МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Дене тәрбиесі үрдісі күрделі, әр жақты және мектептің басқа оқу-тәрбие жұмыстарымен өте тығыз байланысты болғандықтан, ол терең ой-толғаныстарын, көлемді білімділікті керек етеді. Дене тәрбиесі міндеттерін дұрыс түсінген мұғалім жеке оқушылардың таңдап алған спорт түрлерінен жоғарғы жетістіктерге жетуін ғана емес, барлық оқушылардың денсаулықтарын нығайту, қозғалыс ептілігі мен дағдыларын қалыптастыру арқылы оларды үлкен өмірге дайындайды. Мұғалім оқушыларды дене жаттығуларымен тұрақты, жүйелі шұғылдануға үйретеді.

Осы барлық міндеттерді дұрыс бағалау, ұйымдастыру, орындау үшін мақсатты түрде жақсы, шебер жоспарлай білу қажет. Дұрыс ойластырылған барлық жұмыстар келісілген жоспар, жүйелі, тиянақты жұмыс тудырады.

Адам баласының өмірге келуі мен мектепке оқуға баруы арасындағы алғашқы жеті жыл уақыты оның келешек өмірінде өте үлкен маңызы бар. Өйткені осы кезеңде адамның денсаулығы, әр түрлі қабілеттері, адамгершілік қасиеттері, мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Баланың денесін шынықтыру, өмірге керек қозғалыс шеберлігін қалыптастыру, гигиеналық және тазалықты сақтау әдеттерін бойларына сіңіру үшін осы бір балалық балғын шақ өте бір қолайлы кезең [1].

Баланың ағзасының жан-жақты дамуының негізі, тәрбие көзі дене тәрбиесі болып табылады. Табиғи, дұрыс өсіп келе жатқан бала тұрақты түрде қозғалғысы келіп тұрады. Оның осы қозғалыс әрекетін жанұяда, бала бақшасында дұрыс ұйымдастыру оның жүрек-қан тамырлары, дем алу, жүйке жүйесі, зат алмасу жүйесі қызметтерін жақсартады, қозғалыс-тірек аппараттарын нығайтады. Баланың ауруға қарсылық күшін, ағзаның қорғаныс күшін күшейтеді. Қозғалыс арқылы бала өмірді, табиғатты тани бастайды, оның психологиясы, ерік-күші, өзіндік қасиеттері дамиды. Бала көбірек қозғалыстарды білген сайын оның таным, түйсік, қабылдау, сезім, қабілет және басқа да әр түрлі психикалық мүмкіншіліктері кең көлемде дамиды. Сондықтан да осы кезеңде дене тәрбиесі сауатты, дұрыс жүргізілмесе, өткізіп алған уақытты қуып жету, жіберілген қателіктерді түзету қиын болады [2].

Дене тәрбиесі жұмыстарын мектепке дейінгі балалар мекемелерінде міндетті түрде ұйымдастырылуы керек. Кеңес үкіметі ыдырап, аумалы-төкпелі кезде көптеген бала бақшалар жекешелендіріліп кетті. Жекешелендірілген бала бақшалары өз қызметтік бағыттарымен жұмыс істемей, басқа коммерция, ақша табу бағыттарында жұмыс істей бастады. Қазіргі еліміз егемендігін алып, мемелекет экономикасы көтерілген, адамдардың барлығы жұмыстармен қамтамасыз етілген, кәсіпорындардың бәрі жұмыс істеген кезде балабақшалар санын қайтадан көбейту, жаңа бала бақшалар салу құрылыстарын жандандыру мәселелері күн тәртібіне көшті. Қалаларда бала бақшалар жүйелі түрде типтік негізде салына бастады.

Қазіргі кезде ата-аналары күні бойы жұмыста болғанда балалар бос қамалып отырмай, немесе жалданған бір тәрбиеші, бір мамандық иесінің ғана тәрбиесінде болмай, жоғары дәрежелі мамандардың қарауында болып, жан-жақты тәрбие, білім алулары керек болатын жағдай туды. Жоғары дәрежелі ұстаздар, өз кәсіптерін, мамандықтарын өте жақсы меңгерген адамдар күні бойы жұмыста жүрген жұмысшылардың, қызметкерлердің балаларын өте жоғары деңгейде тәрбиелеуге міндетті. Сол тәрбиенің бірі, маңыздысы – дене тәрбиесі. Сондықтан да біз келешек дене тәрбиесі мамандары мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі жұмыстарын сауатты, білікті, әдістемелік дұрыс жолдармен іске асыруымыз керек.

