ХІХ ғасыр әдебиетіндегі ұлт-азаттық күрес жырлары

Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер. Тарихи өлеңдер, ең алдымен, ел тірлігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі , жалпақ елге қадірлі сүйікті адамдар. Сол адамдардың істеген ісі, беттеген мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері, көптің аузында неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі.

Сондайлық тарихи оқиғалар өз тұсында көпке жайылған жанды әңгіме болып жүрсе, кейде ақындардың қолына жетіп, өлең өлшеуіне түседі. Тарихта болған оқиға, өлеңге айналған соң өзі ескінің тарихы болып жоғалмайтын болады. Бұл күнгі қазақ ескілігінен бізге қалып отырған тарихи өлеңдердің барлығы да, осы жолмен туып өскен. Нағыз тарихи өлеңдердің басталатын кезі Абылай заманынан бері қарай деп санасақ , қазірде Абылайдың өз жорығын баяндаған өлеңдер, онан соң Сырым қозғалысын айтатын өлеңдер біздің қолымызға тиген жоқ. Жалпы тарих өлеңдері, өз сынан қарағанда, ескі батырлар өлеңінен аз болмауға керек. Бірақ бұл күнде қолдағысы Кенесары, Бекет өлеңдері болғандықтан, тарих өлеңдері турасындағы жалпы сөзді осы айтылған екі-үш өлеңге қарай топшылаймыз.

Әуелі бұл өлеңдерді бас-басына қарастырудан бұрын, осыларды туғызған тарих, дәуір туралы біраз айтып кетпей болмайды. Себебі, бұл өлеңдерді туғызған ел тіршілігінің тарихы, тарихта орын алған ұлы оқиғалар. Сол себепті тарих өлеңдерін толық ұғу үшін алдымен солардың мезгілін, сол заманның шартын білу керек. Тарихта екі дәуірдің жапсары Әбілқайыр, Тәуке, Қайып, Абылай хандардың заманына келеді. Бұл дәуірдің басы 1723 жылғы ақтабан шұбырынды. Екінші сатысы шет жұртқа бағынуға айналып, елдің алдында «темір ноқта мен қайыс ноқтаның » таңдауы шыққан заман. Ақыры: орысқа бағынып, ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақыты болады.

Қазақ елін орысқа бағындыруға зорлаған себептер көп. Бір жағынан қалмақ сияқты елдің тізесі батқан жаулығы болса, екінші: Орта Азия халықтарының қысымшылығы; үшінші: орыс үкіметінің қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы, осымен бірге тағы бір зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы.

Әдебиетте қалың елдің бұл қайғысы Абылай айналасынан шығады. Абылай маңына жиналады. Себебі сол аласапыран дәуірде қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «Қазы құрттай» үміті, жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын. Бұлай болса кейінгі заманда туатын үлкен тарихи оқиғалар мен тарихи жырлары түгелімен Абылай заманынан суат алады. Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы, Абылай заманынан бері қарай ХІХ ғасырдың ортасынан ауғанға шейін, жаңа саяси бет сияқты болады.

Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхаметовтың «Исатай-Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарастыру керек.

Түр жағынан қарағанда , тарихи өлеңдер, бұрынғы батырлар өлеңдерімен туыс. Мұнда да сондай елден асып туған ерлердің, ел қамы үшін аттанып, ел тілеген артынан ертіп қастасқан дұшпанға шабуыл жасаған жорықтары жырланады.

Тарихи өлеңдерден біздің қолымыздағысы –«Кенесары», «Исатай-Махамбет», «Бекет». Енді осы үшеуін жеке-жеке қарастырып шығамыз.

«Кенесары» жыры

Тарихи өлеңдердің ішінде баспаға шыққан ірі өлеңнің бірі «Кенесары-Наурызбай» жыры. Бұл да барлық тарихи жырлар сияқты белгілі дәуірдің туғызған әңгімесі.Кенесарының қайғы, өкінішімен біткен жорығы, қазақ баласының барлығына да қадірлі, қасиетті әңгімедей болып көп жайылған. Бұл жырдың көп жайылуына екінші бір себеп болған нәрсе- Кесесары ісінің өзге батырлардың ісінен әлде қайда көлемді оқиға болғандықтан туады. Кенесары қазақ елінің ескіден қадірлеген Абылай ханның тұқымынан шыққан, өзі де орыс құлдығына елдің бағынып алып, қиын қыстау заманға келіп қысылған кезінде ескі еркін күннің ескерткіші сияқты , жоғалған ұжмақ жоқшысы болып шыққан. Артынан көп елді ертіп, қалың көптің тілеуіне сүйенгендігінен көп жылдай күшті үкіметтің қолына түспей, қарсылық істеп өткен. Сол елден ерекше еңбегі үшін үш жүздің баласы сол қысылшың аласапыран заманда да хан сайлаған.

