Райымбек батыр

Кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» тарихи шы­ғар­маға деген құлшынысты қатты оят­ты. Соларша жазып, соларша сый­лы болуға көп жазушы ұм­тылды. Алайда тарихи шындықты көркем шындыққа шебер ай­нал­дырудың орнына, көркем шын­дықты қызықты етіп ойдан құ­рас­тыра беруге болады деген мақ­сатпен жазып, соның салдарынан та­­рихи шындықтың өзі күмән мен күдіктің астында қалған жағдай туды. Сондай күдік пен күмән Райы­м­бек бабамызға да түсті. Қа­зір Райымбектің туған жылы тура­лы екі пікір тайталас: біреулер — «1705 жылы туды» десе, екіншілер — «1730 жылы туды» дейді.

1705 жылы туды деген пікір Қа­зақ совет энциклопедиясынан бас­тау алады. Онда: «(1705 ж.т. — ө.ж. белгісіз)… 17 жасында жоң­ғар басқыншыларына қарсы кү­ресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды» деп жазылған (1976. 9-том. 126-бет).

Энциклопедияның 9-томы жа­зылған, жарық көрген 1975 — 1976 жылдар — әлі Райымбек тура­лы пікір ашық, еркін айтыла бер­мейтін кез болатын. Батырдың бейіті басына қарапайым белгі ор­натудың өзін әуре-сарсаңға салып қойған заман еді. Қожа­бе­ков Байұзақ ағамыздың сол қыс­пақ заманда Райымбек атын эн­цик­лопедияға енгізуінің өзін үлкен ерлік санауымыз керек. Терең зерттеп, жан-жақты талдап жатуға марқұмның мүмкіндігі де бол­ма­ған шығар. Алайда сол асығыста туған деректі негізге алып, күні бүгінге дейін басқа зерттеулерге құлақ аспай келе жатқан адамдар бар. Солардың басында жазушы Жол­дасбай Тұрлыбайұлы ағамыз бен Рысбек Сәрсенбайұлы ініміз тұр. Ал «Райымбек батыр 1730 жы­лы туған» деген пікір отыз жыл бойы батыр бабамыз туралы аңыз бен әңгімелерді жинаған Қа­был­бек Сауранбайұлы ақсақалдан бас­тау алады. Оны жазушы Төлен Қау­пынбайұлы қостайды.

«Батырлардың туған жылы — та­рихи оқиғаның түп қазығы. Оны жұ­лып тастап, басқа жерге апарып қақ­сақ, тарихтың ойран-ботқасын шы­ғарамыз. Шындықты іздеген жақ­сы, оны адаспай тапқан тіптен жақ­сы», — дейді Рысбек Сәрсен­байұлы ініміз («Райымбек» атты жинақ. Астана. 2005.175 бет).

Бұл — өте дәл айтылған орын­ды сөз. Алайда айту бар да, оны орын­дау бар. Шындықты іздеу шын­дықты тапқанша тоқталм­ай­ды. Өзінің қате сөзінен де қайт­пай, өзгенің дәлелді сөзіне де тоқ­тамау — өтірік айтқаннан бетер қия­нат.

Тарихи тұлғалардың туған жы­лын анықтау үшін, алдымен та­рихи оқиғаларды куәге тарту ке­рек. Тарихи оқиғалармен қа­быс­паған өмірбаянды шындық деп қабылдауға болмайды.

1723 жылы көктемде қал­мақтардың қазақ жеріне жойқын күшпен тұтқиыл басып кіргені, содан қазақтың әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, Түркістан, Тәшкенге, тіпті одан да арыға дейін босып шұ­бырғаны — тарихта бекем дәлел­ден­ген шындық. Ал босып кетуге үл­гермей, туған жерде қалып қой­ғандарының басқыншыларға құл болып, бодандықтың азабын ұзақ жыл тартқаны да шындық. Сол зұл­матты өз көзімен көріп, өз хал­қын қорғауға қару алып қатысқан, ұлы жүз қолын ең қиын кезде бас­қарған қолбасшы батыр Қа­зыбек бек Тауасарұлы өзінің 1776 жылы жазған «Түп-тұқыяннан өзіме шейін» атты естелік қол­жаз­басында: «Албан, суан 1101- қоян жылы (1723 -Б.Н.) қалмақ шап­қыншылық жасағанда, көше ал­май, жау қолында қалып қойды», — дейді ( Алматы. 1993. 411 бет). Есеңгіреген елге ес жиғызып, 1726 жылы әйгілі үш бидің Ордабасы жиы­нын өткізгені, сол жиында Бас қол­басы тағайындалған Әбіл­қайыр­дың сол жылы кейін «Қалмақ қы­рыл­ған» аталып кеткен жерде ал­ғаш айтулы жеңіске жеткені — тарих та, ел де мақтанышпен мойындаған шындық. Осы жеңістен басталған қазақтың азаттық күресінің тек 1758 жылы жоңғар мемлекетінің жер бетінен жойылып кетуімен аяқ­талғаны да шындық. Міне, осы шын­дықтарға арқа сүйеп қана Райым­бек бабамыздың туған жы­лын ғана емес, қай ерлігін қай жы­лы жасағанын да өз орнына қоя аламыз. Ал оны жалпыхалықтық та­рих­тан оқшаулап, байланыс­тыр­май қарау — ешқандай шындыққа же­т­кізбейді.

