Әдебиет сабақтарында әдіс-тәсілдерді таңдап алу жолдары

  1. Ұтқырлық мұраты, мұғалімдерден сабақтың мақсатын жинақты түрде айқындап, белгілеп алғаннан кейін, сол мақсатты жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін де таңдап ала білуді талап етеді. Ол үшін әр мұғалім оқыту әдістемесін жете біліп, әрі оны сабақ мақсатына қарай іріктеп алып, шебер пайдалануы керек. Бұл аса маңызды, мұғалімнен шығармашылық ізденісті, жүйелі, тиянақты жұмысты талап ететін мәселе болып табылады.
  2. Мұғалім әр әдіс-тәсілдің өзіндік ерекшелігін, мүмкіндіктерін де жете білуі қажет. Көпшілік жағдайда мұғалімнің өзінің төселген, дағдыланған әдіс-тәсілі болады. Мұндай мұғалімдер қай тақырып болмасын, оны қай сыныпта өткізбесін, сабақтың негізгі мақсатын да еске алмастан, «дағдыға» айналған әдіс-тәсілмен сабақ жүргізе береді. Бұндай сабақтар тиімді өтеді, ол оқушыларға өз дәрежесінде білім береді деп айту қиын-ақ. Оқу-тәрбие жұмыстарының барлық саласын бір өзі шешіп тастайтын әдіс-тәсіл жоқ. Сол себептен де мұғалім әдіс-тәсілдерді жете меңгеріп қоймай, оларды қай жағдайда, қалай пайдалануға болады, — соны да ерекше ойлануы керек. Мысалы, тәжірибе көрсетіп жүргендей, бір жағдайда тиімді болған, пайдалы деп танылған әдіс-тәсілдер екінші жағдайда кейде тиімді, пайдалы бола бермейді. Неге олай, себебі не? Оқушылардың таным белсенділігін, сөйлеу қызметін дамытуда, жетілдіруде, оларға өз бетінше қорытынды, тұжырым жасата білуде проблемалық оқытудың маңызы ерекше. Оқытудың бұл түрі арқылы мұғалім оқушы алдында проблемалық жағдаят тудыратын танымдық-іздендіруші, шығармашылық сипаттағы зерттеу әдісіне бағытталған тапсырмалар береді және оны орындата алады. Өтетін тақырып аса күрделі емес, әрі оқушылар дербес, өздері шеше алмайтындай тапсырмаларға төселген жағдайда ғана проблемалық оқытуды басшылыққа алу тиімді болады. Түсіндірмелі-репродуктивтік әдістің де өзіндік ерекшелігі, мүмкіншілігі бар. Бұл әдіс-тәсілдің ең тиімді жағы мұғалім білімді қысқа мерзім ішінде, барлық оқушыларды қамти отырып береді. Оқу материалын ақпараттық сипатты, әңгімелеу, түсіндіру сипатында жеткізеді. Оқушылар да өз мүмкіндіктерінше ол білімді қабылдап алады. Бірақ репродуктивтік-түсіндірмелі әдісте оқушының дербес ойлауы арқылы жүргізетін өзіндік жұмыс түрлері әлсіз болып келеді. Сондай-ақ әдебиетті оқытуда тиімділігі ерекше, көрнекілік әдісінің де мүмкіндіктері әр түрлі.
  3. Көрнекілік оқушылардың пәнге қызығушылығын, таным белсенділігін арттырады. Дегенмен, оны үнемі пайдалану оқушылардың дерексіз түрде ойлауын тежейді, көркем тілінің дамуына кедергі жасайды. Міне, сондықтан тиімділік идеялары да сабақта мұғалімнің өзі төселген бір әдіс-тәсілмен жұмыс істеуін, немесе өзі білетін барлық әдісті бір сабаққа үйіп-төгуін жоққа шығарады, әрі бір сүрлеу, бір ізбен жұмыс істеудің тиімсіздігін дәлелдейді. Тиімділік идеялары оқыту әдістерін үйлесімді түрде, сол сабақтағы оқу-тәрбие мақсаты, тақырып ерекшелігі, сабақ өткелі отырған сыныптың жеке даралық, жағдайларын ескере отырып, таңдап, сұрыптап ала білуді талап етеді. Белгілі, нақтылы жағдайға байланысты тиімді, пайдалы деп сұрыпталынып алынған әдіс-тәсілдер екінші жағдайда тиімді болуы да мүмкін. Сол себепті әдіс-тәсілдерді үнемі бірлікте, үйлестіре пайдаланған дұрыс болады. Өзіндік әдісін көрнекілікпен, практикалық жұмыстармен астастырып немесе зерттеу әдісін түсіндірмелі әдіспен үйлестіре пайдаланудың маңызы зор болмақ (әрине, қай әдістерді қалай пайдалану сабақ мақсатына байланысты туындайды). Ал кейде практикалық, танымдық-іздендіруші әдістерді көрнекілік әдіспен үйлестіре пайдалануға болады. Әдіс-тәсілдерді үйлестіре қолдану – оқушылар еңбегін ғылыми, тиімді түрде ұйымдастырудың маңызды бір саласы. Бұндай сабақтардан оқушылар жалықпайды, әрі пәнге деген қызығушылығы, белсенділігі артады. Сабаққа әзірлік үстінде өтетін тақырыпқа зер сала отырып, оны қандай әдіс-тәсілдер арқылы түсіндіргенде ғана оқушыға берік те тиянақты білім беруге болатынын әбден ойластыру қажет. Ал өзі таңдап алған әдіс-тәсілдердің нәтижелі болуы ол мұғалімнің қаншалықты дәрежеде оқыту әдістерін жете біліп, жете меңгеруіне байланысты. Егер мұғалім сөздік әдісінің теориялық білім берудегі тиімділігін ескермесе немесе оқушылардың теориялық білімдерін өмірге пайдалана білу үшін, оны практикалық әдістермен үйлестіргенде, нәтижесі болатынын білмесе, әрине, онда мұғалім таңдап алған әдіс-тәсілдер жүйесінің нәтижелілігі туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ.