А. Құнанбаевтың поэзиялық шығармалары. “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”

Бұл 14 жолдық шағын өлеңнің барлық сөз, тіркесі сырт қарағанда өте түсінікті болып көрінеді. Ал шындығында тексті зер сала, үңіле оқыған адамға мұнда да бірнеше сөзге тілдік талдау қажет екендігі байқалады.

Өлеңді бастайтын: Жасымда ғылым бар деп ескермедім – деген жолдағы ғылым сөзі осы күнгі біздің түсінігімізде (“наука”) қолданылып тұр ма? Абай арабтың бұл сөзін екі мағынада пайдаланған: бір және көбірек жұмсалғаны оқу, білім сөзінің синонимі ретінде келуі, яғни “ғылым” (“наука”) деген жерде қолдану. Ақын бұл сөзді жалпы “білім, оқу” мағынасында қолдану үстінде ғылым, оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тіркестерді өзі жасаған, бұлардың барлығы да “ғалым болу, ғылыммен щұғылдану” емес, “білім алу, оқу” мағынасын береді. Атақты “Ғылым таппай мақтанба” деген өлеңінің осы жолындағы ғылым сөзі, ғылым табу тіркесі жалпы “оқу оқып, сауатты болу, білім алу” дегенді білдіреді. Бұл тіркесті Абай халқын оқу – ағарту ісіне шақырған “қара сөздерінде” тіпті жиі қолданылады: “сол малды сарып қылып, ғылым табу керек” (10-сөзінде). Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала “бұл немене, ол немене ” деп, бір нәрсені сұрайды екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын, құмарымызды елжіреткен соң , ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып, сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз? (7-сөзінен). Міне, бұл екі мысалдың екеуінде де ғылым табу “ғылыммен шұғылдану” емес, оқу оқып, білім алу мағынасында жұмсалып тұр. Осы мәнде Абай тіпті ғылым оқу (оқу, оқу деген сияқты), ғылым іздеу, бағу тіркестерін де жасайды. Жоғарыда айтылған, ғылым сөзін осы күнгі біз білетін мағынада қолдану да, Абай текстерінен орын алады: Химия ғылымын білуші ем (“Әзім әңгімесі” поэмасында), Лермонтовтың: Мы иссушили у наукою безплодной деген өлең жолын: Пайдасыз ғылымменен ми кептірер – деп аударды. Сөйтіп, ұлы ақын “ғылым” сөзін бір-бірінен мағыналық айырмашылығы бар екі ұғымды қолданылған екен. Текстін біз талдаған өлеңдегі: Жасымда ғылым бар деп ескермедім – деген жолдағы “ғылым” сөзі “оқу, білім алу” мағынасында алынған сөз деп тану керек. Мұның дәл осы мәнде қолданылғандығын өлеңдегі әрі қарай айтылған: Баланы оқытуды жеп көремін, баламды медресеге біл деп бердім – деген сөздер дәлелдей түседі. Медресеге деп, Орта Азия халықтарымен Еділ бойы татарлардың және Қазақстанда бастауыштан кейін әрі қарай Діни білім беретін оқу орнын атаған. Ал өткен ғасырдың ІІ – жартысында қазақ тілінде жалпы мұсылманша оқу орындарын, оның ішінде сауат ашатын бастауышын да мектеб дегеннен гөрі медресе деп жиірек атаған, сондықтан Абайдың медресеге біл деп бергені –баланың сауатын ашып, білім алу деген ұғымды білдіреді.

Түсінікті қажет ететін келесі жол: Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім. Мұндағы қызмет қылу тіркесін өлеңді үстірт оқи салса, жалпы “жұмыс істеу, қызмет істеу” деп оқуға болады. Бұл тіркесті де Абай екі түрлі мағынада жұмсаған. Ең алдымен “Қызмет” сөзінің өзі Абайдың тұсындағы қазақ тілінде екі-үш мағынаны білдіре бастаған көп мағыналы сөз. Біреулерге ілтипат көрсетіп, белгілі бір міндет атқаруды қызмет, қызмет істеу, қызметінде болу, қызмет қылу, қызмет шегу тәрізді тіркестермен білдірген. Мысалы, “Қыз-Жібек” жырында: қызметін қайын жұртың көрді дейді. “Қамбар” жырында: қызмет шегіп жүгірді, Келмембет ердің жолында. Дулат ақында: Екі қолын қусырып, үлкенге қызмет қылады, Абай көп сәттерде “Қызмет” сөзінің осы мағынасын қолданады. Әбдірахманның әйелі Мағыштың аузына: Тым болмаса қызмет қып, Өткізбедім-қасымнан деген сөзді салғанда, қызмет-“міндет”, “күту”, “бағып-қағу” мағынасына келсе, я байларға қызмет қыламын, ерінбей шауып келуге деген жолдарда “күн көріс үшін жұмыс істеу ” мағынасын білдіреді. Осылармен қатар Абай “Қызмет” сөзін “Әскери және Әкімшілік орын”, орысша “Служба” мағынасында жұмсайды, және жай жалпы әкімшілік емес, самодержавиенің (патша өкіметінің) әкімшілігі немесе әскери қызмет дегенді білдіру үшін қолданады. Ал қызмет ету, қызмет қылу –“патша өкіметінің әкімшілік орнында жұмыс істеу (көбінесе тілмаш хатшы т.с.с. болып)”. Кей шығармаларында Абай оязға қызмет қылу немесе войенный қызмет деп, “Қызмет” сөзінің ең соңғы көрсетілген мағынасын айқындап береді: Войенный қызмет іздеме, ұқыпты киім киюге (“интернатта оқып жүр” деген өлеңінде). Қызмет қылам оязға, Жанбай жатып сөнген (ол да сонда).

“Қызмет” сөзінің патша өкіметі мекемесінде ресми жұмыс істеу мағынасын қатар тұрған шен алу етістігі және анықтай түседі. Шенді (чинді) сайланып қойылатын болыстар немесе әскери адамдар алатыны белгілі, қарапайым адам қандай әлеуметтік жүк арқаласа да, оның шені болмайды. Сөйтіп, біз таңдап отырған өлең тексіндегі “қызмет” сөзінің бұрынғы мағынасы кеңейген: ол жеке адамдардың арасындағы қарым-қатынасты бірдіретін тар мағынадан адамдар мен өкімет арасындағы қарым-қатынас белгілеуге көшкен. Сөз мағынасының кеңейіп, көп мағыналыққа ие болуы, Абай тілі үшін, жалпы Абай тұсындағы қазақ әдеби тілі үшін-заңды және актив құбылыс.