Көмекші есімдер

Жеке тұрып, дербес, толық мағынаға ие бола алмайтын және сөйлемде өз алдына мүше болу қасиеті де жоқ, біршама сөздер бар. Ондай сөздер алдындағы есімдердің біріне көмекшілік қызмет атқарады. Мысалы, сырт, іш, аст, үст, ара, қас, жан, маң, түп, алды деген сөздердің жеке тұрғанында мағыналары айқын болмай көмескіленіп, солғындап қана көрінеді: Ал, осыларды негізгі есімдерге тіркесек, тіркескен сөзіне көлемдік мағына үстеп, оның мекенін, айналасын дәлелдеп көрсетіп тұрады. Мысалы, заттың сырты,заттың асты, заттың үсті, заттың арты, заттың алды, заттың қасы, заттың жаны, заттың маңы, заттың түбі, заттың арасы.

Көмекші есімдер негізгі есімдермен ілік септігі арқылы байланысады,яғни, негізгі есімдер ілік септігінде, көмекші есім тәуелдік жалғауында келеді.

Көмекші есімдер зат есім сияқты тәуелденеді, септеледі. Олар септелгенде тәуелдік жалғауын жалғап барып септеледі.

Көмекші есімдер қосарланып та келеді. Мысалы, жан-жағы, үсті-басы, басы-қасы т.б.

Көмекші есімдер негізгі есімдермен тіркесіп көбіне күрделі пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Отан алдында борыштымыз. Жер астынан жік шықты,екі құлағы тік шықты.