Тілдік қатынас: Анықтамасы. Ерекшеліктері

Қарым-қатынастың түрлері көп. Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл арқылы қатынасқа түсуі тілдік қатынас дегенді білдіреді. Бұл жерде сөйлеу тілі деген тіркесті ерекше бөліп айтуға тура келеді. Өйткені ол ауыз екі сөйлеу деген мағынаны емес, жалпы адамзаттың сөйлесу құралы, сөйлеу құралдарының қызметі, адамның тілі, адамның тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік мәні бар ұғымды жеткізуі тиіс. Сондықтан осындай нақтылы ұғымды білдіру үшін, біз сөйлесім тілі деген тіркесті қолданамыз. Себебі “сөйлесім”, “сөйлеу” түбірі арқылы жасала келіп, сөйлеу процесінін тек адамзатқа тән екенін дәлелдейді. “Сөйлеу” деген сөздің өзі адамның ойын жарыққа шығару қасиетін білдіретіндіктен, көбінесе біржақты әрекет ретінде қабылданады. Ал “сөйлесім” “сөйлеу” түбіріне ортақ етістің “с” жұрнағы қосылу арқылы жасала келіп, бір-бірімен тілдік қарым-қатынас нәтижесінде іске асатын ортақ құбылысты көрсетеді. Тілдік қатынас жүзеге асу үшін, айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуы, яғни істің ортақ атқарылуы – басты шарт. “Сөйлесім” – осы басты шарты және ортақ тілдік әрекетті аңғартатын сөз.

Тілсіз қарым-қатынаста түсінісудің бәрі тілдік тұлғалардың /сөз, сөйлем, т.б./ қатысынсыз жүреді. Мұнда тіл қатынас құралы ретінде қызмет атқармайды.

Дегенмен, тілсіз қатынас пен оның түрлері қоғамда да, өмірде де белгілі орын алады. Бұлар адамдардың қарым-қатынасына қызмет ете келіп, түсінісудің қарапайым жолы болып табылады.

Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі – тілдік қатынас, екіншісі – тілсіз қатынас.

Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді.

Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін.

Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына мүмкіндік болады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір бірімен ұғынысуын, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше қызмет атқарады. Оның осы ерекшелігіне ғалымдар баса көңіл аударады. Мәселен, Г.В.Колшанский: “Языковая коммуникация – это прежде всего общение с помощью языка в целях установления взаимопонимания”, /150,1984, 18/ – деп, тілдік қатынасты өзара түсінісудің тіл арқылы жүзеге асуы деп бағаласа, И.М.Кобозева оны ойдың тіл арқылы берілу тәсілі дей отырып, бұл процесті сөйлеуге қатысты қарым-қатынаспен байланыстырады: “…это способ передачи мысли посредством языка, объективируемый в форме речевого акта – этого элементарнего звена речевого общения” /149, 1986, 11/.

Тілдік қатынас – тілсіз қатынастан әлдеқайда күрделі және бөлек. Сондықтан да тіл білімі- адамдардың қарым-қатынас құралы тіл туралы және сол қарым-қатынасқа негіз болатын тілдік қатынас туралы ғылым.

Лингвистикадағы тілдік қатынас мәселесін жан-жақты қарастырып, белгілібір тұжырымға келгенавтордыңбірі –Э.П.Шубин.

Э.П.Шубин шет тілдерін оқытудың қағидалары мен әдістемелерін сөз ете отырып, жалпы тілдік қатынастың құрамын, олардың атқаратын қызметін, оқытудың мақсаты мен мазмұнын, тілдік құралдарды аяқтауға тырысады.

Ауызша қатынас адамдардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынасы нәтижесінде іске аса келіп, белгілі бір хабардың дыбысталуы /естілуі/ арқылы сыртқа шығады. Адамдардың арасындағы ауызша тілдік қатынас – өте ертеден пайда болып, қоғаммен бірге өмір сүріп келе жатқан құбылыс.

Ауызша қатынас – ойдың тіл арқылы сыртқа шығуы, ол тілдің тұлғалардың сөзге, сөйлемге айналып, дыбысталуы аркасында жүзеге асады.

Ауызша тілдік қатынаста басты роль атқаратын – адамның сөйлеу мүшелері, дыбыстау мүшелері /ерін, тіл, тіс, мұрын, дауыс шымылдығы т.б./ жиі қозғалып, еркін жұмыс істеу арқылы қатысымдық тұлғалардың айтылып, естілуіне мүмкіндік жасайды.

Бұл-сөйлесім әрекетінің іске асуының алғашқы кезеңі болып табылады.

Ауызша ТҚ адамның сөйлеу қабілетіне қарай өзгеріп отырады және тілдік қатынастың әр түрлі қызметін /эмоциялық, экспрессивтік, байланыстырушылық т.б./ іске асырады. Бұл ретте дауыс ырғағының мәні ерекше.

Жазбаша қатынас тілдік тұлғалардың таңбалық қасиетімен байланысты бола келіп, адамдардың бір-бірімен тікелей қатынаста болуын аса қажет етпейді.

Жазбаша қатынаста тілдік тұлғалардың естілу қасиетінен гөрі, көзге көріну ерекшелігі басым болады. Мұндай қарым-қатынас таңбалардың тұрақты жүйесі арқылы іске асады, оны адам өз бетінше өзгерте алмайды.

Жазбаша тілдік қатынаста басты роль атқаратын-тілдік тұлғалардың таңбалық көрінісі. Жазбаша тілдік қатынас /ТҚ/-ауызша тілдік қарым-қатынастан /ТҚ/ кейін пайда болған құбылыс.

Ауызша ТҚ пен жазбаша ТҚ айырмашылықтарын қадағалай отырып, оларды дыбыстық ТК /дыбысталу нәтижесінде болатын/ және таңбалық ТҚ /әріптермен таңбаланудан болатын/ деп те атауға болады.

Дыбыстық ТҚ естілуімен ерекшеленеді, ал таңбалық ТҚ жазылады және әріптер арқылы көзге көрінеді.

Сонымен, ауызша қатынас дыбыстала келіп, сөйлеу арқылы іске асады және тыңдалады. Жазбаша қатынас таңбалана келіп, жазу арқылы жүзеге асады және оқылады. Осы айтылғандарды өрнек түрінде берсек, төмендегідей болады:

Ауызша тілдік қатынас пен жазбаша тілдік қатынастардың әрқайсысы жеке құбылыс ретінде өмір сүрмейді. Олар өзара тығыз байланысты бола келіп, біреуі екіншісіне ұласады.

Тілдік қатынасқа негіз болатын адамның ойлау қабілеті, осы ерекшелігімен ол тілсіз қатынастан ажыратылады. Оны ғалымдар айтып та жүр. Ойлаусыз тілдік қатынас жоқ. Ойлау тілдік қатынастың тірегі ғана емес, ол -бүкіл сөйлеу әрекетімен өмір сүретін адамзаттың болмысы. Ойлау мен сана, тіл мен сөйлеу – бір-бірінен ажырамас жүйелі құбылыстар.

Тілдік қатынас сөз жоқ ойлау мен сөйлеудің бірлігінен тұрады. Өйткені тіл-ойдың көрінісі, адам ойын тіл арқылы яғни сөйлеу арқылы жеткізеді. Ал тілдік қатынастың негізі – тіл.