ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Бүгінгі таңда білім беру үдерісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар жоғары мектептерде болып жатқан тың жаңартулар, ауқымды өзгерістер мен ғылыми зерттеулер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.

Осыған орай педагогтардың алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетілген [1].

Педагогикалық технология– мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартушы жаңа және сатыланып жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жиынтығы. Жоғары мектептің әр оқытушысы өз қызметінде қажетті өзгерістерді, түрлі тәжірибелер жөнінде мағлұматтарды, жаңа әдіс-тәсілдерді дер кезінде қабылдап, тиімді пайдалана білуі, әрі үздіксіз жетілдіріп отыруы және жаңа педагогикалық технологияны меңгеруі [2].

Кез келген педагогикалық технологияның философиялық және педагогикалық-психологиялық әдістемелік негізі болады. Қазіргі кездегі педагогикалық технологиялар негізінен ізгілікті бағытта, қарым-қатынаста тең құқылы позициясы мен жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастыруға бағытталады. Педагогикалық технологияға қойылатын негізгі әдіснамалық талаптар мыналар:

  1. Тұжырымдамалық негіздің болуы. Кез келген педагогикалық технологияға белгілі бір ғылыми тұжырымдама тән. Оған білім беру мақсаттарына жетудің философиялық, психологиялық, дидактикалық және әлеуметтік-педагогикалық негіздемесі енеді.
  2. Жүйелілік. Педагогикалық технология жүйеге тән барлық қасиеттерге ие болуы тиіс: үрдістің логикасы, барлық бөліктерінің өзара байланысы, тұтастығы.
  3. Басқарушылық сипаты. Оқу үдерісін жобалау, жоспарлау, диагностикалық мақсаттар қою, нәтижені түзету мақсатында әдіс-тәсілдерді, құралдарды өзгерту.
  4. Тиімділігі. Қазіргі педагогикалық технологиялар бәсекелестік жағдайында өмір сүргендіктен, нәтижесі бойынша тиімді, шығындары бойынша үнемді, оқытудың белгілі білім стандарттарына жетуді қамтамасыз ететіндей болуы тиіс.
  5. Қайта өндірілуі. Педагогикалық технологиялар білім беру орындарында түрлі субъектілердің қолдана алу (қайталау, қайта өндіру) мүмкіндігі.

Қазіргі кезде педагогикалық оқыту технологиялары пайдалану қажеттілігінің жоғарылауына байланысты педагогикалық оқыту технологияларын қанағаттандыруға тиісті талаптар мыналар:

  • әр мұғалім өзінің бағыты мен қойған мақсатына байланысты мемлекет пен қоғамның сұранысына, ғылым мен техниканың дамуына байланысты технологияларын таңдай білу қажет;
  • оқыту технологияларының түрлерімен танысу, оған қойылатын талаптарды ескеру, олардың білім парадигмаларына сәйкес келуі, оқыту процесін технологияландыру, осы принциптерге сәйкес бағдарламаларын жасау жұмыстарында қарастырылады.

Оқыту мақсатының нақты қойылуы мен оның ғылыми негізделуі: мақсаттың уақыт талабына сай болуы; технологияның оқытушыға да, білім алушыға да пайдалануға ыңғайлы болуы; технологиялық құралдар мен дидактикалық материалды бірге пайдалану мүмкіндігінің болуы; оқу іс-әрекеті нәтижесінің жоғары сапалы болуы; оқу материалын толық қабылдау мүмкіндігінің болуы; оқу үдерісінде қарым-қатынастың еркін болуы; оқу үдерісін үнемі жетілдіріп, толықтырылып отыру мүмкіндігінің болуымен сипатталады.

Сондықтан жаңашылдық керек, яғни, инновациялық жүйе негізінде студенттердің белсенділігін арттыру, өзіне сенімділігін қалыптастыру, танымдық-шығармашылық қабілетін дамыту олардың белсенділік-сенімділік сапаларын диагностикалық әдіс-тәсілдерімен анықтауға, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастарының болуына, көрсеткіштерін анықтауға көмегін тигізеді.

