БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУДАҒЫ ДУАЛЬДАУ РЕФОРМАСЫ

ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев жыл сайынғы жолдауында білім саласына ерекше басымдылық беріп, жастардың білім-біліктілігін жетілдіру үшін барлық жағдай жасауда «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек….» «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ» деп, Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары дамыған 30 мемлекеттің дамуына кіру үшін нақты мақсаттар жүктеген болатын. Аталған бағыттардың табысты іске асырылуы ең алдымен, тек білімнің сапасымен анықталатыны белгілі. Осы негізде қазіргі таңда білім мен ғылымды инновациялау мен модернизациялау экономикалық дамудың басты бағытына айналды. Еліміздің дербес даму бағыты айқындалып, халықтың тарихқа деген көзқарасы жаңа қырынан жаңғыра бастаған бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі – «білім беруді жаңа инновациялық жолмен дамыту болып отыр». Инновациялық процестерді ендіру өзара байланыс негізінде анықталады: енгізілген технологияның ерекшеліктерімен; жаңашылдардың инновациялық әлеуетімен; жаңалықты енгізу жолдарымен. Жаңа инновациялық оқыту технологиясы кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін педагогикалық аса зор тәжірибені жұмылдыруды қажет етеді.

Білімді иновациялаудағы «Инновация» терминіне тоқталсақ: (лат. «novatio», «жаңарту» («өзгерту»), «in», «бағыттау», егер толық аудармасы «Innovatio» — «өзгеріске бағыттау») — «жаңару, өзгеру» деген мағынаны бiлдiредi. Инновациялық құбылыстар білім беру саласында өткен ғасырдың сексенінші жылдарында кеңінен тарала бастады. Бұл процесс адамзаттың интеллектуалдық қызметінің нәтижесімен, яғни ой-танымымен, шығармашылық жаңа ашылуларды ойлап табумен айқындалады. Сондай-ақ, «инновация» бірнеше өзекті мәселелердің түйіскен жерінде пайда болады да, берік түрде жаңа мақсатты шешуге бағытталады, педагогикалық құбылысты үздіксіз жаңғыртуға жетелейді. Осы негізде жаңа технологияны игеру мен оны әлемдік тәжірибеден үлгі алып, өндіріс саласында қолдана білу білім саласының алдына жаңа міндеттерді жүктеп отыр.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім берудің негізі мақсаты былайша айқындалады: «Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Болашақтың табысты экономикасы білім беруіне, халықтың дағдылары мен қабілетіне инвестициялайтындар болмақ. Білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, экономикалық инвестициялар ретінде түсіну қажет. Білімге негізделген экономика және қоғам, өмір бойы оқыту – бәсекеге қабілеттілік пен жаңа технологияларды қолдану проблемаларын шешудің, әлеуметтік бірлікті, тең мүмкіндіктер мен өмір сапасын жақсарту тәсілдері болуы тиіс» деп, қазіргі таңдағы қоғам мен мемлекеттің дамуы үшін білімді дамытудың маңыздылығын айқындай отырып, білімді дамытуда бірнеше міндеткерліктер жүктейді. Сондықтан да, соңғы жылдары еліміздің білім жүйесін жаңғырту мәселесі үнемі күн тәртібінен түспей, соның ішінде оқытудың мерзімі мәселесі қозғалып, орта білім жүйесін жаңа технологияға негізделген білім беру стандарттары мен жаңа бағдарламалары, оқулықтар жобасы жасалып, олар барлық деңгейде талданып келе жатыр. Орта білім саласындағы осы өзгерістер педагогикалық білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізіп, педагогикалық оқу орындары білім нәтижелерін осы тұрғыдан қарастыруға бағыт алуда.