Райымбек жайында әңгіме қоз­ғаған адам міндетті түрде ол жайын­да отыз жыл бойы дерек жинаған Қабылбек Сауранбайұлы ағамыздың «Райымбек батырдың шайқастары» деген жазбасымен танысып шығуы тиіс. Ол жазба «Райымбек» атты жи­­­нақта (Астана. 2005), Төлен Қау­пынбайұлының 2-томында (Алматы. 2008) жарияланған. Бұл жазбаны Мөкен Болысұлы ағамыздың «Райым­бек батыр» дастаны толық­тыра түседі. Тіпті Қабылбек аға­мыз­дың қара сөзбен жазғандарын қысқартып, өлеңге айналдырғандай әсер қалдырады. Ол да аталмыш екі кітапта бар. Енді осы екеуіне сүйе­ніп, атамыздың туған жылын талдап көрелік.

«Райымбек анасынан рұқсат-ба­тасын алып, жорықшылар арты­нан жүріп кетті», — дейді «Райы­м­бектің бірінші сапары» атты тарауда Қабылбек Сауранбайұлы (Төлен Қаупынбайұлы. 2- том. 110 бет).

«Айналайын жан ана,

Рұқсат маған бер, ана.

Кеткен қолдың артынан

Мен де жетіп барайын,

Қалмақтан кекті алайын…

Атам кеткен ізімен,

Әлі-ақ қуып жетемін»,-

дейді Райымбек Мөкен Болысұлы­ның дастанында (сонда, 180-бет). Жалпы, Райымбек жайындағы ауы­з­екі әңгімелер ежелден осылай, не­мересі Райымбекті өзімен бірге жо­рыққа Хангелдінің алмай ке­туі­нен басталады. Мұндағы «жорық­шы­лар» немесе «қолдың» Хангелді атасы екені «Атам кеткен ізімен» дегеннен-ақ аңғарылып тұр. Бұл кез — Райымбектің 15-ке толған кезі. Атасының артынан қолды қуып жетсе, көктемде Іледен сең жүріп кетіп, олар содан өте алмай тұр екен. «Мен өткізем» дейді бала. Сөйтеді де, «Райымбек! Райымбек!» деп, өз атын өзі ұрандап, Көкойнақ атымен суға қойып кетеді. Ары өтіп шыққан соң, жер жағдайын білген соң, қайта өтіп келеді де: «Маған арқан және отыз адам беріңіздер» дейді. Баланың талабы орындалады. Ол қамысты көп қылып орғызады да, сонан соң ұзынынан-ұзақ жуан етіп жігіттерге будырады. Одан кейін арқанның бір ұшынан сүйреп, тағы Ілеге қойып кетеді. Ол арғы бет­ке қарай арқанды тартып оты­рады, жігіттер артынан буған қа_мыс­ты суға итеріп сырғытып оты­рады. Арғы бетке жүзіп шыққан соң, арқанды мықтап байлайды да, қайта өтіп кеп, бұл жақтағы ұшын да байлап тастайды. «Ал енді ертең­ге дейін демала беріңіздер» дейді сонан соң. Ертесі ағысын қамыс бө­геген су түнгі суықта қалың мұз боп қатып қалады да, қалың қол аман-есен өтіп кететін өткел-көзер жасалады. Содан жұрт бес-бестен жүріп өте шығады. Баланың тап­қыр­лығына бәрі қайран қалады. «Мен ұлы жүздің албаны, оның ішін­де руым — Алжан, Хангелді ба­тырдың немересі, атым — Райымбек» дегенде, сонда ұлы жүздің батыр­лары Хангелді батырға: «Батыр-ау, кешеден бері бізге қалай айтпадың, Райымбек сіздің балаңыз екенін» дейді» Сауранбайұлының жазбасы (Т.Қ. 2- том, 112 бет).

