Қазақ хандары.

Бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығы иен жерін иеленіп, бірде қанатын жая өркендеп, бірде қарқыны сәл төмендеп, ішкі, сыртқы қайшылықтарына қарамастан тоқтаусыз даму қалпында болды. Қазақ хандығы ыдырамай, ру-руға, тайпа-тайпаға, ұсақ хандықтарға бөлініп, берекесіздікке ұшырамауы ағайынды Жәнібек пен Керей хандардың, олардың ұрпақтары-Керей ханың баласы Бұрындық, Жәнібек ханның баласы — қолбасшы Қасым ханның ойлы, іскер басқаруымен де байланысты болғаны белгілі.

Қасым ханның баласы Хақназар да белгілі ел билеуші болғанын, көрші елдермен саясат жүргізу кезінде оның екі баласы да, өзі де өлтірілгенін тарихтан білеміз. Жәнібек ұрпақтары Шығай, оның баласы Тәуекел мен Есім, Есім мұрагері Жәңгір хандар кезінде де көрші елдермен қақтығыс –соқтығыстар, ойрат шапқыншылықтары болып тұрса да, Қазақ хандығы шайқалмай, беріктік көрсеткен.

Қазақ хандығы түріндегі Қазақ мемлекеттігінің пайда болуына негіз болған обьективті себептер: Дешті Қышпақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қазақ рулары мен тайпаларының этникалық және саяси топтасуының күшейе түсуі, қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы, феодалдық қатынастардың дамуы.

Хандықтың негізін салушылар – Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек.

XV ғасырдағы қазақ хандығы толық қалыптасып бітті. XVI ғасырда қазақ хандығы нығайып, территориялық жағынан ұлғая түсті.

Қасым ханның тұсында қазақ хандығында ішкі қайшылықтар жойылып, саяси және экономикалық жағынан нығаюының арқасында шекара аймағы ұлғая түсті.

Алғашқы қазақ ханының тұсында – “Қасым ханның қасқа жолы” жасалды.

XVI ғасырдың екінші жартысында әлсіреген хандықты біріктіруде Ақназар ханның үлесі біршама болды.

Тәуекел хан тұсында қазақ хандығы мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың нығайып, қазақ хандығы Орта Азияның сауда орталықтарына шыға бастады.

XVII ғасырдағы қазақ хандығында Есім хан орталықтандырылған мемлекет құруға әрекет жасады. Қазақ хандығының Есім хан тұсында Оңтүстік шекаралары кеңейе түсті. “Есім ханның ескі жолы” деп аталатын заң дүниеге келді.

XVII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Тәуке хан билік құратын кезеңде (1680-1717) халықтың бірлік ынтымағының арта түсуі көзге түседі.Қазақ хандығы Тәуке хан билік жүргізген кезде (1680-1718) едәуір нығая түсті. Оның қырғыз, қарақалпақ халықтарымен бірігіп, әскер дайындауы қазақ жеріне бұрын оқтын-оқтын ойран салатын ойраттар шабуылдарын сиретті. Тәуке хан хандықтағы саяси жағдайды біраз жөндейді, мемлекет құрамы мен құқық тәртіптерінің жиынтығы-“Жеті жарғы” құрғызады, көрші мемлекеттермен тыныштық қатынастар мен бірігу жолдарын қарастырады.

Алайда, бейбіт өмір көпке созылмайды, жоңғарлар қазақ еліне шабуылдауды жиілетеді. Тәуке хан өлгеннен соң елден береке кетеді, 1723 жылғы жоңғарлардың ойраны – “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”- “год Великого бедствия” деп аталатын қара дауылды әкеледі. Мұңлы күндер қазақтардың бірсыпырасын атамекенінен қуғындаған еді. Қазақ халқының одан кейінгі тарихы қазақ жеріне Ресей отаршылдығы орнауына байланысты дамыды.

Осындай қилы –қилы тарихи кезеңдер аясында қазақ сөз өнері де жалғасын тапты. Қазақтың бай фольклоры мен ежелгі ортақ жазба ескерткіштер негізінде қалыптасып, дамыған XV – XVIII ғасыр поэзиясы – қазақ халқының ықылым замандар бойы жасаған сөз өнерінің, тума әдебиет қазынасының үлкен бір саласы, құнды мұрасы. Бұл мұраның ең басты қасиеті-қазақ халқы мен қазақ хандықтарының XV ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың басында құрылуы, күрделі тарихи кезеңдерінің кейбір тұстары көркемдік дәрежеде бейнеленуінде. Осы кез поэзиясы 1219-1221 жылдарда монғол шапқыншылығынан кейін, Шыңғыс хан империясында, оның балалары Жошы мен Шағатай үлесінде, езгісінде болған байтақ жердің тұрғындары, жергілікті түркі тілдес ру-тайпалар ғасырлар бойы сілкініп, бірігу жолдарын іздеген кездерде қалыптасып, дамыды.

Осы кезеңде қазақ мемлекетінің әлеуметтік, экономикалық және ішкі жағдайды реттеуге бағытталған реформалары пайда болды.

Қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер жасаған “Жеті жарғы” заңы жасалды.

XVII ғ. алғашқы жартысында Жоңғар хандығы құрылып, қазақ-жоңғар қатынастары шиеленісе түсті.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде қазақ хандығы әлсіреді. Қалмақтардың қазақ жеріне шапқыншылық жорығы басталды.

1710-1711, 1717, 1723-1725, 1740-1742 жылдарда қазақ жеріне жасалған жоңғарлардың жорықтары.

Қазақ халқы жоңғар басқыншылығына қарсы күреске шықты. Жоңғар мемлекетіне бірлесе отырып бірнеше жорықтар ұйымдастырылды. Жоңғар қалмақтарына күйрете соққы берген қазақ батырларын Абылай хан қолбасшылық жасап, жеңісті жорықтарға жетті.

Жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастыруда Абылайдың ролі ерекше.

Қазақ хандығының мемлекеттілігін, тәуелсіздігін сақтап қалуда Абылайдың батырлығы, ұйымдастыру, дипломатиялық шеберлігі орасан зор.

Сол кезеңде қазақ әдебиетінің жаугершілік поэзиясында Абылай ханға, жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен танылған қазақ батырларына арналған поэзиялық туындылар дүниеге келді. Әсіресе XVIII ғасырдағы жыраулық поэзияның өкілдері: Тәттіқара, Үмбетей, Бұхар шығармаларынан Абылайдың орталық, қаһармандық бейнесін көре аламыз.

XV – XVIII ғасырлардағы бір топ ақындар шығармаларында фольклорлық және жазба шығармашылық сипаттар мол. Бұл ғасырларда Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар сияқты ақындардың мұрасы пайда болды.