Г.В.Селевко «педагогикалық технологияның» үш жағын белгілейді:

— ғылымилық: педагогикалық технология – оқытудың мақсатын, мазмұнын және әдіс-тәсілдерін жасайтын, педагогикалық үрдісті жобалайтын, оларды зерттейтін педагогика ғылымының саласы;

— үрдісті сипаттаушы: үрдісті сипаттау (алгоритмі), оқытудың жоспарланған нәтижесіне жетуде қолданылатын мақсат, мазмұн, әдіс-құралдар жиынтығы;

— үрдісті іс-әрекеттік: технологиялық (педагогикалық) үрдісті жүзеге асыру, барлық тұлғалық, құралдық және әдіснамалық педагогикалық құралдардың жұмысы.

Білім беру практикасында «педагогикалық технология» ұғымы үш өзара бағынышты деңгейде қолданылады.

  1. Жалпыпедагогикалық (дидактикалық) деңгей: жалпыпедагогикалық (жалпы дидактикалық, жалпы тәрбиелік). Технология белгілі бір аймақтағы, оқу орындағы, оқытудың білім деңгейіндегі тұтас білім беру үрдісін сипаттайды. Мұнда педагогикалық технология педагогикалық жүйе ұғымымен мағыналас: оған оқытудың мақсаты, мазмұны, құрал, ғылыми әдістер жиынтығы, үрдістің объект, субъектісінің іс-әрекеттік алгоритмі енеді.
  2. Жеке әдістемелік (пәндік) деңгей: бұл «жеке әдістеме», яғни бір пән, сынып, шеберхана аясында оқыту мен тәрбиенің белгілі бір мазмұнын жүзеге асыру да қолданылатын әдіс, құралдар жиынтығы (мысалы, оқу пәндерін оқыту әдістемесі және т.б)
  3. Модульдік деңгей: бұл оқу-тәрбие үдерісінің кейбір бөліктерінің технологиясы, жеке дидактикалық және тәрбиелік міндеттерді шешу (іс-әрекеттің бір түрінің технологиясы, ұғымдарды қалыптастыру, жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру, сабақ технологиясы, жаңа білімді меңгеру технологиясы және т.б.)

Бүгінгі жоғарғы мектептің практикасы көрсетіп отырғандай, оқытушылардың инновациялық технологияларды игеруге белсенділік танытатындары байқалуда. Жаңа технологияны пайдалану барысында ұйымдастырушы инновацияларды меңгеру бүкіл білім беру жүйесінің маңызды факторы болып табылады.

Инновация – педагогикалық үдеріске оқыту мен тәрбиенің жаңа тұжырымдамаларын, оқу жоспарларын және бағдарламаларын, түрлерін, әдістерін, құралдарын енгізіп, мақсатқа жету [3].

Мәселен, американдық ғалымдар Биль және Болен педагогикалық инновацияны «құрамындағы материалдың өзгерісі ғана емес, сол материалды қолданудағы көзқарастардың кешенді өзгеруін білдіретін үлкен өзгеріс» деп түсіндіреді.

Инновациялық үдерістердің даму аспектілері шетелдік көптеген ғалымдардың зерттеулерінде көрініс тапқан, солардың ішінде келесі ғалымдарды атап өтуге болады: Р.Акофф, Б.Артур, Г.Беккер, В.Беренс, Р.Драккер, Д.Кларк, Р.Нельсон, Б.Санто, Г.Сильверберг, А.Тоффлер, Д.Фридман, Т.Шульц және т.б. Олар инновация теориясының, инновациялық үдерістердің дамуының концептуалды жағдайларын негіздеді. Инновацияның қоғамдық өндіріс тиімділігіне тигізер әсерін сараптау және зияткерлік еңбек процестері Л.И.Абалкинның, Э.М.Аганбегянның, Л.С.Бляхманның, С.В.Валдайцевтың, Т.И.Волкованың, А.Г.Глинчикованың, В.С.Гойлоның, П.Н.Завлинның, Н.Н.Карпованың, А.Н.Козыревтың, Д.И.Кокуринның, Ю.П.Коновтың, В.Ю.Крамаренконың, Н.В.Лынниктың, Б.С.Розовтың, В.М.Файгельсонның, А.Г.Фонотовтың, А.Ю.Юдановтың еңбектерінде талқыланған[3].

