МЕКТЕП ХИМИЯ КУРСЫНДА МОДУЛЬДІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ

«Инновация» термині әлеуметтік өзгерістердің жалпы процестерінің сатысы ретінде қаралып, оның негізгі элементтері атап көрсетілді: «жаңашылдық», «жаңашыл», «бағалаушылар».

Жаңашылдық – нағыз құрал (жаңа әдіс, әдістеме, технология, бағдарлама және т.б), ал инновация – осы құралды меңгеру процесі.

Жаңашылдыққа әсер ететін факторлар:

  • жаңашылдықтың мақсаты;
  • жаңалықтың мотивациясы;
  • жаңалықты енгізу әдістемесі;
  • ұжымда жаңашылдықты қабылдау және бекіту;
  • қоғам талаптарын қанағаттандыру;
  • оның жұмыс нәтижесін арттыратынына көз жеткіздіру.

Практикалық білімді жасау және оларды меңгеру мен іске асыруды инновациялық тұрғыдан қарастыруға болады.

«Елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге қадам басты. Осы бағытта атқарылып жатқан ой-тұжырымдарды былай топтауға болады:

  • біртіндеп білім, білік және дағдылар жүйесінен, оқушының түрлі жағдайларда проблемаларын өз бетінше шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететін функционалдық сауаттылығы мен негізгі құзіреттіліктерін қалыптастыруға бағыттауда;
  • өзінің құқығы мен міндеттерін анық сезінетін, бүгінгі күннің мүмкіндігі мен ресурстарының шамасын білетін, әлеуметтік кеңістікте таңдаған ұстанымын іске асыра алатын сауатты, әлеуметтік тұлғаны қалыптастыруда;
  • жаңа біліктермен, ақпаратты қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық, нарықтық жағдайдағы білімдендіру бағдарламаларының нақтылануында;
  • оқушының жеке басын тәрбиелеуге, оның жан дүниесінің рухани дамуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, оның білім алу траекториясын дараландыру және танымдық әрекетін іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылуда;
  • білімдендіруде педагогикалық және ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылуына, ғылымның рөліне мән берілуде.

Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып, білім беруде қарқынды қолданылып жатыр [1, 63-б.].

Елімізде соңғы жылдары химияны оқытуға байланысты бірнеше өзгерістер болды. Атап айтсақ:

  • Сызықтық әдістен шоғырланған әдіске көшу. Сызықтық әдісте оқу материалының бөлімдері бірізділікпен бірінен соң бірі қайталанбай беріледі. Шоғырланған әдісте кейбір оқу материалының бөлімдері оқыту периодының кей кезеңдерінде қайталануы мүмкін (мысалы, бір-екі жылдан кейін мазмұны қиындатылып және кеңейтіліп берілуі мүмкін).
  • Мектептің жоғары сыныптарына бейіндік білім берудің енуі. Ондағы басты мақсат–оқушының кәсіби бағдары мен өзін-өзі анықтауын қамтамасыз ету, оқушылардың саналы кәсіби таңдауын жүзеге асыруға қажетті ресурстарын құру мүмкіндіктерін туғызу;
  • жаңа буын оқулықтарының қолданысқа енуі;
  • бірыңғай ұлттық тестілеу әдісінің енуі;
  • оқу процесінде қазіргі заманғы педагогикалық және ақпараттық технологиялардың қарқынды түрде қолданыла бастауы.

Жоғарыда келтірілген өзгерістердің химиядан білімдендірудің сапасына қаншалықты ықпал еткенін жан-жақты талдау жасап, қорытындылаған абзал. Дегенмен, химиядан білімдендіру сапасын көтеру мақсатында атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз.

  • проблемалық оқыту – дамыта оқытудың әдісі.
  • проблемалық оқытудың мәні, қызметі және мақсаты.
  • проблемалық ситуация және оны химияны оқыту барысында қолдану.

Проблемалық оқытудың мақсаттары:

  • логикалық, ғылыми, шығармашылық ойлауды үйрету;
  • оқушыларда тек білімді қалыптастырмай, оқу материалын дәлелді және сенімді етіп жасау, ғылыми, диалектикалық-материалистік дүниетаным қалыптастыруға негізделген білім беру;
  • білімнің беріктігін қалыптастыруға ықпал ету, өйткені оқушылардың өз бетімен тапқан ақпараттары есте жақсы сақталады;
  • оқушының эмоциялық өрісіне әсер ету, яғни оларға өз күшінің сенімділігіне, ойлау іс-әрекетінің күрделілігіне қанағаттандыру сияқты сенімдер қалыптастыру;
  • ізденіс және зерттеушілік іс-әрекетінің қарапайым дағдыларын қалыптастыру;
  • оқушының білуге ұмтылу ынтасына мән бере отырып, оның ілімге деген танымын қалыптастырып, қызығушылығын жебеу арқылы белсенділігін дамыту.

