Орхон жазуындағы жәдігерліктер.

Ежелгі түркі дәуірінің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін жыр еткен ғажайып дастандар бар. Бұлар – “Күлтегін”, “Білге қаған”, “Тоныкөк” жырлары деп аталады. Бұл жырлар – ежелгі түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы Күлтегін (684 – 731 ж), оның ағасы Білге қаған (683 – 734 ж) және қағанның кеңесшісі, ақылгөй қарт Тоныкөк туралы тасқа қашалып жазылған әдеби жәдігерліктер.

Бұл ескерткіштердің табылғаны туралы алғашқы хабарды XVIII ғасырдың бас кезінде Н. К. Видзен, С У. Ремезов және Сібірде айдауда жүрген швед офицері И. Т. Страленберг пен немістің белгілі ғалымы Д. Г. Мессершмидтің мақалалары мен хаттарынан білеміз.

Орыс География қоғамы 1889 ж Монголияға арнайы экспедиция ұйымдастырып, оны белгілі саяхатшы әрі ғалым Н. М. Ядринцев басқарып барады. 1891 жылы В. В. Радлов та сонда барып, бірқатар ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Дания ғалымы В. Томсеннің бұл ескерткіштерді оқудың кілті ашқандығы туралы жоғарыда айттық, ғалымның, ең алдымен, оқыған сөздері “тәңірі”, “түрік” деген сөздер екен.

В. В. Радлов та өз бетінше руна жазуының он беске жуық әрпін анықтайды да, кейін тастардағы мәтінді толық оқып, оны аударма жасап шығады.

Орхон ескерткіштерінің бүгінгі таңда орыс тілінде жарияланған аудармасының екі түрлі үлгісін атай аламыз:

  1. қара сөз үлгісіндегі мағыналық аударма. Бұған В. В. Радлов, П.М. Мелиоранский, С. Е. Маловтардың аудармасы жатады.
  2. И. Степлеваның өлең аудармасы

Аталмыш ескерткіштер түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, өрлеу дәуірі мен күйреу кезеңі жайында бірқатар тарихи мәліметтер береді, сондай – ақ VI – VIII ғасырды түріктердің поэзиясын, әдебиет үлгілерін танытатын көркем туынды болып табылады.

Жәдігерліктердің жанры туралы әр түрлі пікірлер бар. И. В. Стеблева поэзиялық туындыға жатқызса, Н. Шербак шежіре, тарихи деректер беретін қара сөз үлгісіне балайды. Ал М. Әуезов, Ә. Марғұлан және М. Жолдасбековтер қазақ батырлар жырына ұқсатып, эпикалық мұраға жатқызады.

“Күлтегін” жыры әрқайсысы өз алдына дербес, әрі сюжеттік жағынан бір-біріне тығыз байланысты 8 циклдан тұрады. Әрбір цикл мазмұны жағынан бір-бір хикая болып келеді.Оның бірінші циклы – қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі, екінші цикл – Түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді, үшінші цикл – түріктердің әскери жорықтарын хикая етеді, төртінші цикл – көршілес табғач халқының қастандық әрекеттері туралы әңгіме, бесінші цикл – табғаштармен қатынасу түріктерге ажал қатерін төндіретіні жайынды хикая, алтыншы цикл – түркі халқының көреген емес екенін өкінішпен жырлауға арналған, жетінші цикл — түркі халқының даңқын көкке көтерген қаған екендігі жөнінде айтылған жыр, сегізінші цикл – осы ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жәйттерді баяндауға арналған.

Ежелгі түркі поэзиясына тән дәстүр бойынша, осындай әрбір циклдің өзі міндетті түрде мынадай үш элементтен тұратын болған:

  1. оқиғаның басталуы;
  2. сол оқиға желісінің біртіндеп ұлғая түсуі;
  3. осы циклда айтылуға тиісті ой-пікірдің түйіні

Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері – мазмұны мен формасы жағынан да, тілі мен көріктеу құралдары тұрғысынан да, өлең құрылысы мен композициясы жағынан да ежелгі түркі поэзиясының, классикалық үлгілері болып табылады.

Бұл ескерткіштер түркі елінің VI – VIII ғасырларындағы қоғамдық — әлеуметтік өмірін, түрлі түркі тайпаларының әдет – ғұрпын, наным – сенімін, өзіндік поэзиясын, тілін танытатын және жазба әдебиеттің өсіп — өркендеу процесін, халықтық эпостың табиғатын, сөз өнерінің түп – тамырын зерттеп білуде ғылым үшін аса құнды материал болып табылады.