Қазақстанда жаңалықты еңгізу мәселелерімен және оларды жоғары білім беру жүйесіне енгізумен Ә.Ә.Әбішев, О.Б.Баймұратов, Б.А.Кембаев, А.К.Қошанов, А.Г.Кравцов, Ю.В.Комлев, ҰМ.Ысқақов, Е.М.Арынов, С.Б.Абдыгаппарова, Ю.В.Баталов айналысады. Олар ғылымның инновациялық дамуының жалпы басымдылықтары мен инновациялық жаңалықтарды енгізуді ұсынған.

Н.Нұрахметов инновацияны мынадай топтарға бөледі:

— білім мазмұнындағы инновация;

— оқу-тәрбие процесінің әдістемесі, технологиясы, түрі, әдістері және құралдарындағы инновация;

— оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы инновация;

— мектептегі басқару жүйесіндегі инновация.

Жаңалықтан кейін болған өзгерістердің сипатына қарай топталған инновацияның түрлері:

  • жеке, бір-бірімен байланысы жоқ;
  • модульдік (бір-бірімен байланысты): бір-біріне жақын пәндерге және жас деңгейлері бірдей оқушылармен оқушылармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарына енгізілген жаңалықтар;
  • жүйелі: барлық мектептерде болатын өзгерістер.

Білім беру жүйесіндегі педагогикалық инновациялар – жаңа педагогикалық технологияны, оқыту қызметінің жаңа әдістерін, тәсілдерін, әдістемелерін әзірлеу және тарату. Оның міндеттеріне:

  • теориялық білімді бекіту, жаңа тәсілдер мен әдістерді ендіру, практикалық дағдыларды сіңіру, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру, білім алушылардың өзін-өзі дамыта білуін және өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ету;
  • оқу материалының меңгерілу үдерісіне үздіксіз бақылау орнату;
  • өндірістік функцияларды жүзеге асыру (өндірісті ұйымдастыру, жоспарлау, есеп беру, бақылау, талдау үйлестіру, реттеу және т.б.);
  • жағдайды талдау, проблемаларды анықтау, міндет қою, проблемаларды шешу жолдарын анықтау және т.б., зерттеу операциялары сияқты басқармалық шешімдерге серіктес шапалар жинағын ретімен орындау.
  • Инновацияның түрлері: модификациялық, комбинаторлық, түбірлі болып құрылымданады [4].

Модификациялық инновация – педагогикадағы әдіс-тәсілдерді жетілдіру. Мысалы: А.С.Макаренконың қиын балаларды тәрбиелеу әдістерін А.Ысқақов осы заманға лайықтап қолданды.

Комбинаторлық инновация – белгілі әдістердің элементтердің бір-біріне қосу. Инновацияның бұл түрін қазіргі кезде тілдерді оқыту әдістемесімен айналысатын ғалымдар қолдануда.

Түбірлі – білім беру жүйесіне мемлекеттік стандарттарының енгізілуі. Инновациялық процестің кезеңдері:

  • инновацияның себептері;
  • жаңалықты жобалау;
  • жаңалықты жүзеге асыру.

Инновациялық процесті күшейтетін бес фактор:

  • оқу орнының басшылары шығармашылығы, оқытудың жаңа технологияларын жасауға қабілеттілік, педагогикалық процеске қатысушылардың бір-бірімен өзара әрекеті және қарым-қатынасы;
  • инновациялық процестің жоспары, бағдарламасы;
  • бағдарлама, жоспар бойынша мектепке ғалымдардың кеңес беруі, керек жағдайда инновациялық үдеріске түзетулер енгізуі. Жоспарда нәтижелерге жетуге ықпал ететін жағдайларды көрсетіп, сәтсіздік болғанда оны жоятын шараларды да белгілеу;
  • әлеуметтік-экономикалық жағдай;
  • инновациялық үдеріске қатысушылар: бастама көтерушілер, көмектесушілер [5].

Инновациялар адамның кез келген кәсіби қызметіне тән, сондықтан оларды зерттеу, талдау және енгізу объектісіне айналуы – заңды құбылыс. Инновациялар өздігінен тумайды, олар жекелеген оқытушылардың және ұжымдардың ғылыми ізденістерінің, озық педагогикалық тәжірибесінің нәтижесі болып табылады.