Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668 — 1781 ж)

Тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған аумалы – төкпелі заманға душар болған ел – жұртқа “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, басқыншы жаудың бетін қайтарып, өз тәуелсіздігін қорғап қалу, немесе жау табанында біржола жаншылып құрып біту мәселесі көлденең тұрды. Жырау, ең алдымен, осындай жауапты сәтте шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыра алатын аса алғыр қолбасшы – көсемнің қажеттігін ерте түсінді, сүйтіп, ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға зор сеніммен қарады. Абылай да тәуелсіздік үшін жан сала күрескен, халық мүддесін терең түсініп, өзін бірыңғай сол күрес жолына арнады. Мұндай ақылы мен айласы астасқан кемеңгер басшының үлгілі істері мен оның төңірегіндегі белгілі батырларының жанқиярлық ерліктерін жырау үнемі асқақ жырлап, солардың өшпес әдеби бейнесін жасауға күш салды. Осының бәрі, түптеп келгенде, жыраудың туған халқының бірлігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке барабар іс — әрекеттерін аңғартады.

Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын (бұрынғы Баянауыл) Ульянов ауданының Далба тауы бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерекелі тойында оның басына үлкен күмбез орнатылып, Қарағанды қаласында осы мерекеге арнап ғылыми – теориялық конференция өткізілді. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармаларын қалың көпшілікке насихаттау мақсатында бір топ мерекелі мақалалар мен бір кіші-гірім зерттеу кітіпша жарық көрді. Сондай-ақ, сол жылы тұңғыш рет жырау жырларының жеке жинағы екі рет басылды (бірі – “Жалын” баспасынан шыққан ”Әй, Абылай, Абылай”.

Бұқар жыраудың ақындық қуаты мен дарын – күшін айқын танытатын келесі бір жыры “Әлемді түгел көрсе де” деп аталады. Мұнда ол адам баласы өмірінің сыр – сипаты мен қызық қуанышының шексіздігін, аспанға шарқ ұрып, Ай мен Жұлдызды аралаған арман – үмітінің жарқындығын шебер бейнелейді. Осы ерекшеліктерімен бұл жырды тұрмыстың әр алуан қуаныш – қызығын шалқыта, асқақ жырлайтын оптимистік гимні деуге де болар еді.

Жыраудың жыраулық поэзияда адам өмірі мен табиғат құбылыстарын астастыра сипаттау, сондағы көркемдік ізденістерге, тіпті бейне жасаудың тұрақты тәсіліне жол салған. Осы жәйт Бұқарға да тән. Жыраудың “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек” атты екі бөлімнен тұратын жырынан бізде бұрын кездеспеген жаңа бір үлгісін көреміз.

Жыраудың дүниеге көзқарас танымын белгілейтін шығармаларынан оның “Бірінші тілек тілеңіз” атты толғауын бөліп атауға болады. Бас аяғы он бір тілектен ғана тұратын бұл жырда Бұқар өз дәуіріндегі адамдардың ой – тілегі мен арман – мұратын жинақтап беруге талаптанады. Бұлары құдайға құлшылық пен бес уақыт намаз, тыныштық пен адамгершілік, адалдық, тазалық болып келеді.

Бұқардың “Ақсаңнан биік тау болмас”, “Айналасын жер тұтқан”, “Ай не болар күннен соң”, “Бағаналы орда, басты орда” атты толғаулары өз дәуірінің өмір көріністерін: көшпелі тұрмыс тұсындағы адамдардың өзара қарам – қатынастары мен қалыпты салт – сана, ұғым – түсініктерін, жалпы өмірдің құбылмалы екендігін баяндау тұрғысында келеді.

