Мақтаарал ауданының тарихи мәдени ескерткіштері

Киров атындағы магистралды канал 1939-1940 жылдары солтүстік-батысқа қарай қанатын жая түсіп, жобада белгіленген 129-шақырымға жеткізілді.

Осы бағыттағы 115-шақырымда, каналдың сол жағында соғыстың қиын-қыстау жылдарында ирригаторлардың, құрылысшылардың және жұмысшылардың елді мекені пайда болды. 1940 жылдың шілдесінде мұнда “Қазмырзашөлқұрылыс” құрылыс тресінің ірге тасы қаланды. 1940 жылдың аяғы мен 1941 жылдың басында осы жерге жан-жақтан қоныс аударушылар көшіп келе бастады. Бұл елді мекеннің аты сол кезде “115-шақырым” деген атаумен белгілі болды.

Елуінші жылдардың басында жоғарыда айтылған каналдың 115-шақырымындағы елді мекен “Казкирисупр” (толық атауы – Қазақ-Киров ирригациялық жүйесі басқармасы) деп атала бастайды. Қазіргі Жетісай қаласы осы елді мекеннің негізінде пайда болыпты.

1950 жылы Мырзашөлдің Жетісай аймағында суландыру жүйелерінің құрылысы басталды. Аумағы 34,7 мың гектар жерді алып жатқан алқап К-19, К-20 және К-23 шаруашылық аралық каналдар аралығында орналасты. Олар арнайы су тартқыш және су бөлгіш құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жетісай аймағындағы құрылыс жұмыстарын арнайы құрылған “Казстепводстрой” құрылыс-монтаж кеңсесі жүргізді.

АСЫҚ ATA КҮМБЕЗІ

Үдере көшкен Қызылқұмның астында қалған, ия болмаса дарияның толқындары шайып кеткен немесе түбі терең көлдердің астында қалған қалалардың катары өте көп болуы мүмкін…

Ежелгі зерттеушілердің архив қойнауларында жатқан қазыналы еңбектерін іздеген сайын көз алдымызға Жиделі-Байсындағы Мырзашөл мен Қызылқұмның төскейін гүлдендірген ертедегі Ұзын Ата, Асық Ата секілді ескі қалалардың аспанмен таласқан биік-биік мұнаралары елестей береді.

Асық Ата дегеніміз – халықтың айтуынша, әулиелі кесене екен. Сырдария тасығанда оны су басқан көрінеді. Ұзын Ата сияқты Асық Ата да кезінде ажары кіріп, базары тарқамаған ертедегі үлкен шаһарлардың бірі болуы ықтимал.

Сырдың орта ағысының жағалауын мекендеген халық пір тұтатын қасиетті орындардың бірі – Асық Ата кесенесі болатын.

«Біздің халқымыз қашан да асылды асыл деп танып, бағалай білген. Осындай киелі орын – Асық Ата әулиеге арнап салынған ескерткіш кесене болатын,-деген еді ол кісі. – Оның неше жыл, қай ғасырда өмір сүргенін дәл болжай алмаса да, жұртшылық Асық Ата әулиені аузынан тастамайды, есінен шығармайды. Өзіміз бала кезімізде оны талай рет барып көрдік. Әулие атамыздың басына тұрғызылған кесене бірде-бір шеге қағылмай салынған, сыртқы көрінісі киіз үйге ұқсайтын. Қазір оны Сырдария өзенінің толқындары, Шардара су қоймасының қуатты күші шайып кетті, кесене су астында қалды. Мырзашөл мен Қызылқұмдағы көзге түсетін әсем ғимараттардың бірі сол еді. Сыр бойын жайлаған халық Асық Ата кесенесіне түнеп, түстеніп, құран оқып, дұғасын жасап аттанатын. Бертін келе діннен ат-тонын ала қашқан дүмшелер тарихы бар кесенеге қырын қарауды шығарды. Соған қарамастан, халық бәрібір одан безген жоқ, керісінше, іштей сиынып, табынып жүре берді».

Асық Ата кесенесі кешегі алпысыншы-жетпісінші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде соның астында қалыпты. Оның айналасындағы зираттар мен бұрынғы Асық Ата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен. Дарияның суын адам билігіне қаратып аламыз деп жүріп, тарихи орындарды соның құрбандығына шалып жіберіппіз.

