Оқушы білімін есепке алу мен бағалау

Үй тапсырмасын беру және бала білімін есепке алу жолдары

Үй тапсырмалары бірнеше мақсатта беріледі:

а) сыныпта алған білімдерін бекіту;

ә) сыныпта алған білімдерін қосымша материалдар арқылы байыту, молайту;

б) шығармашылық бағыттағы тапсырмалар арқылы қабілеті, дарыны, талантын дамыту, оған әсер ету;

в) алдын ала берілетін тапсырмалар арқылы оқушыларды жаңа сабаққа дайындау.

Үй тапсырмасының қандай түрі болмасын, мұғалім даралап (дифференциалдап) оқыту принциптерін басшылыққа алуы тиіс.

Үй тапсырмасын беру оқылып жатқан тақырыптың ауыр, жеңілдігіне де байланысты болады. Мұғалім оған кететін уақытты мөлшерлейді, сондай-ақ басқа пәндердің тапсырмасын да ескеріп отырғаны жөн.

Үй тапсырмасын түсіндіріп беру, үлгі, көмек көрсету оның жемісті орындалуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, қабілеті «орташадан төмен» оқушыға мұғалім үнемі көмек көрсетіп, «көмек-нұсқау» беріп отыруы керек.

Үй тапсырмаларының түрлері

  • Оқулық бойынша берілетін тапсырмаларға мыналар жатады:

а) Тақырып бойынша сұрақтарға жауап.

ә) Тақырыптарды оқу, мазмұндау.

б) Тақырыптардың ең негізгі, түйінді дәнін бөліп ала білу.

в) Тезис конспекті жасау.

г) Өз беттерімен тақырып материалдарына сұрақтар әзірлеу.

  • Көркем мәтін, көркем туынды бойынша:

а) Сюжеттік, композициялық жоспар жасау.

ә) Аннотация жазу.

б) Поэтикалық талдау жасау (көркем компоненттеріне).

в) Жазушы тілі, стиліне талдау

г) Кейіпкерлердің сөйлеу тілі, іс-әрекетінен мысалдар алу, оны жауаптарында, не шығармаларында пайдалану.

д) Негізгі оқиғаларды сұрыптап ала білу, сол бойынша мазмұндау, не образдардың іс-әрекетін ашу.

Бұл тәсіл, әсіресе, көлемді шығармаларды оқуда пайдалы. Мысалы, 4 томдық «Абай жолын», оның барлық оқиғаларын есте ұстау – өте қиын. Сондықтан әр кітаптың ең негізгі, басты оқиғаларын сұрыптап ала білудің маңызы зор.

Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар бағдарламада да берілген. Соны басшылыққа алу керек. Бағалау міндетті түрде түсіндірмелі талдау әдісімен беріледі. Бұл, әсіресе, бала білімін ауызша талдауда іске асырылады. Шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстардың аяғында пікір беріледі. Қателері жинақталып көрсетіледі. Талдау әдісімен бағалауда оқушылар оқушылар пікірімен, сыныптың пікірімен есептесіп отырған да жөн. Оқушы өзіне қойылатын бағаға келісе ме, оны да білудің артықтығы жоқ. Кейде оқушыларға өз білімін өзіне бағалатудың да маңызы зор. Бұл тәсіл оларды әділдікке тәрбиелейді. Өз-өзіне сын көзбен қарауға баулиды. Онда да оқушы бағаны талдау, түсіндіру арқылы қояды. Өз бағасына келіспеген оқушы егер қайта дайындалып келіп, айтайын десе, оған да мүмкіндік беру керек. Баға қоюдағы басты мақсат оқушыға білім берудің негізінен туындамай ма? Баға қоюда мұғалім ерекше әділ болғаны жөн. Қатал талап та, терең талдау да, көрегендік пен мейірім де, тіпті кешірім де бағалау кезінде өте керекті мәселелер. Әсіресе, «орташа», «төмен» оқитын, денсаулығы нашар немесе жетім балалар білімін бағалауда мұғалімге педагогикалық әдеп, ерекше ілтипат керек. Әділ, қатал болам деп, үнемі «2» немесе «3» қоя беру мұғалімді де, оқушыны да жетістіктерге жеткізбейді. Тамаша ұстаздар «екілікті» баланы жазалау түрі деп, әлдененің әлсізге жасаған қысастығы деп түсініп, оны қоя беруден бас тартады. Оның орнына нашар оқу себебін анықтайды, көмектеседі, қосымша сабақ өткізеді, өз сабағын барлық оқушыға қызықты етіп өтетін дәрежеде ойластырады. Қазір балаларды қабілеті, ынтасы, икеміне қарай оқыту тәжірибеге молынан енуде. Бұл – аса құптайтын мәселе. Мұғалім алдында математикадан қабілетті оқушы отырса немесе әнші, өнерпаз бала отырса, қолы шебер, ісмер бала отырса, оған кешіріммен қарап, үлгерімді жақсарту үшін, ізденген жөн. Баға – тек бала білімінің анықтаушысы емес, ол мұғалім еңбегінің де жемісі, анықтаушысы болып табылады.