Ішек қуыстылар типі

1.Көп клеткалылардың негізгі сипаты: денесі дифференцияланған көп клеткалардан және үш ұрық жапырақшаларынан – эктодерма,мезодерма және эндодермадан тұратындығы.Осындай үш жапырақшалар көп клеткалылардың ұрығы дамыған кезінде қалыптасады. Ұрықтың дамуы барлық көп клеткалы жануарларға тән. Ұрықтану кезінде аталық және аналық екі гаметалар қосылып зиготаны түзейді, содан кейін организмнің жеке дамуы – онтогенезі басталады.

Көп клеткалылардың денесі толық мүшелерге бөлінген және олардың әр қайсысының қызметі белгіленген.

2.Ішекқуыстылар – басым көпшілігі теңізде тіршілік етететін қарапайым құрылысты көпжасушалы жәндіктер. Олардың қос жынысты да, дара жынысты да болуы мүмкін.

Дене құрылысы қапшыққа ұқсас, іші қуысты болғандықтан да бұл жәндіктер ішекқуыстылар деп аталады.Ішекқуыстылардың денесі екі қабаттан: сыртқы қабаты – эктодерман, ішкі қабаты – энтодермадан құралады.

Ішекқуыстылардың көпшілігі сәулелі симметриялы болады.

Ішекқуыстылар отырықшы және еркін жүзетін қалыпта тіршілік етеді.Аузының айналасында өте көп қармалауыштары болатындықтан, ішекқуыстылар көпаяқтылар (полиптер) деп те аталады. Ішекқуыстылар – жыртқыш жәндіктер.Олар қорегін аулауға және қорғануға атпа жасушаларын пайдаланады.

Ішекқуыстыларда арнаулы зәршығару мүшесі болмайды, қорытылмаған қорек қалдығын аузы арқылы шығарады. Қорегі екі тәсілмен қорытылады: жасуша ішілік және жасушадан тысқары немесе ішек қуысында қорытылады.

Ішекқуыстыларда регенерация күшті дамыған. Бұлардың жасушаларының атқаратын қызметі сараланып, денеде ұлпа пайда болған. Ең алғашқы жүйке жасушасы да ішекқуыстылардан байқалады.

Ішекқуыстылар жыныссыз – бүршіктену арқылы және жынысты тәсілмен көбейеді. Олар жыныс өнімдерін суға шығарады және сырттай ұрықтанады.Ішекқуыстылардың еркін жүзетін, дене құрылысы едәуір кірпікшелі дернәсілі болады, ол планула деп аталады.

3.Көпаяқты жәндіктер-полиптер. Тұщы су гидрасы да көп аяқты жәндіктерге жатады. Көпаяқты жәндіктер әсіресе теңізде көбірек мекендейді. Мәселен, Арал және Каспий теңіздерінен жеке, кейде шоғырлас тіршілік ететін, актиния деп аталатын көпаяқты жәндіктер кездестіруге болады. Оның денесі кеспелтек бағана тәрізді, төменгі табан жағымен су ішіндегі нәрсеге бекініп, үстіңгі көпаяқ тәрізді қармалауыштарымен қорегін аңдып, қимылсыз отырады. Актинияны әдемі гүл екен деп қаласың. Ол-өте жыртқыш ішекқуысты жәндік. Атпа жасушаларымен әлсіреткен балықты қармалауыштарымен қармап, жұта салады.

Көпаяқты маржан-шоғырлас қаңқалы жәндік. Гидро тәрізді ішекқуысты теңіз жәндіктерінің бірі-көпаяқты маржан. Ол теңіз суынан әр түрлі көптеген минералды тұздарды жинап, қызыл түске боялған және әктен құралған бұтақты қаңқа түзеді. Жартасты нәрсеге бекінген ондай бұтақты қаңқаның биіктігі 40 сантиметрге дейін жетеді. Қып-қызыл бұтақтардан құстың қауырсыны тәрізді аппақ 8 қармалауыштарды- көпаяқтарды көруге болады. Демек қызыл маржан аналығының денесінде гидродағы тәрізді бүршік пайда болады да, ол аналық денесінен ажырамай, сақталып жаңа көпаяқты өскін түзеді, сөйтіп әктенген қаңқада бінеше көпаяқтылар пайда болады, бұлар шоғырлас тіршілік етіп, ішекқуыстары арқылы бірімен бірі жалғасып өседі. Мұндай көпаяқтылар шоғырлас көпаяқтылар деп аталады.Қызыл маржанды әйелдердің әшекей бұйымдарын, алқа, моншақ дайындауға пайдаланады.

Ішекқуыстылардың терең суда жүзіп жүріп тіршілік ететін де түрлері бар, солардың бірі- медуза. Медузалар- мөлдір денелі, қолшатыр тәрізді жәндіктер. Медузаның аузы қолшатыр тәрізді күмбездің астыңғы жағында болады. Ауыздың айналасынан атпа жасушалары бар көптеген қармалауыштар байқалады. Жапон теңізінде тіршілік ететін шаршылы медузаның атпа жасушасынан адамның денесінде едәуір күйік пайда болып, одан дене ауырсынады.