И.Г Песталоццидің ,Ф.А.В Дистервегтің педагогикалық теориясы мен тәжрибесі.

Ж.Ж.Руссоның “Эмиль” және “Қоғамдық шарт” еңбектері Иоганн Генрих Песталоццидiң (1746-1827) педагогикалық қызметіне ерекше әсер етеді, 1769 жылы “кедейлер үйін” ашқанда, оған елуге жуық жетім және панасыз балаларды жинап, оқытып, тәрбиелейді.

Оқушылар ауылшаруашылық және тоқыма кәсібімен шұғылданып еңбек еткенімен, тапқан еңбекақылары арқылы мектеп ұстап тұрамын деген ойын іске асыруға мүмкіндік бермейді. Өзі оқушыларға білім бере отырып, оқуға, жазуға, есептеуге үйретіп, оқуды еңбекпен ұштастыруына тура келді. Оқуды еңбекпен ұштастыру баланы жан-жақты тәрбиелеудегі басты құрал деп санады.

И.Песталоццидің педагогикалық жүйесінің басты арқауы – оқушыларға элементарлық білім беру идеясы болды. Бұл идея бойынша оқыту, тәрбиелеу ең жай элементтерден басталып, бірте-бірте күрделендіре түсуі керек делінді. Бастауыш білім беру әдістемесінің негізін қалаудағы оның еңбегі зор болды. Ол ана тілін оқыту үрдісінде оқушының сөйлеу дағдысын және сөздік қорын байытуда әріптерді қосып оқытуды ұсынды. Ана тілін оқытуды көрнекілік ұстанымына негіздеп жаратылыс, география және тарих пәндерінен жүйелі элементарлық білімдер беруді мақұлдады. Жазуға үйретуде И.Песталоцци балаларды әр әріптің элементтерін жазуға және ұзақ жаттықтырумен қатар орфографиялық дұрыс жазуға бейімдеді.

Швейцариялық И.Песталоцци “Лингард және Гертруда” атты әлеуметтік-педагогикалық романында халықтың шаруашылықты өнімді еңбекпен ұйымдастыру және балалардың адамгершілік қасиеттерін дұрыс тәрбиелеу арқылы елдің тұрмысын жақсарту идеясын көтерді. Осы романнан кейін педагогикалық идеялар көлемін одан әрі дамытып, “Гертруда балаларын қалай оқытады”, “Аналар кітабы”, “Бақылау әліппесі”, “Сан жөнінде көрнекті ілім” шығармаларында И.Песталоцци бастауыш білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін айқындап берді.

И.Песталоццидің дүниеге әлеуметтік-педагогикалық көзқарасы демократиялық негізде болып, оқыту мен тәрбие барлық адамдарға бірдей мектепте жоспарлы түрде берілуі тиіс деген пікірді ұстады. Білім беру барысында оқушының бақылауына, тәжірибесіне сүйеніп ұйымдастыру, білімді жүйелеп жалпылауға икемдеу жағын ойластырды. Мысалы, бақылау арқылы оқушының есту, көру, сезіну, т.б. түсініктері негізінде ойлау қабілеті мен сөйлеу дағдысы дамиды. Пәндерді оқыту арқылы оқушы білім алса, алған білімдері оның ой-санасын дамытып, айналасындағы құбылыстарды тануға мүмкіндік береді. Құбылыстар мен заттар элементтерден тұратындықтан, олардың санын, формасын және аты-жөнін оқушылар білуі тиіс.

Оқыту үрдісінде өлшеу арқылы оқушы заттың формасын, санау барысында санын есептесе, тілін дамыту арқылы заттың, нәрсенің атын еске сақтап тілмен айтып жеткізеді. Сөйтіп, атақты педагог элементарлық білім беру өлшеу, санау және тілді меңгеруімен сипатталады деп санады. Ол алғаш рет дамыта-тәрбиелей оқыту идеясын ұсынды, бастауыш білім берудің жеке әдістемелері мен алғашқы оқытудың жалпы негіздерін жасады.

И.Песталоцци оқушының қалыптасуында тәрбиенің ролін жоғары бағалап, отбасында және мектепте жоспарлы түрде тәрбиені ұйымдастырғанда бірдей талап қойса, оның нәтижелі болатындығына күмән келтірмейді. Тәрбиенің мақсаты баланың барлық табиғи күшін, қабілетін жан-жақты дамытуда деп түсінеді.

Фридрих Вильгельм Адольф Дистервегтің педагогикалық идеялары. Германияда мұғалімдердің мұғалімі, белгілі неміс педагогы Адольф Дистервег (1790-1866) халық педагогикасын насихаттаушы болды, өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп “Неміс мұғалімдерінің білімін жетілдіруге басшылық” атты кең мазмұнды еңбегін (1835) жазды. Ол бүкіл Еуропаға, Ресейге кең тараған шығарма болды.

А.Дистервег бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлауды жетілдіру мәселесімен өмір бойы шұғылданып, 1827 жылдан бастап “Тәрбие, оқыту жөнінде Рейн беттері” атты журнал шығарып тұрды. Оның жазған шығармаларының көпшілігі халық мектептерінің мұғалімдеріне арналды. Оның өзі де Рейн облысындағы Мерсе қаласындағы мұғалімдер семинарын басқарып, отыз жылдай директорлық қызмет атқарумен қатар педагогика, математика және неміс тілінен сабақ жүргізді.

