Студенттерге сәндік қол өнер түрлері арқылы эстетикалық талғамын арттыру

Қазақтың байтақ жерінде көсілген кең далалар мен асқар таулар, толқынды теңіздер мен орман-тоғайлар өте көп. Қазақстан жерінде өсімдіктер мен жанжануарлардың алуан түрлері кездеседі. Жер қойнауы әр алуан қазба байлықтарға тұнып тұр!

Осындай табиғи байлығын атабабаларымыз ерте замандардан бері қолдан келгенінше игеріп отырған. Халқымыз ежелгі замандардан бері еңбек етумен қатар, уақыт ағымымен бірге өнерін де ұдайы дамытып отырды. Солардың бірі халқымыздың сәндік қол өнері.

Қолөнер тарихыи-экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты әр заманда әртүрлі сатыда дамып, түрленіп, көршілес жатқан мемлекеттермен мәдени қарым-қатынас нығайып, саяхат, сауда жасау арқылы, әр мемлекет бір-бірінен өнердің озық үлгілерін үйреніп, жетілдіріп отырған.

Қолөнер адам баласының әсемдікке, нәзіктікке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын танытады. Ол арқылы біз үлкен рухани-эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне қанат қағамыз.

Қандай халықтың қолөнері болса да оның тарихымен, қоғамдық ұрылысы, әдет-ғұрып, салт-санасымен астасып қатар өркендейді. Кіп-кішкентай түймеден бастап, толып жатқан үй жиһаздары, ат әбзелдері, қару-жарақ, мебель, музыка аспаптары, киім-кешек, ыдыстар, әсемдік, сәндік бұйымдарының барлығы да халық қолөнерінің туындылары болып табылады.

Қазақ шеберлері көп қолданылатын материалдарға ағаш, металл, тері, былғары, тарамыс, қайыс, жүн, жіп, ши, қамыс, киіз, мата, тас, бояу, сүйек, мүйіз, тағы басқалар жатады.Аталған материалдарды өңдеп, әшекейлеп әртүрлі бұйымдар жасау үшін қолданылатын тәсілдер: ою, қашау, құю, шеку, нақыс салу, өрнектеу, бояу, бұрау, ширату, кесу, тесу, илеу, өру, тоқу, иіру, бедерлеу, тігу, сыру, шабу, қақтау, ыстау, лажылау, дәнекерлеу, құрсаулау, т.с.с. болып кете береді.

Әртүрлі ою ойып, ою-өрнек үлгілерін жасайтын адамдар оюшы, ағашты көркемдеп өңдеп, одан түрлі бұйымдар жасайтын адамды ағаш шебері немесе ағаш ұстасы дейміз. Темірден түйін түйіп, әртүрлі өндіріс құралдарын соғатын адам темір ұстасы, ал түрлі металдар мен тастарды пайдаланып, өте нәзік сәндік бұйымдарын жасайтын шеберлерді зергер деп атайды. Осы сияқты істейтін ісінің ыңғайына қарай әр шебер: тігінші, кестеші, өрімші, бәдізші, тері илеуші, бояушы, музыка аспаптарын жасаушы, т.б. болып атала береді.

Бүгінгі күні тұтынушыны қамтамасыз ету, көрерменді әсемдік аясына баулу үшін, қазіргі өмірімізге , талғампаздығымызға сай кілемдер, сырмақ, текеметтер, киімдер, ыдыстар, үй жиһаздарын жасай білуіміз керек. Олар темір, ағаш, мата,балшықтан жасалғанына қарамай, нақышты, ою-өрнекті, халық көңілінен шығатын заттар болып, үйінің төрінен орын алатынын ойлаған жөн. Ендеше, халықтың қолөнерге деген ынтасы жойылған жоқ. Сондықтан талпынып, ынталанып бұйымдарды жасасақ, көркем қолөнердің қыры мен сырын жан-жақты меңгере аламыз. Өзімізді қоршаған заттардың әдемі әшекейіне қызығып қоймай, қолымызбен жасайтынымызға, тіпті, әлі ешкімнің ойына келмеген ою-өрнектерді ойлап табатынымызға сенімді нық болуымыз қажет. Өз күші мен жігеріне сенбеген адам өмірде игілікті іске, арманына жете алмайды.

Өнердің өте көне әрі күрделі түрі — ою-өрнек. Қазақ қолөнерінің барлық түрінде кеңінен қолданылатын, қолөнер туындыларының көркемдік-эстетикалық мәнін ашып, әшекейлеп, айшықтай түсетін өнер. Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың ою-өрнекпен безендірілмегені өте сирек кездеседі.

Әр елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, географиялық, табиғи ортасына байланысты ою-өрнек үлгілері де екшеліп, ерекшеленіп, елдік сипатқа ие болып, түрлене түседі. Ою-өрнек дегеніміз – геометриялық бейнелі элементтердің жүйелі ырғақпен қайталанып, үйлесімді құрылуы. Қазақ елінің жоғары дәрежелі білім алып, сол білімдерін басқа ел мамандарына таныта білген және қазақ қолөнерін жоғары бағалап, талдау жасап, оның ішінде ою-өрнекті топтастырып бір жүйеге келтірген этнограф, тарихшы, әдебиетші, өнертанушы өз ғалымдарымыз бар. Олар Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, С. Қасиманов, М. Мұқанов, Ө. Жәнібеков, Т.К. Бәсенов және т.б.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, шаруашылық жайында қолөнер саласында тері өңдеу өнері маңызды орын алған. Себебі негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы болғандықтан қазақ халқы малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнін киім-кешек тігуге, тұяғы мен мүйізінен, сүйегінен әртүрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеген.

