кітапханадан шықпай оқып, білімге бой ұрады.

Осылайша, қала өмірін танып, жаңа дүниенің есігін тауып, ішіндегі нәрді тата бастаған оқушы Абайды әкесі Құнанбай оқудан айырып, елге алып келеді. Енді ол Абайға өз “өнерін” үйренуді ұсынады. Ел билеу ісіне баулу мақсатымен оны ру арасы, ел іші дау-жанжал, айтыс-тартысына қосады.

Абай осы қалыппен қыр қазағы, әке көмекшісі болып қала берген жоқ. Ер жете келе, өз бетімен қалаға қайтып оралып, жиі келіп жүрді. Абай классикалық әдебиеттерді оқыған сайын көзі ашылып, өмірдің, қоғамның сырларына түсіне бастайды. Абайдың медреседен кейінгі оқу жолы осындай өз бетімен іздену, үйрену дәрежесінде болды. Алыстан араласқан Абай өзіне жаңа орта-тың жол тапты. 17-18 жастан 28-29 жасқа дейінгі Абайдың өмірі осындай өз бетімен іздену, ал ел өмірін зерттеу, халық даналығы мен батыс әдебиетін меңгеру жолында өтті. Көбіне үйде отырып, кітап оқып, өз ойларын жазып, оқығандарынан халық арасында әңгімелер айтып, өз қалауымен жүріп, іздене түседі. Осылайша, Абай тек отыз жастан асқан соң ғана өз көңіл қалауымен қызмет етеді. Абай осы кездерден кейін творчестволық қызметпен де айналыса түседі.

Ал, ер жетіп, ақыл тоқтатқан кезден бастап Абай жат тіл қолданып, жеңіл сөз айтудан аулақтай береді. Ол саралап сөз жиып, салмақпен тіл қатып, байсалды ой мен терең пікірлер қозғап отырады. Өз халқының тіл байлығын сарқа пайдалану мақсатын көздейді.

Абай 35-40 жастар шамасында өзінің ақындық талантын таныта бастайды.

Абай ақынды өмір оқытушысы, үгітші, үлгі берер азамат жыршысы болуы керек деп білді. Өзі “көкірегі сезімді, тілі орамды” жастарға үлгі болды, оларға ақыл айтып, өлың жазудың тамаша шебер үлгілерін көрсетіп берді.

Абай шебер өлеңді, тәтті әнді мәдениеті жоғары, білімді ақын ғана бере алатынын ескертіп, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол-ақынның білімсіз бейшарасы” деп көрсетті.

Ақындық өнердің мақсатын, мәнін осылай терең түсінген Абай, кезіндегі әдебиетке батыл сын айтты.

Абай кезіндегі ел билеушілерге қарсы шығып, патшаның болыстық, билік тәртібін сынға алады. Олардың қылмыстарын бетіне басып, ел мұңын, халық тілегін білдіреді. Реңі кеткен қазақ елінің бейнесін айқын көрсете келіп, ол:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!…

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,-

дейді.

Абай өзінің осы сияқты өлеңдерінде (“Болыс болдым, мінекей”, “Мәз болады болысың”, “Бойы бұлғаң”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”, т.б) өткір, сыншы-сатирик жазушы есебінде бой көрсетті.

Абай қазақ жеріндегі теңсіздікті, тағы басқа қайшылықтарды түсіне білді. Оны өзінің бойындағы ақындық шабыттың бар күшімен жырлады. Бай мен кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің “Күз”, “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелеп, кедейлердің аянышты халін айқын суреттеді.

Абай өлеңдеріндегі негізгі елеулі әлеуметтік мәселелердің бірі-қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі.

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді. Абай бұл мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, бұқарашыл ақын екенін көрсетті. Ол қазақ қыздарының теңсіздікте езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Өзі бұған наразылық білдіріп, аянышты сезімге толы өлеңдерін шығарды.

Абай творчествосынан ерекше орын алатын ендігі бір үлкен тақырып — оның ағартушылық идеясы. Абай — өнер-білім, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл аударған, ұлы ағартушы ақын.

Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. “Желсіз түнде жарық ай”, “Қыс”, “Жаз”, т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ аулының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді.

Абайдың табиғат лирикаларының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі — “Желсіз түнде жарық ай”.

Желсіз түнде жарық ай, Ауылдың жаны терең сай,

Сәулесі суда дірілдеп.Тасыған өзен күрілдеп,-

деп басталатын өлеңі табиғаттың түнгі көрінісін, махаббаты жарасқан екі жастың тулаған жүректері мен жылы құшағын ұштастыра бейнелейді.

Абай лирикалары — алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. Ақын лирикасы — нәзік сезімді толғауымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлеуметтік рухымен де, терең ойлылығымен де , асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар.

Абай А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовтың реалистік әдістерін жете меңгерген еді. Абай — М.Лермонтов сияқты өзі өмір сүрген қоғам озбырлығына батыл қарсы шыққан кекті ақын. Абайдың көптеген тамаша шығармалары М.Лермонтов творчествосындағы азаматтық әуенмен үндес. Мұндай шығармалардың қатарына оның: “Жүрегім нені сезесің”, “Менсінбеуші ем наданды”, “Сегіз аяқ”, “Не іздейсің көңілім, не іздейсің?”, “Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын”, “Жүрегім менің қырық жамау” т.б. өлеңдері жатады. Абай аудармасы арқылы Лермонтовтың “Тұтқындағы батыр”, “Ой”, “Альбомға”, “Қанжар”, “Дұға”, “Теректің сыйы”, “Шайтан”, “Асау той тентек жиын, опыр-топыр”, “Вадим”, “Бородино” және басқа өлеңдері қазақ арасында тұңғыш тарады.

Абай — терең ойдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды.Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының өзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың.

Шынын айтсақ, Абай қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті жазушылардың тұңғышы.

Абай суреттеген әзірейілдей қыс, жадыраған жаз бейнелері, күн-күйеу мен жер-қалыңдық, қалғыған тау, дел-сал дала, сыбдырлаған жапырақ, күлімдеген аспан, ойланған жер, ақ қардың үстінде түлкі алып жатқан бүркіт, т.б. нағыз реалистік әдебиетке тән шын өнерлік қасиет. Бұл тұстағы озық шығармалары оны сыншыл реализм өкілдері тобына қосты.

Абай өлеңдері – мазмұны мен түрі біріне-бірі сай , ең асыл сөзді поэзия . Ақын поэзиясы мазмұны жағынан қандай салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті. Абай өлеңінде артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі де белгілі өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі жинақы келеді.

Абай өлең теориясына қатысты бірнеше шығарма жазып, поэзияның мазмұны мен түріне ерекше көңіл бөлген. Өлеңнің көркемдік түрі мен мазмұнының бірдей тартымды шығуында екенін тереңінен ұғынды.

Абай — XIX ғасыр ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне алғаш әкелуші, олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып, таратушы.