Әдебиет сабағының көрнекілігі

Оқытудың көрнекілік ұстанымы сабақ үрдісінде басты роль атқарады. «Көрнекілікпен оқытудағы басты мақсат – оқушыны байқағыштыққа, оймен топшылауға жаттықтыру. Өзінің байқағандарын сөзбен айтып бере білуге, одан логикалық қорытынды шығаруға үйрету». Көрнекілікті оқу үрдісінің барлық кезеңінде пайдалануға болады, бірақ оны жиі қолдануға да болмайды. Көрнекілікті белгілі тақырып мақсатында пайдаланғанда ғана тиімді болмақ. Сабаққа қажетті дидактикалық көрнекі құралдардың түрлері: заттық, образдық, графикалық, синтетикалық, синхроникалық кестелер; буклеттер, альбомдар; техникалық оқу құралдары; тірек сигналдары; кеспе, үлестірмелі қағаздар.

Заттық, образдық, графикалық. Көрнекіліктер көркемсөз шеберлерінің өмір жолын, шығармашылығын оқыту үстінде қолданылатын заттар, бейнелі суреттер (портреттер) шығармашылығы, өмір жолының сандық тізбектері.

Синтетикалық, синхроникалық кестелер. Олар арнайы ақын – жазушылардың шығармаларына тақырыптық бейнеде, образды бейнеде берілетін кестелер.

Буклеттер, альбомдар: ақын-жазушылардың өмір жолына арналып жасалатын бейнелі суреттер.

Тірек сигналдары: тірек плакаты, тірек конспекті. Тірек конспектісі – негізгі материалдан ең негізгілерін бөліп алу керек. Тірек плакаты – ақын-жазушылардың даталы, тарихи оқиғалары мен шығармаларының аты қай жылы жазылған анықтамасының көрсеткіші.

Кеспе, үлестірмелі қағаздар: жеке ақын-жазушылардың көркем шығармалары бойынша жасалады. Көрнекіліктің бұл түрі оқушының өзіндік, шығармашылық жұмыстарды орындау мақсатында пайдаланады.

Техникалық оқу құралдары екіге бөлінеді: экрандық техникалық құралдар, дыбыстық техникалық құралдар.

Экрандық техникалық құралдар. Бұған: киноаппарат, эпидиаскоп, кодоскоп, ЛЭТИ, «Протоп», «Свитязь», «Фильмоскоп» т.б. жатады. Бұлар шағын көрнекі материалдарды (суреттерді, кесте) экранға түсіріп, сабақ мазмұнына байланысты қажетті қосалқы материалдарды көрсетуге арналған.

Иллюстрациялық кестені қолдануда көркем өнердің, көркем шығармалардың туындыларын салыстыра талдап түсіндіруге, олардың өзара жақындығын, өнер туындысы ретіндегі өзіндік даралық ерекшелігін, өзара қатынасын, бірлігін көрсету, байқату көзделеді.

Диапозитив – экрандық техникалық құрал. Диапозитив арқылы сериялы материалдарды бөлшектеп, жеке-жеке кадрларға бөліп береді.

Диафильм. Диафильм жазушы өмірін, жеке шығарманың мазмұнын ашып беруге арналған. Диафильмнің ерекшелігі – көріністің, құбылыстың логикалық байланысын сақтап, қимыл үстінде көрсетеді.

Кинофильм мен теледидар. Оқушы өзі оқыған шығармаларын кинофильм арқылы көрсе, білімнің берік болуына мүмкіндік туады. Сол мүмкіндікті теледидар жүзеге асырып отыр.

Дыбыстық техникалық құралдар. Дыбыстық құралдар оқу үрдісінде екі міндетті шешуге көмектеседі: арнайы жазбаларды, диктордың көркем сөз шеберлерінің, қоғам қайраткерлерінің сөздерін тыңдауға; оқушылардың, мұғалімнің өз сөздерін жазуға, талдауға мүмкіндік жасайды.

Радиохабарлар. Радиохабарлар көркем сөзді оқу арқылы, оқушыға талданып берілетін жаңа мәлімет. Тыңдау арқылы танымдық қызығушылығын арттырып, сабақты жандандырып, шығарманың мазмұндау дәрежесінің эмоционалдық қатысын арттырады.

Күйтабақтағы жазба. Күйтабақты мұғалім сабақ үрдісінің ең тиімді жерінде пайдаланады. Күйтабақты пайдалану сабақтың мақсатына, мұғалімнің жеткізбек идеясына, нені ойластыруына тікелей байланысты.

Магниттік жазба. Бұл магнитафон арқылы жүзеге асырылады. Сабақ мақсатына қарай мұғалім магнитафонға жазып алып, сабақтың түрі мен дидактикалық ұстанымына сай байланыстыра пайдаланады.

Көрнекілік – оқу материалын оқушы көңіліне оңай да әсерлі жолмен жеткізуші көмекші құрал. Ол бүтіннің бөлшегі секілді сабақтың бойында оның белгілі бір құрылымдық структуралық бөлшегіндей басқа құрамдас бөлімдерімен қабат-қабат қабысып жатуы қажет. Сонда ғана көрнекілік шәкірт білімінің тұтастығын арттырып, сабақ үрдісінің тиімділігін жүзеге асырады.