Шал ақын

Шал ақын –XV-XVIII ғасырлар әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға. Ғалым М. Мағауин “Қобыз сарыны” монографиясында Шал поэзиясына арнайы тоқталып талдау жасайды. Ғ. Малдыбаев та Шал творчествосы туралы құнды пікірлер айтқан. Шоқан да Шал жайында пікір білдіре келіп, оның эпикалық дүниелер құрастырғанын ескертеді.

Шал ақын аталып кеткен Тілеуке Құлекеұлы қазіргі Көкшетау облысының териториясындағы Азат темір жол станциясының төңірегінде дүниеге келген.

Шалдың шешесі-“Ұлы жүзде ханнан кем қадірленбеген” атақты Үйсін Төле бидің қызы екен, ал әкесі Құлеке сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен сол замандағы атақты батырлардың бірі болған. Құлеке мен оның ағасы Тілекенің ерлігі жайындағы әңгімелер ел арасында күні бүгінге дейін сақталған.

Шалдың алғаш ақындық даңқы шығуы-15 жасында. Оған төмендегі өлең жолдары дәлел :

“Он бесте тартып міндім аттың жалын,

Сол кезде айтқан сөзім от пен жалын”.

Шал ақыннан бізге қалған мұра 1000 жолға жуық . Дені баспа бетінде жаряланды, ең көбі “Алдаспанда”.

Шал — халықтың қарабайыр тұрмысымен етене қайнасқан, ортақол тіршіліктің мұң — зары батқан, шындықтың аулын іздеп шырылдаған сыншыл да сыршыл ақын. Ол қазақтың қарны тоқ болса, биі қайырымды, кәрісі мейірімді болса екен деді. Шаруа жайын, жастық қызуын, жақсы әйел, жігерлі жігіт, шолақ дүниені тілге тиек етсін — баршасында Шал сабырлы қалыптан аумай, құлық тұрақтылығын байсалды көрсетеді.

Шалдың бізге жеткен шығармаларының дені- импровизациямен, экспромтпен айтылған өлеңдер. Оның тапқырлығын, төкпе ақын екендігін көрсететін мысалдар жетерлік. Шалдың біршама көңіл бөлген тақырыптары : адам өмірі, өмірдің мәні, фәни мен бақи, дін мәселелері. Адам өмірінің жас кезеңдеріне байланысты суреттеу тақырыбына Шал бірнеше өлең жазған. Оның ерекше жырлаған кезеңі-қайғысыз, қамсыз,бұ дүниенің күйкі, күйбең тірлігінен аулақ сәби шақ.

“Бір жаста, екі жаста бесіктемін,

Бес жаста тәңірі берген несіптемін,

Алты жаста қайыңның тозындаймын,

Жеті жаста ойпаң жер бозыңдаймын,

Он жасымда сүт емген қозыдаймын…”

Шал-сопы емес, әйткенмен біршама діндар адам. Шығармаларына діни сарынның араласуы Шал өмірінің соңғы кезеңінде болса керек.

“Елу жасқа келген соң,

Пірдің сөзін сақтадым”,-дейді ақынның өзі де.

Шал өз шығармаларында жақсылық қайдан шығады, жақсы адам дегеніміз кімдер, жамандық неден туады, жаман адамдар қандай деген мәселенің төңірегінде біраз сөз қозғайды. Үгіт, насихат түрінде жазылған өлеңдер, таза ақыл беру, үлгі айту тұрғысынан келетін шумақтар ақын творчествосында баршылық.

“Жамандар өзін өзі зорға балар,

Бір өзінен басқаны төмен санар.

Жақсылар ағын судай, асқар таудай,

Жаймалап қайда жақсы орын алар”.

Шал-жаңа типтегі ақын. Абай тұсында аяқталған қазақ әдебиетіндегі зор бетбұрыстың кейбір белгілерін Шал поэзиясынан аңғаруға болады. Ол – ақынның өзіндік “мені” көрінген лирикалық поэзиясының үлгісі.

“…Бұл күнде көңілім ауыр қорғасыннан,

Көп қылдым жігіттікті мен басымнан…

Өткен еске түскенде құлазимын,

Ақ киіктей айрылған ордасынан”.

Шал творчествосы ескі жыраулық поэзияның күні өткендігінің жаршысы болды. Бұл заманның өзгергендегінің, әдебиеттің жаңа өріске шығуының нәтижесі еді.