Бұл — Райымбектің алғаш көзге түсіп, тұңғыш ел сөзіне ілігуі. Енді осыны сарапқа сап көрейік. Егер Райым­бек 1705 жылы туса, 15-ке 1720 жылы келеді. Ал 1720 жылы тып-тыныш заманда Хангелді қай_дағы қолды басқарып жүр? «Ұлы жүз­дің батырлары» неғып Іле бойын­да бас қосып, неғып одан өте ал­май жүр? Райымбек қайдағы «қал­мақтан кекті алайын» деп жүр? Бұған өтірік құрастырып бірдеме айтпасаң, тарихи шындыққа сүйеніп ештеңе де айта алмайсың. Энцик­лопедияда жазылған 17 жас та ешбір қисынға келмейді: 17+1705 = 1722 жыл. «Ақтабан шұбырын­ды­ның» басталуына әлі бір жыл бар. Қысқасы, «Райымбек 1705 жылы туды» деген дерек қазақтың жал­пыхалықтық тарихымен қабыс­пай­ды. Бұл не туған жылы жалған, не ба­тырлығы ойдан шығарылған деген күдік қана тудырады. Ал егер 1730 жылы туса, онда Райымбек 15-ке 1745 жылы келеді. Ол — «Ақтабан шұбырындының» басталғанына ба­қандай 22 жыл өткен кез. Енді мұны да сарапқа сап көрейік.

Ұлы жүз қазақтарының қолын Аңы­рақай шайқасынан кейін Наурызбай батырдың басқарғаны белгілі. Райымбектің атасы Хангелді Аңырақай шайқасында қалмақтың батырын жекпе-жекте жеңген. Қазыбек бектің айтуына сүйенсек, ол сонда 35 жаста, 1694 жылы ту_ған. Аталмыш кітабынде Қазыбек бек: «1123 — жылдың (1745 — Б.Н) көктемінде Наурызбай қолы Сапы — Саты көлі арқылы жартысы Доңыз­тауға, жартысы Мұзартқа қа­рай бет қойды… Құмтекейге жет­пей тұрып, Жалағаш мойнағында, Орта Меркіде екі-үш рет шайқас болды… Рамат төлеп, әбден ыңыр­шағы айналған Албандар да атқа мінді. Оны енді Хангелді бастады» дей келіп (Алматы. 1993. 315, 316-бет), «Сонымен, Жетісудың түстік жа­ғы жаудан тазарды. Албандар екі жүз үй тігіп, үш күн бойы сарбаз­дар­ды сыйлады», — деп түйіндейді (сонда, 319-бет).

Міне, бұл оқиғаға мән берсек, 1745 жылғы көктемде Іледен он бес жасар Райымбек өткізіп жібер­ген «жорықшылар», ішінде Хангелді ба­тыр бар «қол» мен ондағы «ұлы жүздің батырлары» осы сарбаздар болып шығады. Тарихи шындыққа бұл оқиға қайшы келмейді. Қайта нақтылап, толықтыра түседі.

«Көкпектіде Секер деген жоңғар ханы ордасын орнатты. Соның қарауында Түргенге Қорын дегенді хан етіп жар салды. Жалағашқа Аға­насты хан етті. Темірлік, Көмір_шіге Арыс дегенді хан етті. Осы­лардың үшеуі де Секер ханға ба_ғынысты. Ал мұнан бөлек, Жаркент, Көкталда Төрехан деген бар» дейді Қабылбек ақсақалдың жазбасы (Тө­лен Қ. 2-том, 107-бет). Ал бұл қай кез? Әрине, 1723 жыл емес. Албан, суан тайпаларының жерін қал­мақтар алдақашан басып алған кез. Егер Райымбек 1705 жылы ту­са, «Ақтабан» басталған 1723 жылы 18-ге толса, атағы шыққан әйгілі ба­тыр болса, сол жасында қалмақ­тар­ды өз жасағымен қырып-жойып жүр­се, онда албан тайпасының елі «Ақтабан шұбырындыға» ұшы­ра­маған болып шықпай ма? Әлде, сонау Түркістан, Тәшкенге дейін басып алған жау албандарды ай­налып өткен бе?

Егер Райымбек 1705 жылы туса, 18 жасынан атағы шыққан айтулы батыр болса, атасы Хан­гелді батыр ақ патша әйел­ге 1733 жылы хат жаз­ғанда, ол хатқа атақ­ты батыр Райымбек не­ге қол қоймаған?

Сөз жоқ, мұның бә­рі сол жыл­дар­дың тарихымен жым­даспайды. «Неге? Неге?» деген сұрақты туд­ы­ра береді, тудыра береді. Не Райым­бектің 1705 жылы туғаны, не 1723 жылы албан жерін қалмақ­тардың басып алғаны жал­ған болып шы­ғады. Ал Қ. Сауран­байұлы мен М.Болысұлының жаз­ғандарына қарасақ, Райымбек 15-ке толған кез­де албан жерін қал­мақтар бұрыннан билеп-төстеп тұр­ған. Ол ел шетіне басып кіріп ке­ле жатқан жаумен емес, елін ежел­ден езіп-жаншып отырған жаудан атамекенін тазарту үшін со­ғысқан. Бұл жағдай­ды мойындасақ, онда Райымбектің 1705 жылы тууы тарихи шындыққа жанаспайды. Өйткені 1729 жылғы Аңырақай жеңісінен кейін де, 1731 жылы қал­мақтың бас батырлары Қаскелең мен Шамал ханды Нау­рызбай, Бо­рал­дайды Қасқары Алма­тының батыс маңында жекпе-жекте өлтір­геннен кейін де кеудесін бастырғы­сы келмеген қалмақтар өз жасағы­мен Түргенде, Көкпекте, Жалағашта, Көміршіде қалмақтарды қырып жатқан Райымбекке арнайы әскер жұмсамай, тып-тыныш шыдай беруі мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Ендеше не мүмкін?