Кенесары жорығына қазақ баласының әрбір руы да араласқан. Іспен араласпаса, сөз қосып, тілеу қосқан. Үш жүздің игі жақсысының ауызнда Кенесары істері көп жылдарға шейін қан қыздыратын әңгіме болып жүрген. Сондықтан Кенесарының өз жорығы ғана әңгіме болмай, сол «Кенесары қолында бірге жүрген батырлардың ішішінде, әсіресе, Наурызбайөмірі көп жыр туғызған қызықты әңгіме болған. Қазіргі біз қарастыратын Нысамбай жыры сол ірі оқиғалардың дәл ішінде болған «Кенесары-Наурызбай» жыры болады.

Бұл жырдың айтушысы қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында болған, қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы. Шеру тартқан жүрістің, бағытты, қызық жорықтың жыршысы.

Кенесары Наурызбай жорығы туралы кейінгі талай ақын түрлі өлеңшығарса да , дәл Нысамбай жеткен өріске жеткен емес. Нысамбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғыс кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар. Өзі сол оқиғаның адамы. Сондықтан әңгіме тізуінде жаңылмайтын сенімділік бар.

Нысамбай жырында қырғыз үнемі жазықты болмайды. Қайта Кәрібоздың кінәласқан сөзінде Наурызбайды жеңуі ақынның ерекше әділдігін білдіреді.Қырғызда кінә аз. Жазығы: «Ежелгі жау болмас» деп Абылай тұқымына бағынғысы келмегендік. Жалғыз сол кінәсі үшін қырғыз, қазақ қолынан көп зорлық, көп қиянат көреді. Соның бәрін бадырайтып айтпасы да Нысамбай бүркемей, жасырмай сездіреді.

Кенесары жырындағы өлең тілі ерекше сұлу, кестелі тіл оқушыға ұтымды, артынан лепілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызу бар. Ақынның жанын салған қызумен шын сезімін білдірген, міні жоқ. Ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең тілі құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сом алтындай жұмыр келетін кесек тіл.

«Исатай-Махамбет» жыры

Баспаға шыққан тарихи өлеңнің бірі- «Исатай-Махамбет» Исатайдың жорығын жыр қылған жыр. Мұнда көмескілеген жасырын жоқ.Болған оқиғаны өлең өлшеуіне түсіру жыршының алдыңғы мақсаты болған сияқты. Ығылман Исатай жырын тізуіне қарағанда, кейде Кенесары қолындағы Нысамбайға ұқсайды. Бұл да батыр сапарына тілеулес, соның ісінен жеміс күтіп, үміт етеді. Бұл жағынан ел мұңын жоқтап шыққан қолдың ақыны сияқты.

Исатай өз заманыда зор іс істеп өтті. Ол құр ғана сөз сөйлеуді қанағат қылған жоқ. Барлық ақыл мен қайратын іске жұмсады. Сол іс пен мақсаттың жолына басын бағалап, оның қадірін ұққан болса, ең алдымен сол жақсысын ұмытпау керек. Соның аруағы қалың елдің аузында үнемі аталып, үнемі еске алынып жүруі керек. Олай болса, Исатайдан соңғы бір алуан жақсының міндеті сол батырдың аруағын тірілту. Елге арналған жақсы сөз өлеңмен жақсы ұғылады, өлеңмен айтылса ұмытылмайды. Сондықтан Исатайдың жорығын жыр қылуды екінші түрлі батырлық міндеті деп санаған ақын шығады. Исатайды қадірлеген ел соның жүрісін өлең қылуды ақынға міндеті сияқты қылып артады. Осы сияқты ел ортасында ертеден орнаған салт бойынша қазақтың өлең өлшеуіне түскен тарихы жасалады. «Исатай» жырының тарихи өлең болатын зор себебінің бірі-осы. Осы хал Ығылман жырында өзге өлеңдерден анығырақ, ашығырақ көрінеді.Ел айтқан соң Ығылман Исатайдың ісіне өлеңмен күмбез орнатуға кіріскен. Батырдың басына зират салған ісмер сияқты өз қолынан келетін ескерткіш жасаған.

