Абайтану ғылымының қалыптасу, даму тарихы.

Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған.Бұл жөнде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тарағанын еске алу керек.

  1. Бірінші жолы-баспа арқылы тарауы: екіншісі-халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы: үшініші –қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы.Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқтайық.

Бұл жөнде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген , Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған – Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айрықша айту керек.

Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашқы таңдамалы жинағын бірінші рет Петербургтегі Бораганский баспаханасында 1909 жылы шығарады. Сол жинақтың аяғында ақынның Кәкітай жазған бірінші өмірбаяны беріледі. Шығармалар жинағына Кәкітай өзінше талдау-жіктеу жасаған: «Ой туралы». «Өзі туралы», «Ел туралы», «Ғашықтық туралы» деген сияқты тақырыптарды бөліп шығарып, әр өлеңінің мазмұнына қарай мөлшермен жіктейді.

Революциядан бұрын және революцияның алғашқы жылдарында Абайдың халыққа тарауы, тек баспа жүзінде ғана болған жоқ дедік. Оның көп өлеңі әнші- ақындардың , жас-кәрінің жаттауымен және оқушы жастардың жадына алып. Айта жүруінен ауызша тарағаны да көпке мәлім. Бұлардың ішінде халық өнерпаздары да көп еді. Солардың бастылары- Көкшетаудан келген атақты Біржан немесе Әсет, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай, Мұқа, Мауқай, Шашубай: әйелдерден: Ажар, Зейнеп, Сара, Қуандық сияқты талай талантты атақты әнші-ақындар болады.

Осылардың айтуынан және Абайдың өз қасындағы Көкбай, Мағауия, Ақылбай, Әріп, Бейсенбай, Әлмахамбет сияқты оқымысты әнші-ақындардың айтуымен де, Абайдың көп шығармалары жоғарыда айтылған көп уездерге, бірнеше облыстарға ауызша тарап жүрген.

Абай өзі барлық шығарған еңбектерін жинастырып, ұқыптылық етпеген. Тек 1896 жылы ғана Мағауия, Кәкітай, Көкбайлардың айтуы бойынша, осы жылдан бастап, барлық шығармаларын жинастырып, көшіруге ұйғарады. Жаңағы молдалардың : Ғабитхан, Кішкене молла сияқты жасы үлкендері Абай өлеңдерін ертерек жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын сол жаңағы 1896 жылдан бері қарай көшіретін болады.

  1. Революциядан кейінгі Абай тану , әсіресе, соңғы кезде ерекше үдей бастады. 1920 жылдан бергі отыз жыл бойында Абайды тану ісі неше салада жыл санап үдеп, өркендеумен келеді. Ең алдымен, Абайдың баспасөз жүзінде өз шығармалары шығып және Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған мақалалар, жеке кітаптар, үлкенді-кішілі зерттеулер аса көп боп молайғанын айту керек.

Абайды тану , таныту істері тек қазақ тілінде ғана болмай, орыс тілінде де едәуір молайды.

Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікірлер айтқан болса да, негізінде Абайды тану ғылымына елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты тағы бірталай әдебиет тарихшылары мен жазушылар.

1933 жылдың баспасында М. Әуезов жазған Абайдың бірінші, толықтау өмірбаяны да берілді.

Ақынның толық жинағы, кейін 1939-1940 жылдары екі том болып, тағы басылып шықты. Онан соң, әсіресе, толығырақ болып топталып, ұлы ақынның жүз жылдық мерекесіне арналған толық жинақ түрінде 1945 жылы басылды. Бұл жинақтың кіріспе сөзін жазған Сәбит Мұқанов.

  1. 1948 жылы басылып шыққан профессор Қажым Жұмалиевтің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы» және «Абай поэзиясының тілі» деген еңбегін айрықша атап өтуге керек. Абайды тану жөнінде 1946 жылы басылып шыққан Нығымет Сәбитовтың бір ғана библиографиялық «Абай» атты еңбегін атап өтпекпіз. Абай шығармалары орыс халқының тілінде 1940,1945 және 1954 жылдары жеке жинақтар болып, орыстың советтік көп ақындарының аударуымен жарыққа шықты. 1960 жылдардан бері қарай Камен Оразалин, Айқын Нұрқатов, ғалым Мекемтас Мырзахметов Абайтану проблемалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше монографиялық еңбектер, көркем шығармалар жазды.