Бұқар жыраудың бір топ жырлары (“Ежелгі дос жау болмас”, “Шашырап шыққан хандар көп”, “Рулының оғы жоғалса табылар”, “Он екі айда жаз келер”, “Мырзалық қонаққа пайда, малға қас”, “Асқар таудың өлгені”, “Жар басына қонбаңыз”, “Биік тауға жарасар”, “Жал құйрығы қаба деп”) ел бірлігі, жақсы мен жаман, білімділік пен надандық, жалпы ізгілік мәселелерін қамтиды. Тағы бір алуанында (“Атан болған жиырма бес”, “Құбылып тұрған бәйшешек”, “Садыр, қайда барасың ?”) жыраудың әлеуметтік ортаға көзқарасы мен ішкі сезім күйлері басым болып келеді.

Асан қайғы жырларының көрініс тапқан жұмбақ үлгісінде келетін орағыта астарлау, пернелеу тәсілдері де Бұқарда өз көріністерін тапты.

Бұқар жырларының дидактикалық мазмұнының сипатына келсек, бұлар да өзіне дейінгі өмірді пәлсапалық тұрғыда тану, бағалау арқылы соны адам санасына сіңіріп тәрбиелеу мақсатына құрылады. Жырау осыған орай кейде дайын үлгіні өзгертпей алуға да, не соны сөз орамы мен ұйқас үшін аз – кем түрлентіп қолдануға да, тіпті, тыңнан жол салып өзінше кестелеуге де бейім.

Бұқар жырау сол тұстағы әр алуан өмір көріністері мен адамдар арасындағы қарым – қатынас жайларын да өз назарынан тыс қалдырмаған. Жырау мұнда жалпы өмірді үнемі жаңғырып жаңару, түрлене құлпырып, өзгеру барысында бағалауға мән береді. Соған орай жыраудың “құрсағы құшақ байлар” мен “қу таяқты кедейдің” тағдыры туралы түйген ойлары да көңіл аударуға тұрарлықтай. Ол бұлардың арасындағы аспан мен жердей айырмашылықты (байлық пен жоқтықты) тұрақсыз ауыспалы құбылыс ретінде түсіндірмек болады (“Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз, Айнала ішсе азайып, Көл су алмас демеңіз, Құрсағы құшқ байлардан, Дәулет таймас демеңіз, Жарлы байға теңеліп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз”,т. б).

Жыраудың бізге жеткен азды – көпті мұрасын табиғи сипаты жағынан насихат толғау, арнау толғау, болжау толғау деп үш топқа бөлуге болар еді. Шығармаларының басым көпшілігін құрайтын насихат толғауларында, жоғарыда аталғандай, адамды игілікке тәрбиелеу, бауырмалдық, адалдық, әділдік мәселелері сөз болады. Осыған орай жыраудың топшылаулары мен ой – болжамдары да сезім күйлері арқылы беріліп отырады. Осы талапқа сай бұл жырлардың көңіл – күй, лирикалық сипаты басым болып келеді.

Жыраудың қолда бар арнау – толғауларының көпшілігі (“Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ей, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай , сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын”) Абылай ханның сол тұстағы ұстанған саясаты мен жалпы ел басқару ісіне арналса, енді бір топ жырларының (“Садыр, қайда барасың ?”, “Бұқарекең – біз келдік Ақан, Төбет байларға”) әр кезеңде әр қилы тілек – талаптарға орай белгілі бір кісілерге арнау түрінде айтылғанын көреміз.

Бұқар тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алкакөл сұлама” атанған қатерлі заманда қазақ елінің басын құрап, қалмақ басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастыра білген Абылай ханды халық тәуелсіздігін қорғап қалған көсемі, даңқты қолбасшысы ретінде сипаттайды. Сол тұста ерекше ерліктері мен көзге түскен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Тілеуке, қарақалпақ Құлашбек, т. б. батырларды ханның сенімді серіктері, оның бұйрық – жарлықтарын бұлжытпай орындаушы сарбаздары ретінде асқақ жырлайды.