Ағаш-адам баласы жер бетінде пайда болған кезде ең алғаш тұтынған материалдың бірі болып саналады. Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өскен заманында біздің күнделікті өмірімізде ағаштың алатын орны зор, маңызды материал. Қалтамыздағы сіріңкенің бір тал шарпысынан бастап, кеңбайтақ еліміздің шартарабында жүріп жатқан алып құрылыстардаағашсыз көп ісіміз ақсап жатқан болар еді.

Қазіргі қазақ тілінде «ұста» сөзінің қалыптасуы жөнінде екі түрлі пікір бар. К. Юдахин «ұста» «шебер» мағынасындағы иран сөзі (оста) дегенді білдіреді. Сол сияқты сөзге шешен адамды сөз ұстасы, сөз зергері, ағашшыны ағаш шебері, ағаш ұстасы, үйшіні үй қосушы ұста деп ұста сөзін қосып айтқан.

Еліміз дамудың нарықтық экономика жолын таңдап, сол жолға қадам басқанына да біраз жылдар болы. Осынау уақыт ішінде жұртшылығымыз нарық заңдарын үйреніп, игеріп, еркін адымдай бастады. Қандай іскеде аз шағын жұмсап, көп пайда табуға ұмтылатын болып алды. Мне, осы тұрғыдан алғанда ата-кәсібімізге қажетті құрал-саймандардың да тигізер пайдасы аз болып отырған жоқ. Мәселен, автокөліктер жүре алмайтын таулы жерлерде ат көліктерсіз малшылар ешнәрсе тындыра алмас еді. Тіпті ауыл арасында кейбір жұмыстарды атқару да жүк машинасынан, жеңіл машиналардың гөрі, ат арбалармен, шанамен тасымалдаған арзанға түседі. Міне сондай өнермен шұғылданатын кісілерге ат әбзелдері қажет. Сондықтан да қазақ сәндік қолөнерінің ер-тұрман өнері бүгінгі таңда сұраныс өте жоғары. Сұраныс көп жерде сондай құрал-саймандар жасауды кәсіп еткісі келетін талапкердің де көптеп шығары заңдылық.

Халық шеберлері бұл күндері біздер күнделікті тұрмыста тұтынып жүрген үй жиһаздарын (мебель) ерте кездерден жасай бастаған. Қазақ халқы көшпелі ел болғандықтан әр жиһаздың көшіп-қонуға қолайлы, әрі берік болуына көп көңіл бөлінген. Жиһаздар негізі ағаштан жасалып, сырланып, сүйекпен, мүйізбен оймышталып, кейде былғарымен қапталып, алтын-күміспен әшекейленіп, қымбат бағалы асыл тастармен безендіріледі.

Қорыта келгенде қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сәндік, көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелігімен таныта білген – қолөнері. Өнер сүйіп, өнер сыйлап өскен қазақ халқы әр уақытта өнерлі, шебер адамдарға үлкен ілтипат көрсетіп, құрметтеп келген. Халық қолөнерінің тарихын біліп, оның құпия құбылыстарын игеру, халық қазынасын байыта түсу бүгінгі талапер жастарға үлкен сын. Ол үшін ұдайы талаптанып, үзбей тер төгу керек. Сонда ғана бесаспап шебер болып шығамыз. Халқымыздың қасиетті қолөнері атадан балаға ауыса отырып, өте жақсы дамыған күрделі өнер. Халық шеберлерінің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды өте үлкен талғаммен жасалған өнер туындылары деп бағалаған жөн. Өйткені көптеген халықаралық көрмелер мен байқауларға, өнер фестивальдарына қолөнер туындыларын қойып, байқағанымыз біздің қолөнеріміз әлем халықтарының қолөнерімен терезесі тең, тіпті кейбір тұстарда көп елден шоқтығы биік тұр.

Өресі биік, өрісі кең өнер атаулының қай саласынан болсын, жер жүзіндегі басқа да халықтар сияқты қазақ халқы да өзінің көне замандардан бері келе жатқан тамаша тарихымен және бір өзіне ғана тән қайталанбастай ерекшелігімен көзге түседі. Ал қандай да болсын өнер және талант иелерін өмірге келтіретін де сол халық. Сондықтан да біз оларды халықтық мұрамыз дейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. «Қазақтың қолөнері» Дәркембай Шоқпарұлы, «Өнер» баспасы, 2005ж
  2. «Шебердің қолы ортақ» Әбдіқас Тәжімұратов, «Қазақстан» баспасы, Алматы-1977ж
  3. Әмирғазин Қайыртай «Қазақ қолөнері», «Дайк-Пресс», Алматы -2004ж

Абдикаримова А.К.

Резюме: В этой статье рассматривается казахское народное прикладное искусство, его ценности. Казахское народное прикладное искусство – художественное творение с перспективой на будущее. Главная цель национального прикладного искусства в повышении эстетического вкуса студентов – это познании национального прикладного искусстваи развивать его дальше, дополняя новыми идеями, сохраняя достояние народа.

Summаry: This article explores Kazakh folk applied arts, its values. Kazakh national applied art — work of art for the future. The main purpose of the national applied art in improving the aesthetic tastes of students — a cognition national arts and develop it further, adding new ideas, keeping the property of the people.