Сөздің көп мағыналылығы мен омонім

Омоним деген термин гректің – біркелкі, бірдей, «онума» — ат, атау деген сөзінен алынған. Омоним – дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары әр түрлі сөздер. Мысалы: жақ – адамның жағы, от жақ, оң жақ, қара бояу жақ және маған жақ бол, т.б.

Омонимдердің жасалу жолдары:

Жұрнақ арқылы: шығыс (шық-ыс), жастық (жас-тық);

Кірме сөз арқылы: бақ (парсы т. «бақт»), сап (араб т. «саф»);

Сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы: біз (бігіз);

Тіліміздегі кейбір сөздер бір емес, бірнеше мағынада қолданыла береді. Мыс. Бас деген сөз 1) адамның дене мүшесі, 2) таудың шыңы, ең биік жері, 3) бұлақтың шығар жері, 4) іс-әрекет болып жатқан жер (жұмыс басы), т.б мағыналарда жұмсалады. Әрине, ол мағыналардың бір-бірімен байланысы да бар. Міне, осындай сөздің бірнеше мағынаны білдіре алуын – сөздің көп мағыналылығы немесе полисемия деп атайды.

Бірақ әртүрлі мағына білдіргенімен, бірдей айтылатын сөздердің барлығы да көп мағыналылыққа жата бермейді. Мыс: Балаға ат қойылды. Ат арқандаулы тұр. Сен мылтық ат деген үш сөйлемдегі ат сөздері әртүрлі мағына береді. Бұл сөздердің білдіретін мағыналарының арасында байланыс жоқ, олар кездейсоқ қана айтылуы жағынан ұқсас келген. Сөйтіп, айтылуы бірдей болғанымен, мағынасы басқа-басқа болатын сөздерді омоним сөздер деп атайды.