Бала ағзасының табиғи даму шыңы жоғарғы сынып жасына келетіндіктен негізгі дене қабілеттілігі мен функционалдық мүмкіншіліктерін осы мектеп жасында жетілдіру қажет. Барлық дене қасиеттерін дамыту және тәрбиелеуге ең қолайлы, тиімді кезең – мектеп жасындағы уақыт. Онан кейінгі кезеңдерде оларды дамыту өте қиынға соғады.

Мектеп жасындағы кезең әр түрлі қимыл-әрекеттерді үйретуге, жетілдіруге, өмірге қажет қимыл ептілігі мен дағдысын қалыптастыруға ең қолайлы кезең болып есептеледі. Осы кезеңде үйренбеген қимыл-әрекеттерді, кейін адам денесі қатып, буын жылжымалығы, сіңір созылымдылығы азайып, қозғалыс шеберлігі нашарлап қалған кезде үйрену, жетілдіру қиынға түседі. Бала кезінде әр түрлі, көп үйренген, жетілдірілген, дағдыланған қимыл-әрекеттер адамға кеңістікте оңтайлы, епті, жеңіл қозғалуға мүмкіншілік береді. Жаңа, күрделі қимыл-әрекеттерді жылдам үйреніп алуға жол ашады.

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына, дене дайындығына, өмірге қажет әр түрлі қозғалыс іскерлігі мен дағдысының қалыптасуына дене тәрбиесінің маңызы өте зор. Осы кезеңде оқушылар дене тәрбиесі және спорттық қимыл-әрекеттермен белсенді шұғылданбаса, олардың денесі жан-жақты, толық дамымайды. Дүниежүзі, Ресей және Қазақстан ғалымдарының пайымдауынша мектеп жасындағы оқушылардың қимыл белсенділігі аптасына 8-12 сағаттан кем болмауы қажет. Қимыл-әрекет белсенділігінің аздығы баланыңденсаулығын нашарлатады, ағзаның қорғаныс күшін әлсіздендіреді, дене дамуын толық қанағаттандырмайды [3].

Бала ағзасының табиғи даму шыңы жоғарғы сынып жасына келетіндіктен негізгі дене қабілеттілігі мен функционалдық мүмкіншіліктерін осы мектеп жасында жетілдіру қажет. Барлық дене қасиеттерін дамыту және тәрбиелеуге ең қолайлы, тиімді кезең – мектеп жасындағы уақыт. Онан кейінгі кезеңдерде оларды дамыту өте қиынға соғады. Мектеп жасындағы кезең әр түрлі қимыл-әрекеттерді үйретуге, жетілдіруге, өмірге қажет қимыл ептілігі мен дағдысын қалыптастыруға ең қолайлы кезең болып есептеледі. Осы кезеңде үйренбеген қимыл-әрекеттерді, кейін адам денесі қатып, буын жылжымалылығы, сіңір созылымдылығы азайып, қозғалыс шеберлігі нашарлап қалған кезде үйрену, жетілдіру қиынға түседі. Бала кезінде әр түрлі, көп үйренген, жетілдірілген, дағдыланған қимыл-әрекеттер адамға кеңістікте оңтайлы, епті, жеңіл қозғалуға мүмкіншілік береді. Жаңа, күрделі қимыл-әрекеттерді жылдам үйреніп алуға жол ашады. Ал мектеп жасын босқа, әрекетсіз өткізіп алған адамдардан мысал іздегіңіз келсе, дене тәрбиесі сабақтары дұрыс өтпеген мектептерді бітірген адамдардың ебедейсіз, орашолақ қимыл-әрекеттерін көресіз, солардан мысал табасыз.