Қалмақ әскері қаша-қаша Қар­қараға келгенде, 1745 жылы көк­тем­де Наурызбай басқарған ұлы жүз қолы қалмақтарды сол арада жең­генін жоғарыда айттық. Содан кейін сол арадағы қалмақтардың жүні, сөз жоқ жығылады. Себебі олар арқа сүйеп келген қалмақ әс­кері быт-шыт болып жеңілді, енді тек өздерін өздері қорғауы тиіс. Олар әлі де болса өзін өзі қорғай алатынына сенді. Өйткені қазақтың да әскері бұл арадан кетіп, өздері би­леп-төстеп келген тұрғылықты адам­дары ғана қалған-ды. Міне, дәл осы кезеңде жас Райымбек жа­сақ құра бастаған. Солай ету ке­ре­гін атасы Хангелді батыр айтты ма, әлде өз ақылымен ұйғарды ма, оны кесіп айту қиын. Алайда Іледе ар­ты­нан қуып жеткен батыр не­мересін Хангелді атасы не деп жұ­батып, нендей уәжбен ел ішінде қалу­ға көндіруі мүмкін? Тек: «Ба­лам, сендей ер жігіт ел ішіне де ке­рек. Біз Қарқарада қалмақтың әс­ке­рін ғана жеңдік. Халқымызды езіп отырған Қорыны мен Секері, Ағанасы мен Арысы аман-есен қа­лып барады. Соларды атаме­кені­мізден сен, сенің қатарларың қуып шықпағанда, кім қуып шығады?» деген болар-ау. Намысты жүрекке атасының осындай ақылы дөп тиген соң ғана батыр ұл ауылына қайта оралған болар деп ойлаймын. Қалай болғанда да албан, суан аза­маттарын қол астына жинап, жауға жоспарлы түрде шабуыл жасаға­нына қарағанда, Райымбекті өз өжеттігі ғана емес, атасы мен өзінің ақыл-айласы да қолдап отырған-ау. Осының бәрін жүйелеп қарасақ, «Райымбек 1730 жылы туды, 17 жасынан батыр атанды» деген пікір халқымыздың жалпы тарихымен ың-жыңсыз жымдаса кетеді. Әйткенмен, қосымша дәлелдерге де жүгініп көрейік.

Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай қо­лындағы атақты батырларды жыр­ға қосқан әйгілі өлеңінде Бұ­қар бабамыз Райымбекті атамайды. Бұл өлеңін ол 1757 жылы шығарған. 1705 жылы туса, Райымбек ол кезде 52-де, аты әбден-ақ шыққан кез болуы тиіс. Ал 1730 жылы туса, 27-де. Бұл жас та аз жас емес. Бұқар ба­бамыз дәл сол жастағы Молдабай ба­тырды жырына қосқан ғой. Енді Мол­дабайдың кім екеніне аз тоқ­талайық.

Бұқар жыраудың өз аузынан жа­зып алдым деген Қазыбек бекте Бұ­қардың бұл өлеңі бастан-аяқ то­лық келтірілген және ұлы жүз ба­тырларының аты-жөні де дұрыс бе­рілген:

— Сіргелі қара Тілек,

Қарақалпақ Қылышбек.

Текеден шыққан Сатай, Бөлек…

Батырлардың асқары —

Қазыбекұлы Қасқары,

Қаумен, Дәулет қасында,

Бақ-дәулеті басында.

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа, Мәмбет бар

Осылардың қасында.

Қасқарыұлы Молдабай,

Қара күші мол Бағай.

(«Түп-тұқияннан…». 1993. 368-бет). Мұндағы Қасқарыұлы Мол­дабай — Қазыбек бек Тауасарұ­лы­ның немересі.

Жоғарыдағы өлең туған 1757 жылғы оқиғаны айта отырып: «Осы кезде билікке жаңа араласа бастаған Суан Бөлек би де қызынып кетті. Оныкін мен кешіре салдым. Өйт­кені ол менің Қасқарымның Молдабайы қатарлы еді», — дейді Қа­зыбек бек (сонда, 1993. 170-бет). Ал бұл Бөлек — кәдімгі Райымбекпен бірге соғысып жүрген Бөлек. Бір ол ғана емес, Райымбек қолындағы Сатай да, Аралбай да суанның батырлары.

