Торсық тігу технологиясы

Тұрмыстық заттарға қолданатын материалдар. Қазақ колөнеріндегі көзтартарлықтай бұйымдар түрлерінің бірі – былғарыны батырмалап өрнектеу арқылы жасалған тұрмыстық заттар. Тері илеуші қазақтар ерте кезден бері теріден ат әбзелдері, әйелдер мен еркектердің белбеулері, сандықтарды бууға арналған орамалдар, сонымен қатар әсем өрнектелген ыдыс-аяқтар, түрлері мен көлемдері әртүрлі местер мен торсықтар жасай білген. Ежелгі қазақтарда тіпті шонжарлар арасында сирек ұшырасатын, үй қабырғасына сән беретін тері тұскиіздер жасау дәстүрге айналған. Ал тері тұскиіздер жасау көп уақыт жұмсау, ауыр еңбекпен келетін шеберлік саналатын.

Шеберлер тері бұйымдарды былғарыға жоғары қысыммен рельефті өрнек салу, сонымен қатар оларға осындай тәсілмен жасалған металл табақшалар мен бедерлі қаңылтырлармен жапсырумен безендірген. Киіз бұйымдар сияқты, теріге, металға және тоқыма бұйымдарға да көз тартатын ою-әшекейлер салынған.

Сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарын жасау үшін иленген жылқы, ірі қара мен түйе терілері қолданылатын. Оларды өңдеу «и» деп аталатын қатты ашыған (божыған, быршыған) сүт өнімдерінің көмегімен жүргізіледі. Жылы суға салып жұмсартқан соң теріні шелдеп (қалған май мен еттен қыру арқылы тазалап), иге бірнеше күн салып қояды. Иде тұрған тері жүні жидіп, өзінен-өзі түсіп қалады. Иден алынған теріні жазып, тұзды жылы сумен жуады да кептіреді. Кепкен теріні егер жұқа болса, қолмен уқалап жұмсартады. Ал ірі мал терісін әбден жұмсарып, пайдалануға жарамды болғанша талқымен (келісапқа ұқсас өңдеу құралы) түйіп, ұрғылайды.

Тері өңдеу өнерінің ерекше түрі оған арнаулы жасалған қалыпты пайдалану арқылы бедер салу. Оған беткейлеріне бірдей (бір-бірінен айнымайтын) бедер салынған, беттестірген кезде бір-бірімен жымдасып, сәйкес келетін, бедерлері өзара кірігетін екі тақтай алынады. «Жағлан» деп аталатын тері сандыққа бедер сондай тәсілмен жасалады. Жағлан ағаштан жасалып, сырты терімен қапталады. Сандықтың алдыңғы жағы мен қақпағына қысу арқылы өрнектелген бедер салынады.

Мұражайда жұрт назарына сирек кездесетін де қайталанбас, теріден жасалған заттар мен бұйымдар, олардың ішінде түрі, көлемі мен өңдеу ерекшеліктері бір-біріне ұқсамайтын тері ыдыстар ұсынылған.