Бұл – қалың жұртшылықтың жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күреске шығып, елдікті сақтап қалуға бел байлаған кезі еді. Абылай хан дәл осындай ауыр кезең, қиын сәтте бөлек – бөлек шашырап жатқан үш жүздің басын біріктіріп, жауға үзілді – кесілді тойтарыс бере алатындай бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға талаптанды. Сол себепті Бұқар өз жырларында Абылайдың сол тұстағы орасан зор еңбегін жоғары бағалай отырып, халық арманын ақтаған батыр – қолбасшының мақтантұтарлық әдеби бейнесін жасауға зер салды. Айталық, Абылай хан науқастанған тұста айтқан мына бір бес жолдан тұратын жырға ол Абылайдың сол кездегі бүкіл жұрт ұмытпастай тарихи еңбегін сыйғызып, нақты бейнелей алған дер едік. Сондай – ақ, бұдан жыраудың тапқырлығы мен шешендігін, хас шеберлігін де анық көреміз :

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым – ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған ханым – ай.

Қалыңсыз қатын құштырған ханым – ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен қайран жаның – ай !

Ел берекесінің ұйтқысы татулық – бірлікте, бейбіт өмірде деп санаған қарт жырау ханға “өлетұғын тай үшін, қалатүғын сай үшін” ерегіс – жанжалдың, қажетсіз қантөгістің орынсыз екенін де батыл ескертіп отырады. Абылай бірде ашу шақырып, көрші отырған орыс мемлекетімен соғысамын деп қаһар төккенде, Бұқар бұған үзілді – кесілді қарсы шығып, ел тағдыры үшін мұның үлкен қателік екенін айтады.

Бұқар жырау Абылай бейнесіне әр қырынан келіп, оның шындыққа сай тұлғасын өрнектемек болады. Бұл бағытта туған жырларының бәрі дерлік Абылай ханның сол бір жауапты кезеңдегі әралуан саяси қызметі мен саналы өмірін оның басқару мерзіміне орай кезең – кезеңге бөліп, ой таразысымен екшеп саралау, жинақтап қорыту үлгісінде келеді. Мұның бәрі бір ғана талап – ертеңгі ел болашағы, тәуелсіз, бақытты өмірді орнату мақсатымен терең ұштасып жатады. Осыған орай жыраудың өзге жырларынан оның “Ал,. айтамын, айтамын” атты толғауын бөліп атауға болар еді. Бұл шағын ғана туынды (бас- аяғы 31 жол) ішкі логикалық бірлікпен жалғасқан үш бөліктен тұрады. Біріншісінде Абылай мінген жүйрік сайгүліктің түр-тұлға, сын-сипаты сөз болса, екіншісінде сол атқа лайық оның иесі де елдің биік талап тұрғысынан сипатталады. Ал, үшінші бөлімі Абылай бейнесін бірыңғай бөліп алып, жеке сомдауға арналған.

Бұқар өзіне дейінгі қалыпты жырдың сыртқы түзілім – құрылысына айтарлықтай жаңалық енгізе қоймаса да, оның дәуір талабына сай мазмұндық, көркемдік жағынан жетіліп, кемелденуіне үлкен үлес қосты. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, т. б толғауларында орныққан тақырып пен мазмұнды жырау өз туындыларында жаңа бір қырынан ашып сипаттайды. Бұдан Бұқар тұсындағы жыраулық толғаулардың әлеуметтік мәні мен көркемдік сапасының ұшталып, өмір құбылыстарын даралау, адам бейнелерін жасауы жағынан толыса кемелденгенін көреміз.

Бұқар толғауларының өзіндік белгілеріне келгенде, біз ең алдымен, олардың түрі мен мазмұнының терең астасып отыратынын айтуға тиіспіз. Жырау ырғақ пен бунақ, тұрақты ұйқастың бірлік – шарттылығын көбінесе айтылар ойдың мазмұнына бағындырап отырады. Осыған орай бұлардағы ішкі логикалық байланыс – тұтастықты Бұқар шығармаларының басты сипат – ерекшеліктері деп айта аламыз.

Бұқар — өзі өмір сүрген дәуірдің болмыс – шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырған жырау. Ең алғаш ол ауыз әдебиеті үлгілерінен бастау алып, дәуір талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген жыраулық поэзия Бұқар шығармалары арқылы жаңа белеске көтеріліп, әдебиетіміздің байып, марқая түсуіне жол салды.