1745 жылғы бір жағдайды Қа­зыбек бек былай жазады: «Менің бәйбішем Қасқарыдан туған үлкен немересі Молдабайды сапқа қоспақ болып, ақсарбас айтып, құдайы берді. Енді әкелі, балалы, немерелі болып ұрысқа кірмекпіз» (сонда, 311 бет). «Содан 1088 — барыс жы­лы ( 1710 — Б.Н.) суық күзде менің тұңғышым Қасқары туды», — дегені бар (сонда, 410-бет). Алайда Молдабайдың қай жылы туғанын айтпаған. Бірақ «сапқа қосылған» 1745 жылы ол 18-ге толған болар деп шамалауға болады. Қазыбек бек 1692 жылы, Хангелді 1694 жылы туған қарайлас адамдар. Қас­қары — Қазыбек бектің тұңғышы, ал Райымбектің әкесі Түке — Хан­гелдінің Мөңке, Дөңкеден кейінгі баласы. Сондықтан одан туған немересі Райымбектің Молдабайдан бірер жас кіші болуы, әлі сапқа қосылмауы, соп себепті Бұқар өлеңі­не ілікпеуі заңды. Хангелді мен Қазыбек бектің жас шамасын анықтай түсу үшін, шежіреге жүгі­ніп көрейік.

Қазыбек бектің бір баласы — 1. Қозыбай 2. Жандос 3. Қиқым 4. Ораз 5. Әли 6. Ораз 7. Нұрлан (ше­жіреші Асқар Селеубайдың та_ратуы), 8. Нұрланның баласы.

Хангелдінің бір баласы — 1. Қой­бас 2. Мәнжі 3. Дәлі 4. Қамысбай 5. Мақатай 6. Сүлеймен 7. Мұқағали 8. Жұлдыз («Бәйдібек баба…» 2003. 491 бет), 9. Жұлдыздың бала­сы.

Көріп отырғанымыздай, екеуі­нің қазір сегізінші, тоғызыншы ұр­п­ағы өмір сүріп жатыр екен. Кей баласынан 10 ұрпақ та бар. Мұның өзі Хангелдінің 1794 жылы туған­ды­ғына, 1792 жылы туған Қазыбек бек­пен қатарлас екеніне қосымша дә­лел бола алады.

Өкінішке қарай, Қасқарының ба­ласы Молдабайдан ұрпақ қал­маған. Бірақ ол 1745 жылы 18-де бол­са, 1727 жылы туған болады. Суан Бөлек батыр Молдабаймен қа­райлас болса, онда онымен бірге со­ғысып жүрген Райымбек те олар­мен қарайлас болады. Үшеуінің ара­лары бір-бірінен 2-3 жас қана ал­шақ болуы мүмкін. Олай болса, «Райым­бек 1730 жылы туды» деген дерек тарихқа қайшы келмейді. 1727 мен 1730-дың арасы 3-ақ жыл. Мұны шежіре дерегі де теріске шы­ғармайды. Мәселен, Райымбектің бір баласы — 1. Қожағұл 2. Тілеу­қа­был 3. Ақби 4. Құтел 5. Балапан 6. Келгенбай 7. Оразбай («Бәйдібек ба­ба…» 494, 495-бет) 8. Оразбай­дың баласы. Ал Бөлектен — 1. Жау­ғаш 2. Едіге 3. Қабылтай 4. Түктібай 5. Сабанқұл 6. Мейманкелді 7. Бек­босын 8. Ыбыраш (С.Ешмұқанбетов «Суан шежіре». 1993. 93 бет). 9. Ыбы­раштың баласы.

Қарап отырсақ, Райымбек пен Бөлектің 8-9 ұрпағы өмір сүріп жа­тыр екен. Ал егер Райымбек 1705 жылы туса, жап-жас, 1757 жылы 30-ға толып отырған Молдабай батыр­ды жырына қосқан Бұқар жырау 52-ге келген, Аңырақай шайқасына қатысқан атақты қарт батыр Райым­бекті неге қоспайды? Тіпті, басқаны былай қойғанда, онысы көз алдында жаумен арпалысып, қысы-жазы қа­сында жүрген атасы Хангелді ба­тыр­дан ыңғайсыз болмас па? Ең со­рақысы, алалап, Қазыбек бектің не­мересін атап, Хангелдінің не­мересін атамай қоюы қалай бола­ды?