Ал, қазір… Ал, қазір көз алдымызға Мырзашөл мен Қызылқұмның атағын жария етіп, даңқын асырған, баяғының гүлзар бағындай жайнаған Асық Ата, Ұзын Ата шаһарларының көкке иық тіреген мұнаралары көз алдымызға жиі елестей береді, елестей береді.

МЫРЗАРАБАТ САРДОБАСЫ (VIIXII ҒАСЫРЛАР)

Санада жатталып қалғанмен жер бетінен жойылып кеткен Сыр бойындағы ежелгі мәдениет ескерткіштерінің бірі – Мырзарабат сардобасы. Кезінде қазақ ғалымдары оған айрықша мән беріп, көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Жанымызда ештеңе қоспай-ақ, сол бір заманның бағалы жәдігерліктерін көз алдымызға әкелетін ғылыми жазбаларды сол қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

“…Қәзіргі Қазақстан территориясында біздің заманымыздың ҮІІ-ХІІ ғасырларынан бері сақталып келе жатқан біраз азаматтық және дәни архитектура ескерткіштері тарихи бағалы, ең алдымен архитектура құрылыстық құнды заттар болып келеді.

Бұлардың негізгілері төмендегі ескерткіштер… Мырзарабат сардобалары (Х-ХІ-ғасырлар) … және басқалар”, -дейді Т.К.Бәсенов.

“…Сардобалар, демек, құдық үстіне салынған құрылыстар (Мырзарабаттікі, 15-таблица) және Якка (16-таблица) көшпе мекендерде ауыл шаруашылық тұрақтары болғандықтан келісімді болған. Конструктивтік жағынан алғанда бұлар арка ойындылары бар күмбез құрылысы түрінде жасалған.

Құрылыс түрі бойынша сардобалардың өзінің қалыптасқан архитектуралық тұлғасы бар. Сардобалар мен мавзолейлердің архитектуралық формалары мен бейнелерінің жалпы келбеті ұқсас болғанымен, алайда кең ашылған ойықтар, олардың саны, құрылыс көлемі және сыртынан көрінетін ішкі кеңістігі сардобалардың мавзолейден негізгі айырмашылығы болып табылады. Сардобалардың архитектурасында ярусты күмбез стилі жасалған (15-таблица), мұның өзі мұндай күмбезбен үлкен кеңістікті жабуға мүмкіндік береді…

Сонау бір кезде шетсіз-шексіз Бетпақ далада сардобалар құтқарушы маяктай болып тұрушы еді. Бұлар аңызақ ыстықта еріндері кезеріп, шөлдеген адамдар мен жан-жануарлардың бәріне су бергісі келіп, өздеріне тартып тұратын. Кең байтақ аспан күмбезінің астында көсіліп жатқан сахара әлемін де осы сардобалар көрсететін. Қазақстанның оңтүстік аудандары мен Орта Азияға тән болып келетін құрылыстың бұл түрі жайылымды мал шаруашылық аудандары үшін қазірдің өзінде де маңызын жойған жоқ”.

“Қарақандықтар дәуірінде қалыптасқан осы табыстардың барлығы кейінде, монументальды құрылыстар формасы мен архитектура құрылыс тәсілдерінің негізгі дәстүріне айналды, ашық қарапайым жоба (шаршы) орталық порталды құрылыстардың төбелері не порталды күмбез, не конус түрінде жасалды. Мысалы… құдық үстіне салынған құрылыстар – Мырзашөлдегі Мырзарабат сардобасы, тағы сол сияқтылар”.’

“Мырзарабат сардобасы – Мырзашөлдегі байырғы керуен жолының бойына орналасқан күмбезді құдық, сардоба. Негізінен шөл далада су сақтау, ыстық күнде құдықтағы судың жылымауы үшін салынған. Шамамен 6-9 ғ-да Орта Азияға кең тараған азаматтық құрылыс үлгісімен тұрғызылған. Сырт пішіні киіз үйге ұқcac төбесі күмбезді. Бүйірінде күмбезге кіріп cу алу үшін жасалған бірнеше арқалары бар. Күмбез өру, арка шығару ісінде қызыл кірпішті бедерлеп қалау әдісін қолданған. Құдық қабырғасы да берік шегенделген. Мырзарабат сардобасы сол дәуірдегі көшпенді халықтарға, әсіресе, жолаушылар мен кереуендер үшін ауыз су әрі бағытбағдар ролін атқарған”

“… Другим гидротехническим сооружением на юге Казахстана была сардоба – резервуар для хранения воды. Это полуподземная круглая, диаметром около 6-8 м., купольная стройка из жженного кирпича (в нижней части – из камня). С помощью специально проведенного канала сардоба заполнялась паводковыми и дождевыми водами. Спуск к воде вел по каменной лестнице. Как правило, сардоба сооружалась в комплексе с караван-сараями (например, сардоба Мырза-Рабат в Махтааральском р-не)”.