Проблемалық оқытудың жалпы міндеттері:

  • оқушылардың білім жүйелері мен ақыл-ой және практикалық қызмет тәсілдерін меңгеруі;
  • оқушылардың танымдық дербестігі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • мектеп оқушыларының диалектикалық — материалистік ойлауын қалыптастыру.
  • білімді шығармашылық жолмен меңгеру дағдыларына тәрбиелеу;
  • білімді шығармашылықпен қолдану дағдыларына (меңгерген білімдерді жаңа ситуацияға қолдану) және оқу проблемаларын шешу шеберлігіне тәрбиелеу;
  • шығармашылық қызмет тәжірибесін қалыптастыру және жинақтау;
  • оқытудың ғылыми дәрежесін арттыру;
  • ғылыми дүниетанымды қалыптастырудың тиімділігін арттыру.

Проблемалық оқыту жүргізу үшін мынадай үш шарт орындалуы қажет:

  • проблемалық жағдаяттардың болуы;
  • оқушының шешім табуға дайын болуы;
  • проблеманы шешудің мүмкіндігі.

Проблемалық жағдаят қойылады Проблемамен танысу

Мұғалімнің іс-әрекеті Оқушының іс-әрекеті

Қосымша ақпарат береді   Қажет болса оқушылардан көмек алады

Теориялық материалдарды оқиды
Методологиялық материалдарды оқиды
Ақпарат жинау жөнінде нұсқау береді   Деректі материалдарды талдайды

Шешімнің әр түрлі вариантын салыстырады   Заңдылықтар немесе байланыстар ашады
Ұтымды вариантын таңдайды   Шешімнің әр түрлі вариантын жасайды

4-сурет. Проблемалық оқыту кезеңдері [2, 46-б.].

Көміртек тақырыбын қарастырайық.

1-кезең.Проблеманы қабылдауға дайындық.

Мұғалім оқушыларға «Өмірде жай зат–көміртекпен кездестіңіздер ме?» деген сұрақ қояды.

Оқушылар тас көмірді және ағаш көмірді еске түсіреді.

2-кезең. Проблемалық жағдай құру:

Мұғалім алмаз, көмір, графитті көрнекі етіп көрсетеді және осы заттар ауада жанғанда көмірқышқыл газ түзілетінін айтады.

Алмаз+ О2 = СО2

Графит + О2 = СО2

Көмір+ О2 = СО2

Қарама-қайшылықтың тууы: әр түрлі заттардың оттекпен бір өнім түзуі.

3-кезең. Проблеманы тұжырымдау:

Оқытушы оқушыға проблема тудыру үшін қандай сұрақтар қоюды ойластырады.

  • Алмаз, графит, көмірдің құрамы қандай?
  • Бұл заттардың физикалық қасиеті қандай?
  • Бұл заттардың химиялық қасиеттері неліктен бірдей, ал физикалық қасиеттері әр түрлі?
  • Осы заттарды жалпы қалай атауға болады?

4-кезең. Проблеманы шешу.

Қойылған сұрақтардың барлығы көміртектің аллотропиялық өзгерістерінің болуымен түсіндіріледі. Осы сұрақтардың барлығы жағдаят шешуге бағытталған, сондықтан оларды кезең-кезеңмен қоюға болады. Бірнеше микропроблемалар туғызу арқылы үлкен проблеманы шешеміз.

Жауаптар:

  • алмаз, графит, көмір–жай заттар. Олар көміртектен түзілген. Жану өнімі СО2 оттек пен көміртектен тұрады;
  • алмаз, графит, көмірдің физикалық қасиеттерін сипаттайды: алмаз қатты, графит жұмсақ және т.б.
  • оқушылар алмаз, графит, көмірдің физикалық және химиялық қасиеттерін салыстырады; физикалық қасиеттеріндегі айырмашылықтарды және химиялық қасиеттеріндегі ұқсастықтарды көрсетеді. Соның нәтижесінде мынадай қорытындыға келеді: осы заттардың айырмашылығы олардың ішкі құрылымында деп тұжырымдайды.

5-кезең. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу

Мұғалім алмаз және графиттің кристалдық торларын көрнекі түрде көрсетеді, көмір мен күйенің аморфты құрылысын түсіндіреді.

Оқушылар осыған дейін қарастырған оттек пен күкірт қасиеттеріне тән құбылысты еске түсіреді, яғни құрамы бірдей, бірақ қасиеттері әр түрлі заттар аллотропиялық өзгерістер деп, ал құбылысты аллотропия деп атайтынын ортаға салады.

Осы тақырып бойынша проблемалық жағдаятты басқаша құруға бола ма? Мысалы:

Мұғалім аллотропиялық түр өзгерістерді көрнекі түрде көрсетіп, бұл құбылыстың неліктен мүмкін болатынын түсіндіру[3, 94-б.].