Жырдағы әңгімені алсақ: тарихи оқиғаның жылы ізі суымай тұрған уақытта, сол оқиғаның өкшесін басып шыққандықтан үлкен шыншылдықпен жазылған. Өмірде анық болған оқиға көмескісіз, күңгіртсіз, айнаға түскендей ашық түскен.Бұрынғы батырлар жырының жасырынды сүйетін тұманды сарыны Исатай жырында суалып, жоғалған сияқты да ,оның орынына ел тіршілігі мен ел салты көлемірек болып көрінуге айналған. Бұл жағынан қарағанда Кенесары, Исатай жырлары сияқты тарихи өлеңдер әдебиетте жаңа бағыт туғызып, өмірге жанасуды мақсат қылған сияқтанады. Ел әдебиетіндегі өміршілдік, нағызшылдық толық пішінде ең алғашқы рет осы өлеңдерден шығады. Исатайдың Жәңгір ханға астамдық сөз айтып, айып тартып, алпыс атан төлеуі. Ел билерінің кесім айтуы, онын соң жырдың ішінде шай мен жылы үй , құс төсектің кіруі барлығы да әдебиетке ел өмірі көлемді суретпен кіре бастағанының белгісі. Бұлардан басқа орыс әскері, зеңбірек, қазақша соғыстың суреттері болсын, бәрі де бүгінгі заман адамдарына Исатай оқиғасы кеше ғана болған іс екенін анық білдіреді.

«Ағайынның арына,

Қарындастың қамына,

Қысқа күнде қырық шапқан.

Қысылғанның панасы-

Асыл едің Исатай

Ер Тайманның баласы».

Исатай, Махамбеттің жыры өзге халіне қарағанда, жоғарыда айтақан жаңа заманның жаңа түрлі жыры болды. Заманның толық суреті сияқты болып түскен әңгімелі өлең- тарихи белең болады.

«Бекет батыр» жыры

Алшын, Жаппас деген елдің ішінде ер Көтібар деген бай болады. Оның жеті баласы болады. Үлкені Серкебай екен. Соның жалғыз баласы – Бекет батыр. Мұның тұсында Арыстан деген хан болып Орынбор, Петрбор деген қалалар болады. Арыстан хан сол Орынбор, Москва, Томск деген қалалардан лек болып шыққан орыс әскерлерін бастап келіп , қазақ елінің шырқын бұзып, қастық істейді. Елді жылатып, зарлатады. Соған Бекет батыр шыдамай Арыстан ханды өлтіреді. Ханды өлтірген соң, Арыстан ұлықтары Бекеттің соңына түседі. Патшаға айыпты болып, қылмысты кісі атанады.

Орыс атаулының бәрі жау болып, қуғынға ұшыратқан соң, қашқын болып жүреді. Сол уақытта дуандардың әкімдері батырды қалай ұстауды білмей айланың бәрін тауысып келіп, аяғында Бекеттің жолдасы Шернияды айналдырады. Көп пұл беріп, сатып алып, жолдасын ұстап беруге уәде алады.

Шернияз Бекетті алдау үшін орыспен пәлен жүз теңге ақша алып, соны саған сыйға жіберді, өзіңмен татуласпақшы дейді. Бекет осының тіліне нанып дуанға келгенде, дайындалып тұрған әскер ұстап алып, қол-аяғына кісен салып, көк арбаға таңып, Сібір айдап жібереді. Бекеттің тұтқын болғанын естіген соң амандасып қалмақ болып, артынан қуып, шешесі келеді. Жылап, зарлап жыр айтады, Бекет те сүйегі босап жылайды. Артта қалған ел мен әкесіне, үй ішіне, ағайын-туысқанына сәлем айтады. Сонымен Бекет Сібірге кетеді. Шешесі үйіне жылап қайтақан соң Бекеттің қатыны байын іздеп, жүрмекші болады.Ата-енесінен бата алып, сегіз мың теңге алып, ноғайдың саудагерлері болып киініп, алыс сапарға жүріп кетеді.

Жолда талай күн жүріп , күйеуі тұрған жерге жетеді. Тұтқын болып жұмыста жүрген күйеуін көреді. Бірін-бірі таниды. Қатыны күйеуінің жолына бірнеше рет ат айтып сояды. Абақтыдағы Бекетке асын пісіріп бергенде , ішіне батырдың алмас пышағын тығып жібереді. Жолығатын жерін айтып хат салады. Бекет түн болған соң алмас пышақпен қол-аяғынның шыншырын қиып, абақтыдан қашып шығады. Мұнымен бірге жатқан Жаппар төре бар екен, ол Кенесарының баласы. Бекетке бұ да қосылып алып, барлығы бірдей қашады. Артынан солдаттар біліп, қуғын жасайды. Батыр барлығын қырып, аман-есен еліне келіп, Шерниязды өлтіріп, баяғыдай дәурен сүріп, мұратына жетеді.