(Резюме (Түйіндеме)

Резюме француз тілінен алынған термин. «Айтылған я жазылған мәселенің қысқаша түйіні» деген мағына береді.

Резюме — белгілі бір тұлғаның өмірбаяны, білімі, мамандығы, кәсіптік шеберлігі, біліктілігі, икемділігі, жайлы нақты, қысқа мәлімет беретін іс қағазынын бір түрі (түйіндеме). Жазылған резюмесіз туралы толық мәлімет беруі үшін, онда сіздің біліміңіз, біліктілігіңіз, жеткен жетістігіңіз, жұмыс тәжірибеңіз, не нәрсеге икемділігіңіз бар екені айтылуы керек. Резюме сіздің кең көлемдегі визит карточкаңыз іспеттес. Резюме жазуда сіздің мақсатыңыз — өз өмірбаяныңыз бен жұмыс тәжірибеңізді, мамандығыңызды, икемділігіңізді ұтымды көрсете білу. Осы арқылы ойлаған жұмыс орнына қол жеткізу. Осыған орай, резюме қалай жазылу керек деген мәселеге де тоқтата кетейік.

Резюме жазуды неден бастау керек? Алдымен мына құжаттарды даярлап алыңыз.

  • орта білім туралы аттестат;
  • орта дәрежелі арнайы немесе жоғары оқу орнын бітіргендігіңіз жөніндегі диплом (егер сіз бірнеше оқу орнын бітірсеңіз, оның бәрін алдыңызға дайындап қойыңыз);
  • түрлі курстарды (шет тілдері, хатшылық, іс жүргізушілік, қайта дайындау, білім көтеру т.б.) бітіргендігіңіз жөніндегі куәлік, анықтама т.б. құжаттар;
  • еңбек кітапшасы немесе оның көшірмесі;
  • штаттан тыс істеген жұмыс орындарыңыз бен ондағы атқарған қызметтеріңіз жөнінде мәлімет;
  • алған наградаларыңыз жөніндегі құжат;
  • соңғы жұмыс я оқу орындарынан алған мінездемелеріңіз;
  • сіздің көздеген жұмыс орнын алуға септігі тиеді, практикалық мәні болуы мүмкін деп тапсаңыз, атқарған қоғамдық жұмыстарыңыз, қатысқан бірлестік, клуб, секцияларыңыз туралы мәліметтерді де дайындау керек.

Үлгі

РЕЗЮМЕ

Сұлтанова Назира Айханқызы

1974 ж. 4-сәуірде Талдықорған қаласында тудым.

Мекенжайым: Алматы қаласы, Н. Тілендиев көшесі, 21,3.

Үй телефоны: 41-00-43

Мамандығым: заңгер, тарихшы.

Бағыт: Жоғары оқу орнының оқытушысы, мемлекеттік аппарат қызметкері.

Білімі мен қызмет туралы мәлімет:

Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті тарих және құқық факультетінің студенті — 1991-1995 жж.

Аталған университет тарих факультетінің оқытушысы 1995-1997 жж.

Қазақ мемлекеттік заң университетінің аспиранты 1997-2000жж.

Негізгі мәліметтер

Қазақстан тарихы, құқық тану мәселелерімен айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. «Әлихан Бөкейхановтың саяси, құқықтық көзқарастары » тақырыбында кандидаттық диссертация жаздым. Республика, қала, жоғары оқу орындары көлемінде өткен конференцияларда баяндама жасадым. Жоғары оқу орнында жұмыс істеген тәжірибем бар. Қоғамдық жұмыстарға белс-не араласамын.

Қосымша мәліметтер: Ана тілім — қазақ тілі. Ағылшын және орыс тілін жақсы білемін. Компьютермен жұмыс істей аламын. Туристік сапармен Туркия, Қытай, Корея мемлекеттерінде болдым. Жеңіл машина жүргізе аламын (1998 жылдан). Көпшілікпен жұмыс істегенді ұнатамын. Ұйымдастырушылық қабілетім бар. Тапсырған іске жауапкершілікпен қараймын.

Театрға, спорт жарыстарына барғанды ұната мын.

Кепілдеме туралы мәлімет: Қазақ мемлекеттік заң университеті Мемлекеттік құқық кафедрасының меңгерушісі берген кепілдеме қосымша беріліп отыр.

4 наурыз 2000 жыл_____________________ Султанова Н.А.

қолы