Пруссия үкіметі 1854 жылы қабылдаған мектепті толығымен шіркеуге бағындыру және бастауыш мектепте берілетін білімнің көлемін азайтып, дін сабағының жүктемесін негізгі сабақ ретінде көтеруді міндеттеген болатын. Ол реакциялық заңға қарсы шығып, баспа және депутаттар палатасының трибунасы арқылы жоғарыда аталған заңның халыққа қарсы екендігін айтты және оған белгілі өзгеріс енгізуге үкіметті мәжбүр етті.

А.Дистервег халық педагогикасын оқу-тәрбие үдерісіне ендіруге атсалыса жүре, сословиелік тәрбиеге қарсылығын көрсеткен. Мектептің алдында тұрған басты мақсат – жастарды саналы адамгершілік рухта тәрбиелеу және тәрбиенің мазмұны – адамдар арасындағы бір-бірімен адамгершілік қарым-қатынастағы сүйіспеншілікке балаларды әдеттендіруіміз керек деп санаған. Тәрбиенің мәні – баланың табиғи мүмкіндіктерін дер кезінде байқап, дамуына қозғау салып, өзін-өзі тәрбиелеуге себепші болуда деп И.Песталоццидің пікірін қызу қолдады. Оқушылардың жас ерекшеліктерін, әр баланың дара өзгешіліктерін, зейін, ес, ойлау қабілеттерін мұғалімдердің білу керектігін атап көрсетті.

Ал оқу үрдісінің негізгі міндеті оқушылардың ақыл-ойын және қабілетін дамыту, оқыту арқылы баланы жан-жақты қалыптастырумен бірге, білім бере отыра, оның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуді міндеттейді. Оқушылардың ақыл-ойларын дамытуда жаратылыстану мен математиканың ролін жоғары бағалап, оған қоса тарих, география, ана тілі мен әдебиетін бірлікте оқыту барысында бұл үрдістің мән-мағынасы одан да бетер артатынын айтады.

Ол бастауыш мектепте берілетін білімнің көлемдерін кеңейтіп, жаратылыс, география, физика мен геометрия пәндерінен білім берумен қатар орта мектепте мамандыққа байланысты білім берілуін жақтады.

А.Дистервегтің мектептегі оқытудың мазмұнын және оны оқыту әдіс-тәсілдерінің дидактикалық негіздерін айқындаудағы еңбегі зор. Оқушылардың оқуды саналы қабылдап, негізгі оқу материалдарын ұғынып, айтып беруге дағдылануы ақыл-ойын, сөз байлығын дамытады дейді.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:

  1. Я.А.Коменскийдiң педагогикалық жүйесiн саралап берiңiз.
  2. Д.Локктың шығармаларындағы педагогикалық идеялары (тәрбие туралы).
  3. Д.Локктың табиғи және еркiн тәрбие идеясына сипаттама берiңiз.
  4. Ж.Ж.Руссоның балаларды жас кезеңдерiне бөлуi және олардың ерекшелiктерi.
  5. К.А.Гельвеций мен Д.Дидроның жеке тұлға және тәрбиенiң мәнi жайлы идеялары.

Реферат тақырыптары:

  1. В.Раткенiң педагогикалық идеясы.
  2. Я.А.Коменскийдiң “Адамзат iстерiн түзеуге жалпы кеңес” шығармасындағы педагогикалық идеясы.
  3. Д.Локктың тәжiрибеге негiзделген сенсуалистiк тәрбиелеу мен бiлiм беру тұжырымдамасы.
  4. Ж.Ж.Руссоның педагогикалық тұжырымдамасы.
  5. И.Г.Песталоццидiң элементарлық бiлiм беру идеясы.
  6. А.Дистервегтiң педагогикалық жүйесi.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бержанов К., Мусин С. Педагогика тарихы. – Алматы; Мектеп 1984.- 256 б.
  2. Ге Ф. История воспитания и образования. — М., 1962.
  3. Джуринский А.Н. История зарубежной педагогики. -М., 1999.
  4. История педагогики и образования. Под.ред. Пискунова А. — М., 2001.
  5. Лордкипанидзе Д.О. Ян Амос Коменский. Изд. 2-е [Науч.ред. А.И. Пискунов].- М.: Педагогика, 1970.- 440 с.
  6. Корнилов С.В. Кантовское обоснование педагогики // Советская педагогика.- 1989. №11.- С. 122-126.
  7. Коджаспирова Г.М. История образования и педагогической мысли: таблицы, схемы, опорные конспекты. М., 2003.- 224 с. [С. 66-144]
  8. Ткаченко И.В. и др. Шпаргалка по истории образования и педагогической мысли: Ответы на экзаменационные билеты.- М.: Аллель, 2000, 2005.- 64 с.
  9. Полонский В.М. Словарь по образованию и педагогике.-М.: Высшая школа, 2004.- 512 с. [С.19 История педагогики]