1917 жылға дейінгі кейбір деректерде Мырзарабат сардобасы Абдолла хан Бұқарды билеп тұрған кезде салынған делінеді. 25 бөлмелі, айналасында жаудан қорғану үшін саз балшықтан тұрғызылған қабырғалары болған. Бұдан екі ғасырдай бұрын ол Сырдария өзенінің жағалауына жақын жатқан сияқты. Уақыт өте келе дарияның ағысы өзгергендіктен және арасы қашықтап кеткендіктен оған қарай өзеннен арық жүргізілген.

Мырзарабат сардобасы XIX ғасырдың соңында қирап, құлай бастаған. Жергілікті қазақтар оның кірпіштерін бұзып, сол маңайға жерленген туған-туысқандарының молаларына белгі қоюға пайдаланған. Ертедегі тамаша мұсылман сәулеті өнерінің ескерткіші болып табылатын бұл сардобанын көп кірпіштері, әсіресе, 1868 жылы “Орыз Шыназ” қаласына тасылып әкетілген.

1914 жылы Ташкентте басылып шыққан Самарқан облысының Қолыалахническим сооружением на юге Казахстана былан қолданған. ғасырларынан бері сақталып келе жатқан бәрақ азаматтық жент және Жызақ уездеріндегі Мырзашөл аймағы мен оған шектесіп жатқан аумақтағы түземдік көшпелі халықтың жер пайдалануы жөніндегі материалдар жинақталған кітапқа қосымша ретінде берілген картада Мырзарабат сардобасының орны, ал, 1914 жылы Петроградта жарық көрген Мырзашөлдің өткені мен бүгініне арналған жинақта оның суреті берілген.

ҰТЫРЛЫ(ҮТІРЛІ)ҚАЛАСЫ

Мырзашөлде халқымыздың қазақи көрегендігін, ұтқырлығын танытатын жер-су атаулары өте көп. Сондай бірегей атаулардың бірі – Ұтырлы.

Ұтырлы – көне қаланың аты. Қазіргі Ильич кентінің солтүстік-батыс жағында, “Мақтаарал” мақта шаруашылығының орталығынан он шақырымдай жерде, Сырдарияға құятын Сорөзек тармағының жағалауында біздің дәуіріміздің ІХ-ХІ ғасырлары аралығында Ұтырлы қаласы ғұмыр кешкен.

Бұл қала жайында қолда бар деректеріміз оншалықты мол емес. Онда да Мәскеудегі “Наука” баспасынан 1972 жылы басылып шыққан “Археологические открытия 1971 года” деп аталатын жинаққа сілтеме жасай аламыз. Бұл кітапта жарияланған Өзбекстан Ғылым академиясы Археология институтының ғалымдары Ю.Ф.Буряков пен О.М.Ростовцевтің мақаласында Ұтырлы қаласының орны табылғаны жайында қысқаша мәліметтер бар. Сондай-ақ, Ташкенттегі “Фан” баспасынан 1975 жылы басылып шыққан Ю.Ф.Буряковтың “Историческая топография Ташкентского оазиса” деген кітабының 51-бетінде бұрынғы Чиначкент (қазіргі Шыназ) қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде, Сырдарияның сол жағалауында Ұтырлы қаласының орны табылғанын тағы да атап етеді. Біздің болжам-пайымдауымызша, Ұтырлы – кәрі Сырдарияның бойын мекендеген оғыздар салған қала болса керек. Ал, ертеде осы өңірді жайлаған тайпалардың арасында оғыз тайпасы да болғаны, кейін олардың бірігуінің, араласып-құраласуының арқасында түркі тектес халықтар тарағанын тарих айғақтайды.

