Қазақ хандығының құрылуы.

XIV-XV-XVII ғасырлардағы қазақ жерінде болған ірі тарихи оқиғалар осы аймақтардың жүзжылдық материалдық, рухани өмірі мен тарихына әсер еткен. Монғолдар ұлыстарына бағындырылған халықтардың бірнеше ғасырғы үстемдікке қарсы тәуелсіздік жолындағы күрес толқындары Шыңғыс ханның (1155-1227) үлкен баласы Жошы ордасын әлсіретіп, оның мұрагері Батый негіздеген Алтын Орда мен оңтүстік жақтағы шағатайлықтар мемлекетінің ішараздықтарын өршітті. Түркі тілдес тайпалардың өз мемлекетінің құралу процесі аяқталуға бет алды. Монғол езушілігінің ауыр экономикалық салдары сейіліп, шаруашылықтың бір арнаға түсуі мен қоғамдық-саяси қарым-қатынастарда белгілі бір алға басушылықтар нәтижесінде бірнеше мемлекет – Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай ордасы, т.б. пайда бола бастаған.

Дешті-Қыпшақта сонау XIII-XV ғасырларда монғолдардан кейінгі дәуірде Ақ Орданың өз алдына мемлекет болып тұру тарихы да қиындықтар мен күреске толы болыпты. Оның едәуір көтерілген дәуірі – XIV ғасырдың 60-70 жылдарындағы Орыс хан билеген кезі. Алайда, сол уақытта Ақ Орданың өз тәуелсіздігін сақтап қалуы үшін тағы Әмір-Темір басқыншыларымен де бірнеше жыл күресуіне тура келген.

Түріктендірілген монғол тайпасы – барластан шыққан Әмір-Темір (1336-1405) XIV ғасырдың 60-жылдары Мәуереннахрдегі феодалдық келіспеушілік – тайталастар кезінде Орта Азияны өзіне бағындырып, 35 жыл бойы үстемдік еткен. Оның қанды жорықтарына қазақ жерінің де іліккені, жандайшабы Тоқтамысқа Ақ Орда бағындырылғаны, жергілікті күш пен әскери қорға сүйенген ол Темірдің ықпалынан шығуға тырысуы, Тоқтамыс пен Едіге арасы, Темірдің үлкен үш жорығы нәтижесінде 1395 жылы Алтын Орданың құлауы, үздіксіз шапқыншылық жорықтарының нәтижесінде Темір иелігінің Мәуереннахр, Түркістан, Хорезм, Иран, Ирак, Ауғанстан, Закавказьеге жайылғаны, 1402-1405 жылдары Қытайға аттанған кезде Ақсақ Темірдің 1405 жылы Отырарда өлуі – осының бәрі де тарихтан белгілі. Темірдің қазақ жерінде болуының айқын көріністерінің бірі – Ясы (Түркістан) қаласында Қожа Ахмет Иассауи кесенесін салдыртуы.

Темір жорықтарынан әлсіреген Ақ Орда бұрынғы Орыс ханның немересі Барақ 1423-1428 жылдары билік еткенде едәуір еңсесі көтеріле бастайды, бірақ Барақ өлтіріледі. Ақ Ордаға Дәулет-Шайх-Олған баласы Әбілхайыр хан етіп сайланады. Ол қырық жыл бойы ұлан-байтақ шығыста Жайықтан Балқашқа дейін, оңтүстікте Сырдарияның төменгі маңы мен Арал теңізі жағы және солтүстікте Ертістің орта ағысына дейінгі жерді мекен еткен халықтарды билейді.

XVI ғасырда қазақ халқы өзінің этникалық территориясында әбден орнығып, қазақ елі атанып, дамудың жаңа сатысына көтерілуге бет алады, жазба деректерде “Қазақстан” терминімен атала бастайды.

“Дәшті-Қыпшақтың бұл кездегі әміршісі Әбілхайыр хан еді. Әбілхайыр Жошы әулетінен тараған сұлтандарға көп теперіш көрсетті, сондықтан олардың екеуі – Жәнібек хан мен Керей хан Моғолстанға ауып кетті. Иса-Бұға хан оларды меймандостықпен қабылдап, иеліктеріне Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу, Қозы-Басы деген жерлерді бөліп берді”,- деп жазады Дулат руынан шыққан атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар қазақ хандығының құрылуы хақында.

Қазақтың екінші бір тарихшысы Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл деректерді толықтыра келіп, қазақтардың Әбілқайыр ұлысынан бөлінуіне сылтау болған жайды баяндайды.

Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы — әділ төреліктері үшін Ақжол атанған Дайырқожа деген би екен. Осы Дайырқожа мен ханның тағы бір сүйікті адамы қара қыпшақ Қобыланды батыр қас бопты. Бұлар іштей жауласып жүргенде бір күні далада оңаша кездесіп қалады да, Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіреді. Алайда Дайырқожаның жақтасы Әз-Жәнібек мұны біліп қойып, халықтың ескі салты бойынша қанға қан алмаққа Қобыландының басын сұрапты. Қобыландыны берсе қалың қыпшақ бүліншілік шығаратын болған. Әбілхайыр Жәнібекке үш кісінің құнын алып бітіс депті. Жәнібек бұған көнбей бөліне көшкен екен.

Дайырқожаның әкесі Қодан-тайшының қаза болған ұлының сүйегін айналып жүріп жылағанда айтқан жыры сақталған. Жыр өте көркем: бояуы қою, суреттері ашық.

Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!

Сексен асып таянғанда тоқсанға,

Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!

Адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының!

Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,

Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным!

Қодан тайшының мұрасынан біздің дәуірімізге жеткені осы-ақ. Алайда оның кезінде алты алашқа мәшһүр даңқты ақын болғандығы аңғарылады.

XV – XVI ғасырларда ежелгі қазақ жерінде Қазақ хандығының қалыптасу процесі тәмәмдала бастады, әр тараптан ру, тайпалардың өзара жақындасуы, бірігуі жиіленіп, халық ретінде ұйысып, ортақ тіл, жазу үдей түсті. “Қазақ” атауы орнығып, тарихи құжаттарда да, көрші елдер де осы аймақ тұрғындарын “қазақтар” дейтін дәрежеге жетті.

Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарихи-Рашиди” аталатын еңбегінде және басқа құжаттарда “қазақ” атауы, термині әуелде Барах ханның ұрпақтары-ағайынды Жәнібек пен Керей бастаған рулар мен топтардың бөлінуіне байланысты туған.