Насреддин Рабғузи, Хорезми еңбектері

Насреддин Рабғузидің прозалық туындысы – “Қисса –сул анбия ” діни мистикалық шығармалар қатарына жатады. Еңбек сюжеттік жағынан әулие-әнбиялар, өздерін құдайдың өкілдері санайтын пайғамбарлар жайында қисса-хикаялар, ертегілер жинағынан тұрады.

“Қисса –сул анбия ” 1914 жылы Қазан, кейін Ташкент қалаларында бірнеше рет кітап болып басылып шықты. Ғалым Бейсенбай Кенжебаев “Рабғузи қиссаларын ” тақырып-мазмұнына, идея-мәніне қарай үш топқа жіктейді :

  1. Жер, көк,адамзат, хайуанат, жын-шайтан, періште, адам ата, от ,топырақ

жайлы түсінік, мақала, әңгіме.

  1. Әулие-әнбиялар, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері

туралы қиссалар, ертектер, аңыздар.

  1. Шежіре-мұсылман жыл есебінің, хижраның алғашқы он жыл ішінде

болған тарихи оқиғалар, календарь- жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер.

Еңбектің кейбір қисса -әңгімелерінде ауыз әдебиетінің сарыны, сюжеті, көркемдік тәсілдері басым болып келеді.

“Қисса-сул әнбия “, бір жағынан, діни аңыз-әңгімелерге, екінші жағынан, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлеріне негізделіп жазылған прозалық көркем туынды болып табылады.

Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ең көрнекті үлгісі –“Мухаббат-наме” дастаны. Оны жазған ақын Хорезми. Дастан шамамен 1350 –жылдары жазылған. Дастанның екі қолжазба нұсқасы мәлім. Екеуі де қазір Лондонның Британия музейінде сақтаулы тұр. Қолжазбаның бірі үйғыр әрпімен, екіншісі араб жазуымен жазылған.

Дастанды тұңғыш зерттеген ғалым А.Н. Самойлович болды. Кейін А. М. Щербак тілдік тұрғыдан зерттеп шықты. Өзбек ғалымдары С. Касимов, В. Валиходжаев, Н. Маллаев қазақ ғалымы А. Қыраубаева т.б. дастан жөнінде бірқатар зерттеулер жариялады.

Дастан 473 бәйіттен тұрады. Ол 11 наме (хат) түрінде берілген. Мұнда жігіттің қызға жазған 11 хаты жырға негіз болған.

Ақын дастанды Алтын Орда ханы Жәнібектің әкімдерінің бірі Мұхаммед Қожабектің тапсыруы бойынша жазған. Жырда ақын әкімді мақтап, таныстырып дәріптеп өтеді. Ал негізгі бөлімде жігіттің қызға деген мөлдір махаббаты жырланады. Жігіт қызды Айға ,Күнге теңеп, жер бетіндегі сұлулық атаулының ғажайып картинасын жасайды.

Дастанның басты қаһармандары-бір-біріне ғашық болған жігіт пен қыз. Алайда қыздың жігітке жазған жауап хаты дастанда берілмейді.

“Мухаббат-наме”- сюжеті қызықты, тілі көркем, көріктеу құралдары алуан түрлі, өлең құрылысы шебер жасалған дастан.

Қорыта айтқанда, Хорезми сәтсіз махаббаттың трагедиясын жырлай отырып, өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді, сол заманның кейбір теңсіздік мәселелеріне наразылық білдіреді. Бұл ғажайып шығарманы танып –білу арқылы біз бүгінгі қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өмірге келу жолдарын, қазіргі қазақ тілінің даму сатыларын, халқымыздың өткендегі әдет-ғұрпын, салт-санасын тереңірек ұғынатын боламыз.