Бұған қарағанда, Райымбек, бі­реулер жазып жүргендей, Аңырақай шайқасына қатыспаған, Наурызбай батырдың қолында соғыспаған. Себебі 1705 жылы тумаған. Егер ол сол жылы туса, атасы Хангелдінің күн­де қасында жүрген, ұзақ жыл қал­маққа қарсы бірге соғысқан Қазыбек бек ондай атақты батыр жайында неге жазбаған? Білсе, көр­се, жазатындай жөні бар еді ғой. Себебі ол: «Сырымбет білікті, би­лікті кісі болды. Мен өзім ол кісіні көрдім, сөйлестім, бірге тамақ іштім. Сырымбет екі әйелінен Мақар, Барақ, Хангелді деген үш ұл көрді. Хангелдінің шешесі Керім­бүбі қолынан дәм таттым. Мен біле­т­інде, Хангелді төрт әйел алып, одан он шақты балам бар деп жүретін. Балаларын мен көрген емен, тек Мөңке деген бір ұлы ұрыста өліп қалған жерінен табылған» деп жазған ғой (сонда, 313-бет). «Райымбек бабамызды неге жаз­баған?» деп, Қазыбек бекті жерден алып, жерге салғанша, оның жаз­ғандарына құлақ асып, әруаққа қа­з­ақы ілтипатпен қараған дұрыс болар еді, әрине.

Хангелді атасы 1694 жылы туса, ал оның немересі Райымбек 1705 жылы туса, сонда оның әкесі Түке қашан туады? Атасы мен немересінің арасы 11-ақ жас қой. Ол кезде қан­ша­ма ерте үйленген десек те, ата мен немере жасының арасы 11-ақ жыл екенін миға сыйғызу тым қиын-ау! «Хангелдінің ұлы Түке өмірін жоққа шығару тарихқа, адам­гершілікке, баба үлгілеріне қия­нат болады» деп, Төлен Қау­пынбайұлының ашынуы бұл арада орынды-ақ! (2008. 2-том. 67-бет).

1705 жылды дәлелді ету үшін, біреулер Райымбекті Түкеден емес, Хангелдіден тудырды, ол шындыққа жанаспай, қателігі шежіреден көріне берген соң, енді Хангелдінің туған жылын арыға жылжыта бас­тағандар пайда болды. Өстіп, Рыс­бек айтқандай, «тарихтың ойран-ботқасы» шықты.

Қазыбек бек Хангелдінің ауылы 1745 жылы Сөгетіде болғанын айтады («Түп-тұқияннан…» 1993. 312 бет). Ал Албан шежіресінде Райым­бектің «Туған жері — Алматы қаласының басындағы Медеу мұз айдынының күншығыс қапта­лын­дағы Албан сайы (Юбилейная елді­мекені — ертедегі Албансай, қата­рын­дағы аңғарды Суансай деп ата­ған). Көктеуі, күздеуі төменгі Ал­маты қаласы ауданындағы ыстық, суық су ағатын жер болған. Алматы қаласындағы Абай даңғылының астындағы бұрын (1950 жылға дейін) Басарық аталған тоған «Райым­бек тоғаны» делінгенін біле­тіндер дүниеден өтіп, естігендер ұмыт­қанымен, тарих ұмытпайды. Жай­лауы Асы болған» деп жазы­лып­ты («Бәйдібек баба — алып бәй­те­рек». Алматы. 2003. 568 бет).

Алматының шығыс жағындағы екі сайдың бұрын Албансай, Суан­сай аталғаны рас. Суансай қазір Сулысай аталады, кеңес дәуірінде «Восход» болды, сонда менің саяжайым бар, сондықтан білем. Кезінде «Горный Гиганттың» бри­гадасы болған, қазір ол ауылда мыңнан аса адам тұрады. Ал Албан­сайды қазір Көлсай деп атады. Абай даңғылының астындағы Баса­рық мен Алматыға алғаш келген 1958 жылы да солай аталатын.

Мен өзім Райымбектің туған же­рі, қалай болғанда да, Түргеннің шығысында емес, батыс жағында болуы керек деп шамалаймын. Өйт­кені ол шығыстан батысқа қарай беталып, өзінің жауға қарсы ал­ғашқы жорығын Түргендегі қал­мақ­тарды қуудан бастаған ғой. Солай екенін Қ.Сауранбайұлы мен М. Болысұлының жазғандары бір­дей қуаттайды.

Және өзінің алғашқы жорығын 17 жасында Түргеннен бастауы да оның 1705 жылы тумағанын дәлел­дей түседі. Өйткені Түргенді қал­мақ­тар 1705+17=1722 жылы басып алған жоқ қой. Сондықтан ол өз жорығын тек Наурызбай басқарған қазақ әскері қалмақ әскерін бұл арадан біржола қуып тастаған 1745 жылдан соң ғана бастауы мүмкін. Себебі ол ешқашан қалмақтың әс­кери қолымен шайқаспаған, тұрғы­лықты қалмақ жасақтарымен ғана соғысқан.

Жоғарыда аталған екі жазбаның дерегіне қарағанда, ол жылдары Түргенді қалмақтың Қорын деген ханы билеп тұрыпты. «Хан Қорын атқа мінуге жараған еркек адамын бір­де-бірін қалдырмай соғысқа баруға жарлық беріп, қазақ жауын­герлерінің алдынан шықты» дейді Қ.Сауранбайұлы (Төлен Қ. 2-том. 116-бет). Райымбектің, яғни қазақ­тың сол кездегі жауы кім болғаны және оның қай арада тұрғаны осы­дан-ақ айқын көрініп тұрған жоқ па?!