Бүгінгі таңда білім беру саласында көптеген модернизациялар жүргізіліп жатыр. Орта білім берудің 12 жылдық моделі, кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнының жаңартылуы, электронды оқыту, зияткерлік мектептер арқылы жоғары оқу орындарына дарынды шәкірттер дайындау, жоғары оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар, магистрлар мен PhD докторларды дайындау арқылы университеттік білімді жаңа деңгейге көтеру бірқатар инновациялық жобаларға бастама болып, инновациялық оқыту әдісі кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан, қазіргі таңдағы білімді одан әрі дамытуды қажет ететін ауқымды жобалар мен әлем тәжірибесіне негізделген инновациялық білім берілуі тиіс. Оның негізгі мақсаты- Қазақстан Республикасындағы практикалық маңызы бар ғылым мен білімді дамытудың басым бағытына сәйкес келетін инновациялық жобаларды іріктеу, аймақтағы ғылыми-зерттеулерді дамыту және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғылым мен білім жетістіктерін пайдалану болып отыр.

Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестер қарқынды даму үстінде. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайтынын бүгінгі қоғам дәлелдеп отыр. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану білім саласына мықтап еніп, соның негізінде әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Сондықтан, білім саласын модернизациялауда ұлттық инновациялық жүйені жасау адам іс-әрекетінің жаңа ғылыми және кәсіби бағыттарын айқындауды көздей отырып, кадрлар дайындаудың мамандандырылған жүйесін іске асыруды талап етеді.

Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында кәсіптік білімді дамытудың маңыздылығын айқындай келе, білім саласына қатаң тапсырма жүктеген болатын: «Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет» осы негізде кадрларды дайындаудың мамандандырылған жүйесін жасауда ғылыми техникалық прогресстің қазіргі деңгейін ескере отырып, білім беру саласына қойылатын жоғары халықаралық талаптарды да қанағаттандыру мақсатында еліміздің мұнайлы аймақтарында, кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе — дуальды оқыту әдісі енгізіліп, осыған орай, қазіргі қоғамға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуальдау оқыту жүйесін ендіру осы салада нақты біліктілігі мен мамандығы бар кадрларға деген сұранысты арттырады деп болжам жасалуда.

Оқытудың дуальдау жүйесі дегеніміз не соған анықтама берсек: Дуальдау оқыту жүйесінде кәсіптік білім беру- өнеркәсіп өміріне дайындық жүргізу үшін білім алушының теориялық және практикалық дағдысын қалыптастыру мақсатында жүргізілетін негізгі оқыту жүйесі болып табылады. Дуальды оқыту әдісі әлемнің көптеген ірі дамыған мемлекеттерінде мысалы, Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерінде жоғары нәтиже беріп жүргізіліп келеді. Яғни білім алушыны жан-жақты дайындау. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы жұмыссыздық мәселесін шешу, жас білім алушының жаңа технологияны меңгере отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай жұмыс күшін қалыптастыру. Сондықтан, дуальды оқыту жүйесі өнеркәсіп саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесін толық қанағаттандыратын негізгі жүйенің бірі болып табылады. Сондай-ақ, дуальды оқыту жүйесі арқылы, білім беру мен кәсіпорын арасында тығыз байланыстың орнауына да үлкен септігін тигізеді. Осыған орай, бұл оқыту жүйесінінің тиімділігі жан-жақты талқыланып, білім және ғылым министрлігінің шет елдердің тәжірибелерін зерттей келе, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізу басшылыққа алынды. Сондай-ақ, дуальды жүйенің басымдығы оқытудың өндіріспен тығыз байланысын орнап, қазіргі таңда елімізге осы жүйе қолданысқа ене бастады.

Әр оқу ордасы әр сала бойынша дуальдық жүйені қолдануға мүмкін болатын мамандықтарды анықтап, оқытушылар мен өндірістік оқытуды кеңінен қолдану барысында 2011-2012 оқу жылы аралығында жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі үшін 591 келісім жасалып, жүзеге асырылған. Бұл процестен байқайтынымыз дуальдау оқыту жүйесі арқылы жас мамандарды жұмысқа көптеп тарту және оқу процесі аяқталғаннан кейінгі жұмыспен қамтылуына да жағдай жасайтын тиімді жағын байқауымызға болады.

Дуальды жүйенің негізі — болашақ жас маманның оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылату. Дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде, оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгереріп қана қоймай нағыз дайын маман болып, жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын болады және дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады.