Мінездеме

Мінездеме түрлі мекеме, ұйым, бірлестік, оқу орындарында белгілі бір адамды өмірбаяндык, біліктілік, кәсіптік, адамшылдық тұрғыда жазбаша сипаттау мақсатында жиі жазылатын іс кағазының бір түрі.

Қызметтік мінездеме — мінездеменің айрықша кең тараған және әмбебап формасы. Қызметкерді объективті әрі нақты мінездеу қажет болған жағдайда жазылады. Қорытынды бөлімі еркін стильде жазылады және құжат мазмұнын түйіндейді.

Мінездеме қызметкерді басқа бір вакансияға я болмаса оқу орнына ұсыну мақсатында да жазылады. Мұнда ұсынылған адамның аталған вакансияға қажет деген мінез-қасиеттері, кәсіптік шеберлігі айтылады.

Аттестациялық мінездеме белгілі бір адамның атқарып отырған қызмет орнына лайық, лайық еместігін тексеру мақсатында жүргізілген аттестация қорытындысына орай жазылады. Мұндай мінездеме қорытындысында “атқарып отырған қызметіне лайық”, “қызмет бабында жоғары қызметке ұсынуға лайық ” немесе “атқарып отырған қызмет орнына лайық емес ” деген сияқты түйінді сөздер жазылады.

Жеке (функциональды) мінездемелер адамның жеке басының мінезін, білімін, шеберлігін, икемділігін т.б. сипаттай отырып жазылады. Қорытынды бөлімінде мінездеме не мақсатпен жазылғандығы атап көрсетіледі. Мысалы, “Еңбек келісімін ұзарту үшін ” т.б.

Мінездеме А4 форматты параққа жазылады. Көлемі 1 беттен аспауы керек. Мінездеме мәтіні жазу машинкасында басылады я компьютерде теріліп, кейін принтерден шығарылады. Тақырыпты, өмірбаяндық мәліметтерді, қорытынды мен негізгі түйінді үлкендеу шрифтімен беруге болады.

Кейде мінездеме жоғары жағында мекеменің аты, логатипі, фирмалық белгісі көрсетілген арнайы бланкілерде де жазылады. Әр данасы есепте тұратын арнайы бланкілерге жазылған мінездемелер мінездеме беруші адамның және ұйым жетекшісінің қолымен расталады.

Барлық мінездемелергемекеме мөрі басылады.

Үлгі

МІНЕЗДЕМЕ

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті

қазіргі қазақ тілі теориясы мен оқыту әдістемесі кафедрасының аспиранты Оспанова Гүлім Нұрлыбекқызына.

1970 жылы туған. Білімі жоғары.

Оспанова Гүлім Нұрлыбекқызы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті күндізгі оқу бөлімінің аспиранты болып 1995 жылы 1 желтоқсанда қабылданды. 1996 жылы “Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы ” тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысы бекітілді.

Аспирантурада оқып жүрген уақытында Оспанова Гүлім Нұрлыбекқызы өзінің терең білімін, ғылыми-зерттеу жұмысқа деген зор қабілетін көрсете білді. Аспирантура бағдарламасына сәйкес оқу жүктемелерін, ғылым кандидаты дәрежесін алуга қажетті талаптарды толық орындады. Өзінің кандидаттық диссертация тақырыбы бойынша университет ішіндегі ғылыми, ғылыми-теориялық конференцияларда бірнеше рет баяндама жасады. Ғылыми жинақтар бетінде бес мақаласы жарық көрді.

Аспирант университет көлемінде жүргізілген қоғамдық, мәдени шараларға, қазіргі қазақ тілі теориясы мен оқыту әдістемесі кафедрасының түрлі бағыттағы жұмыстарына белсене араласты.

Мінезі ашық, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Өз жұмысына ынталы, адамдармен тез тіл табыса білетін аспирант Оспанова Гүлім Нұрлыбекқызы оқытушылар ұжымы мен аспиранттар арасында сыйлы және олардың зор ықыласына бөленген. Тұрмысқа шыққан. Бір баласы бар.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!