«Қорын ханның сол жерде,

Алмадай басын ұшырды.

Тігіп қойған жалауын

Сындырып жерге түсірді», —

дейді М. Болысұлы «Райымбек ба­тыр» дастанында (сонда, 189-бет).

«Бұрынғы шабындыда қалмақ қолына түсіп кеткен қазақтың ұл­дары мен қыздары қойдай жа­мы_рап, қозыдай шулап табысып жа_тыр» депті Қ.Сауранбайұлы (сонда, 120 бет).

«Бұрынғы шабынды» деп отыр­ғаны, әрине, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы. Осының өзі-ақ қалмақтың албан жерін енді басып алуға келе жатпағанын, ал Райымбектің қалмақтар бұрыннан иеленіп алған жерді азат етуге бар­ғанын ап-айқын-ақ айтып тұрған жоқ па? Тіпті, дау тудыратын мәселе ме осы? Тек «Батырлардың туған жы­лы — тарихи оқиғаның түп қазы­ғы» екенімен санаспай, «оны жұлып тастап, басқа жерге апарып қағып», сөйтіп «тарихтың ойран-ботқасын шығарып» жүргеміз жоқ па?!

Түрген мен Асыны қалмақтардан тазартқан соң, Райымбек қолы Көк­пекті билеп тұрған Секерге қарсы атта­нады. «Райымбек батыр… мұ­на­рада тұрған Секер хан мен Барақ батырды көздеп… тартқанда, Ба­рақтың садағының оқ мойнын жұ_лып өтіп, Секер ханның оң иығын қақыратып жіберді… Секер хан тірідей қолға түсті. Секер ханның басын шауып, оның қанын Аманжол ішті» дейді Қ.Сауранбайұлы (сонда, 126, 127 бет).

«Сөйлеп тұрған Секерді,

Садақпен атып құлатты.

Барақ деген батырын,

Қылышпен шауып сұлатты», —

дейді М.Болысұлы (сонда, 196 бет). Сәл-пәл айырмашылығы болғанмен, екеуінің нәтижесі бірдей. Бұларды мұқият оқыған адам Райымбектің өмірбаянын көкпарға салатындай ілік таппайды.

Алайда, менің бір байқағаным, Қ.Сауранбайұлы мен М.Болысұлы ол ара ежелден солай аталып келе жатқандай жазып, Ойрантөбе ұрысына арнайы тоқталмайды. Бала күнімде өзімнің Ешмұқанбет атам (1879 — 1956) Райымбек жайын­да өте көп әңгіме айтушы еді. Мен ол кезде оларға онша зер сал маппын, көбін ұмыттым. Бірақ Хангелдінің өз балаларын қалай сынағаны, Ойрантөбенің неге олай аталғаны жайында айтқаны әлі есімде. Атамның айтуы бойынша, тауға жақын жазық жерде қалмақ қолы дамылдап жатады. Айналасы ашық болған соң, қазақтар көрін­бей келіп, тұтқиыл шабуыл жасай алмайды деп сенеді. Содықтан бейқамдау болады. Қазақтар ке­леді-ау деген шығыс жақ сонадайға дейін көрініп жатқан ашық жер екен. Алайда Райымбек айласын асырып кетеді. Шығыстан — Көкпек шатқалы жақтан келмей, түнде Бұ­ғыты тауынан бұғынып өтіп, қал­мақтардың батыс жағындағы тауға келіп жасырынып жатады. Жазық жердегі аласа ғана екі төмпешікке бас сүйеп ұйықтап кеткен қалмақ­тарға таңғы құлқынсәріден «Райым­бек!» деп атой сап, ту сыртынан лап қояды. Алдыңғы бір топ әдейі шо­шып оянған қалмақтар мен үріккен аттарының ортасымен кесе шауып өтеді. Екінші топ аттарына жете ал­май қалған жаяу қалмақтарды ат бауы­рына алып баудай түсіреді. Сөй­тіп Райымбек қалмақтардың ой­ра­нын шығарған жер «Ойрантө­бе» аталыпты деуші еді.

Ойрантөбе жеңісінен кейін қалмақтар Райымбекпен келісімге келеді. Сол келісім бойынша, Ша­рын өзенінің шығыс жағы қалмаққа, батысы қазаққа қарайтын болады. Суықтоғай, Жіңішке, Таушілік, Қа­рабұлақ, Жалағаш (Жалаңаш), Үш Меркі, Көктөбені (Көкбиік) түгелдей билеп отырған Ағанас хан ол араны үш жыл ішінде босатып беруге уәде қылады (сонда, 132-бет). Алайда ол уәде бұзып, ол араны жеті жыл бойы босатпайды.