Дене тәрбиесі сабақтары және спорттық жаттықтырулармен айналысқан оқушылардың бос уақыттары аз болады, олар әр минөттарын санап, қадірлеп өмір сүреді. Спортпен шұғылданатын балалар шылым шекпейді, ішімдік ішпейді, нашақор болмайды, бос уақыттарын үнемді пайдаланады, ондай келеңсіз іс-әрекеттермен айналысатын адамдардың арасында болмайды. Өйткені олардың бос уақыттары аз, адам ағзасына зиянды нәрселерді біледі, ондай әрекеттерге барса денсаулық нашарлайтынын, спортта жоғарғы нәтижеге жете алмайтындықтарын түсінеді.

Мектеп жасында балалардың ағзаларына әсер ететін дене тәрбиесі жұмыстары дұрыс ұйымдастырылса, ол оқушының дене және ақыл-ойжұмыс қабілеттілігі деңгейінің көтерілуіне себеп болады. Осыған жетер жол дұрыс жоспарлануы, оқушылар белгілі білім негіздерін, әр түрлі ақпараттарды дұрыс алуы, меңгеруі, түсінуі керек. Оны түсінген оқушы өзінің дене және ақыл-ой, жұмысқа қабілеттілігі деңгейін жоғарылатуға тырысады, ұмтылады. Дұрыс ұйымдастырылған дене тәрбиесі жұмыстары оқушылармен жүргізілетін басқа өнегелік, эстетикалық, еңбек, ақыл-ой тәрбиелерінің міндеттерін орындауды оңайлатады.

Балалар мен жасөспірімдер 7 жастан 17-18 жас аралығында мектеп қабырғасында білім алады. Осы кезеңде олардың денсаулықтары нығаяды, дене келбеті, түзу тұлғасы, әр түрлі қимыл-қозғалыс шеберліктері қалыптасады, негізгі жан-жақты қасиеттері дамиды.

Ғалымдардың дәлелдеулерінше, осы кезеңдегі негізгі денсаулық белгісі – оқушылардың дене дамуы. Балалардың бойы мен салмағына қарап олардың өмір сүру жағдайы мен сыртқы ортаның бала ағзасына жағымды, жағымсыз әсерін білуге болады. Балалардың бойы мен салмағы олардың денсаулықтарын анықтайтын санитарлы-гигиеналық, дәрігерлік-қоғамдық көрсеткіш болып табылады [4].

Ғылыми-зеттеулердің нәтижелері бойынша, баланың бойы орташа көрсеткіштерден жоғары болса, оларды тұрақты дәрігерлік бақылаудан өткізіп, ағзасының жүктемеге төзімділігін тексеру қажет болады. Салмағы орта көрсеткіштерден артық болса оның ағзасында функционалдық өзгерістер, жүрек-қан тамыры жүйесі жұмысы нашар болуы мүмкін деп есептеледі. Осы жағдайларды сабақ кездерінде жүктемелер бергенде ескеру қажет.

Орта көрсеткіштерден бойы мен салмағы жоғары балалар мен жасөспірімдердің жүйке жүйелерінің қозу үрдісі тез болады, олар ашуланса көп уақыт сабаларына түсе алмай отырады. Ойын сабақтары, эмоциялық әсерлер көп пайда болатын кездерде, ондай оқушыларды мұғалімдер көбірек тынықтыруға тырысуы керек. Салмақтары өте аз оқушыларға тыныс алу, демалу кеуде бұлшық еттерін дамытатын жаттығуларды көбірек беру қажет болады және тамақтану рационын, күнделікті режимді тиянақаты түрде орындау арқылы ағзаның функцианалды қалпын сақтап қалу қажет.

Дене тәрбиесі жаттығулары, әр түрлі қозғалмалы ойындар осы қасиеттерді дамытады. Қозғалыс кезеңдерінде және қозғалмайтын статикалық жаттығулар кезінде мүсін түзулігін, тұлғаны қалыптастыру үшін отырғанда, тұрғанда, жүргенде, жаттығулар жасағанда тұлғаны түзететін арнайы жаттығулар беріп отыруымыз керек.

Оқушыларды бастауыш сыныптардан бастап Президенттік және Ұлттық сынама сынақтары оқушылардың жаттығуларын меңгеруге, орындауға дайындай бастағанымыз жөн.

Оқушылардың дене тәрбиесі мен спортқа деген ынтасын, қызығушылығын оятып, оларды спортпен тұрақты, жүйелі шұғылдануға дағдыландыру керек.