Абай мұрасының 1940 жылдардан кейінгі зерттелуі

1.Абай шығармаларын үзінді, арнайы жинақ, академиялық толық жинақ ретінде жариялау мен ол мұраны ғылымыи-зерттеу ісі арқылы кең түрде насихатау ісі үдей түсті.

Абай шығармалары майдандағы қазақ жауынгерлерінің рухани азығы ретіне 1943 жылы, 1944 жылытаңдамалы жинақтары “Әскери кітапханалар” үшін деген айдармен жарияланады.

Ақын шығармаларын жариялау, әсіресе, жүз жылдық мерейтойға байланысты кең өріс алып, қанат жая бастады. Тұңғыш рет ақынның академиялық толық жинағымен қоса бүкіл туысқан республикалар баспасөздерінде көптеген үзінділер жарияланып орыс, өзбек тілдеріне аударылып, жеке кітап ретінде басылып шықты.

Ұлы ақынның оқырман қауым асыға күткен академиялық толық жинағы өз дәрежесінде шықпады. Бұған Абай шығармаларының конондық текстін даярлау үшін арнаулы текстологялық зерттеулердің болмауы тікелей әсер етті.

2.Дерек, мағлұматтарды жинастыру

Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан тереңірек танып білуде, көбірек назар аударылған саланың бірі- ақынның белгісіз өлеңдері мен ол жөніндегі естеліктерді жинап жариялау, архивтік дерек мағлұматтарды сарыла іздестіру әрекеті күшейді.

1933 жылдан соң Абайдың жаңадан табылған өлеңдері әуелі баспасөзде жарияланып, іле-шала 1945 жылғы академиялық толық жинаққа ендірілді.

Абай тарапынан не қолжазбасы, не архивтік дереккөздері сақталмауы- ақын мұрасын зерттеушілер үшін елеулі қиындықтар туғызуы себепті 20-жылдардың басында-ақ Абай туралы өз замандастарының естелігін жинау ісі қолға алынды.

Осы тұрғыдан қарағанда, Ф.Н. Киреевтің тарапынан табылған Абай туралы архивтік деректер ерекше назар аударылады. Ал М. Фетисовтың Абайға тән деген (“Заметка о происхождений родов средней киргизской орды”) соны дерегінің де елеулі мәні бар.

3.Абай дүниетанымы пікір таласында

Ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолындағы ізденістердің көп аялдаған мәселесі — Абай дүниетанымы мен ақын мұрасының рухани нәр алған арналарына келіп тірелетін еді.

Абай дүиетанымының болмысын ғылыми негізде жете танып біле алмау ақын мұарсын зерттеушілерді көп жағдайда теріс пікірге соқтырып, тіпті Абайдың дербес ойшыл екендігіне күмән туғызылып жатты.

Абай мұрасының бұл сияқты күрделі саласын зерттей отырып, пікір айтуға М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Сильченоко, Н. Сауранбаев, Т. Елеуов, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Жиреншин т.б. ғалымдар араласты. Бұл жылдары, алдымен, Абай дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен, яғни нәр алған қазына көздерін анықтаудың міндеті көтерілді.

Академик М. Әуезов Абай шығармаларының нәр алған рухани қазына көздерінің үш арнасы туралы күрделі мәселені 30-жылдардың ортасында көтерді.

Проф. Н. Сауранбаев Абайдың көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен құбылыстардың тарихи екі негізі бар деп білді. Зерттеушінің пікірінше, бірінші негіз Абайды: “прогресшіл ағартушы ниеті ойдан шығарылған, не болмаса Батысқа еліктеуден туған жоқ. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының саяси-экономикалық, мәдени-рухани халін терең талдап зерттеуден, сынап танудан туған еді”- десе, оның екінші негізгі Батыс пен Шығыстық дүние ғылымымен танысудан туған деп қарап, өз ойын “Абайдың әлеуметтік, философиялық, эстетикалық көзқарасының тарихи тамырлары осындай еді”-деп тұжырымдайды.

1941-1951 жылдардың аралығында ақынның дүниеге көзқарасының кей салалары жеке-жеке тексеріле бастады. Әсіресе, Абайдың философиялық көзқарасы арнайы монографиялық тұрғыдан зерттелмесе де, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Сильченко, Т. Елеуов, Ә.Қоңыратбаев, Ә. Жиреншин т.б. арнаулы зерттеу мақалаларында әр тұрғыдан сөз болғанын көреміз.

Осы дәуірден бастап қана, шын мәнінде, ақын көзқарасыныңсырын жан-жақты терең танып ақтарып, зерделей қараудың шеңбері кеңи бастады. Осыған орай Абайдың эстетикалық, этикалық, педагогикалық, діни т.б. көзқарастарын жеке-жеке бөлектеп, арнайы зерттей бастаған құбылысты көреміз.