Осыны бір есептеп көрейік. Егер Түргенді Райымбек шамамен 17 жасында жаудан босатып батыр атанса, 18-інде Көкпекті азат етсе, жеті жылдан кейін 25-ке келеді. Бұл — 1755 жыл.

Енді Райымбек Ағанасқа қарсы аттануға даярланады. Бұл кез — оның әбден толысқан кезі. «Райымбек!» деген атының өзі жауға өле­р­дей үрей туғызған шағы. «Қалай­ша?» дейсіз ғой. Оның мәнісі бы­лай.

Қалмақ хандары Қорын да, Секер де, Ағанас пен Арыс та және олардың батырлары мен жауын­герлері де — ешқайсы бұрын-соңды Райымбекті бетпе-бет көрмеген.Тек ол жайындағы бірінен-бірі өткен үрейлі әңгімелерді ғана естіген. Шап­қанда қазақтың бәрі «Райым­бек!» деп шабады, ал оның қай­сысы Райым­бек екенін ешкім біл­мейді. Бүкіл қазақ түгелдей Райым­бек болып кеткен сияқта­на­ды. Ешкім білмеген, ешкім көр­меген қазақ батыры туралы сан түрлі әңгіме туып, соның бәрі Райымбектің өзінен бұрын қалмақ арасына тарап кетеді. Ал ондай әңгіме қайдан туады?

Жоғарыда айтқан екі ақ­сақал­дың жазбаларына қарағанда, Райымбек өте жүректі адам бол­ған. Өйткені ол үнемі жаудың ор­та­сына күні бұрын кіріп алып, со­лармен араласып жүріп соғысады. Қасына бір топ қалмақша білетін батырды іріктеп алады екен де, бәрін қалмақша киіндіріп, қал­мақша қару-жарақ асындырып, өзі де қалмақша киініп, жауының ортасына қалмақ боп кіріп кетеді екен. Ал негізгі қолын жақын маңайға жасырып қойып, іштен өзі соғыс ашқан кезде олар да сырт­тан «Райымбектеп» лап қо­я­ды екен. Іші де, сырты да — бәрі Райымбекшілеп кеткен кезде, қай жақтан сақтанарын да, қазақ­тардың қай жақтан шыға келгенін де білмей, қалмақтар қатты са­сады екен. Сасқан қалмақ, сөз жоқ, бас сауғалап қашады. Ал «қаш­қан жауға — қатын ер» деген, қа­зақтар қуа жүріп қырады.

Осыдан барып: «Ойбай, Райым­бек деген көзге көрінбейді екен, оның қайдан шыға келгенін ешкім көрмейді де, білмейді де. Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» де­генді бірінен-бірі естіген қал­мақтар «Райымбек!» деген ұран ес­тіл­геннен-ақ зәрелері ұша бас­тайтын болған. Тіпті олар «Райым­бек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақ­тар лап қойғанда, өздері де «Райы­м­бек!» деп ұрандап қоя бе­ретін болған. Ақырында «Райым­бек!» деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын зәрезеп халге жетеді. Бұл — ертегі де, аңыз да емес, тарихи шындық. Жү­ректі жауынгерлердің батыр­лығы мен айласынан туындаған таңғажайып жағдай. «Райымбек әулие екен» деп тараған сөздің төркіні осы жағдайды жөндеп тү­сіне алмауда жатыр. Алайда Райымбек атамыздың көріпкелдігі, бо­лашақты болжағыштығы бол­ған, ол ерекшелік атасынан дары­ған болар деп ойлаймын. Өйткені Хангелді батырдың жауырынға қарап айналадағы жағдайды бол­жайтынын Қазыбек бек жазған ғой. Аздаған болжағыштық қасиет ұрпағы Мұқағалидан да байқа­ла­тын.

Райымбектің тағы бір жұртты өзіне табындырған қасиеті — әділ­дігінде, дүниеге қызықпайтын та­залығында болған. Сол кездің дәс­түрі бойынша, жауды жең­ген­нен кейін одан түскен олжаны бө­лісу керек-ті. Сондайда Райым­бек батыр өзі ештеңе алмай, өзіне тиесі үлесті кембағалдарға түгел­дей бөліп беріп отырған.

Ол қалмақтармен тек соғысып қа­на қоймай, сан рет келісім жа­сап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер бол­ғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық ме­рекесі қарсаңында еліміздің азат­тығы үшін алысып, 30-ға то­лар-толмас жасында Іленің екі жақ бетін жаудан тазартып, ата-ба­бамыздың жер-суын өз ұрпа­ғы­на қайтарып әперген батыр баба­мыз­дың ерлігі мен азаматтық ірі­лі­гін дұрыстап тани білгеніміз, оның мақтауға да, мақтануға лайық істерін ұрпаққа үлгі ете біл­геніміз абзал-ау!