Мырзашөлдегі қазақ жерлері Өзбекстанның қарамағына берілгеннен кейін, 1971 жылы сол республиканың Ғылым академиясына қарасты Археология институтының жоғарыда айтылған зерттеушілері Ұтырлы қаласының орнын қазып, қыштан жасалған құмыралар мен күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де ыдыстардың сынықтарын, гауһар, коралл, аметист, сердолик, лазурит, кварц, халцедон секілді аса бағалы тастардан, әйнек пен сүйектерден жасалған түймелер мен теңгелерді тауып алды. Сол әшекейлі заттардың қазір қайда екеңдігі беймәлім. (Өкінішке қарай, қолдарыңыздағы осы еңбекте әлденеше рет сілтеме жасалған “Қазыналы қара шаңырақ” атты дерекнамалық баянның 47-бетінде: “Үтірлі қаласын зерттеу үшін 1970 жылы Алматы қаласынан келген археологтар екі жылдай қазба жұмыстарын жүргізді”,- деп оқырмандарды адастыратын мәліметтер беріледі. Егер 1963-1971 жылдары Мырзашөл аймағы Өзбекстанға қарап тұрса, Ұтырлы-Үтірліге қалайша Алматыдан археологтар келе қойсын? Болжамда да қисын болуы керек қой).

Ұтырлы қаласы Сырдарияның жағалауындағы керуен жолының бойына салынған. Алып жатқан жер аумағы алпыс гектардан асады, қала ірі-ірі үш сәулеттік-құрылыстық жүйеден тұрады. Көп бөлмелі үйлерінің қабырғалары күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Бөлмелерінің едендері айшықты суреттермен көркемделген. Осы уақытқа дейін қазақстандық ғалым-мамандардың назарынан тасада қалып, зерттелмей, қазылмай, топырақ астында қалған Ұтырлының орны бүгінде биік төбеге айналған.

“Ұтырлы” деген сөздің мағынасы қандай дегенге келсек, “ұтырлы” – қазақта ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген сөздердің баламасы, кейде “ұтырлы сәтін тапқан екен” деп те айтып жатамыз. Мүмкін, ежелгі халық қоныстанған аймақтың ең бір тіршілікке қолайлы, тиімді жайлысы – осы Ұтырлы болғандықтан да ол осылай аталған шығар. Егер Ұтырлы – Отырар секілді жұртшылыққа кеңінен танылмай жатса, оған Ұтырлы емес, өзіміз, тарихшы-ғалымдарымыз кінәлі. Қазыққа шідерленген аттай астананың айналасын, бұрыннан белгілі саусақпен санарлықтай орындарды шыркөбелек айналдыра бермей, кең-байтақ қазақ жерінің барлық тұсынан іздестіре берсек, қажетті қазына жеткілікті. Ұтырлының ұмыт қалып жүруінің басты себептері де осында.

Мырзашөл қазақтары Ұтырлы қаласының атауын кейде Үтірлі деп те атайды. Өйткені 1911-1912 жылдары осы аймаққа ғылыми экспедиция шығарып, зерттеген орыс ғалымдары Ұтырлыны “Ұтары, Ұтыры” деп әртүрлі жазған. 1917 жылға дейін мұнда Иіржар болысының Ұтырлы және Аққұм ауылдарының қоңыраттары жартылай отырықшы дәстүрмен ғұмыр кешкен. Ұтырлы қоңыраттарының осындағы Тоғызкөл, Қаншенауызы, Ащыкөл, Дәнеперен талы, Қалғансыр, Бөрілітоғай, Қойбасартал, Ақшығанақ деген жерлерде қыстаулары болған. Сыр бойы қазақтары Ұтырлыны – Ұтырлы-тоғай деп те атаған. Ұтырлытөбе төбесі сол кезде-ақ орыс экспедициясы мүшелерінің карталарына түсірілген.

1917-1928 жылдары осында Ташқазақ уезіне қарасты Иіржар болысының Ұтырлы атты ауылы, оның маңайында мешіт те болғанын архив материалдарынан байқау қиын емес.

Үтіртөбе мен Ұтыры – Ұтырлының жұрт аузында қалған, өзгерістерге ұшыраған атауларының бірі. Асық Ата өңіріндегі бір ауыл қазір Үтіртөбе деп аталатыны да соның нәтижесі.