Қазақтың ұлттық киімдері

1.Шапан. Камзол

Ер адамның киімдері: шапан, тон, шалбар, белдік…Әйел киімдері: койлек, қосетек көйлек, қамзол…Бас киім: жекей тымақ, бөрік, тақия, сәукеле, кимешек…Қазақша мата атаулары

Қазақтың ұлт киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде әлгі жүздер ішіндегі рулардың аттарымен де айырып айтылады. Мысалы, арғын тымақ, найман тымақ, қызай бөрік, ноғай бөрік т. с. с. Кейде географиялық мекен атына қарай да ерекше мәнер үлгіге бөлінеді.— қоңырат үлгісі, жетісу үлгісі, арқаның үлгісі және т. б. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады. Мысалға, шапан үлгісін алайық. Ұлы жүздің шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік елі өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарымен көршілес, көпшілік кәсібі бақ өсіріп, егін салу болғандықтан бұлардың киім үлгісімен тігілу мәнеріне осы жағдайлар ықпал еткен. Орта жүздің шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болып келеді. Өйткені орта жүз қалаға жақын, орыс, татар халықтарымен аралас-құралас отырады. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді. Осындай ара-тұра айырмашылықтары бола тұра, солардың бәріне бірдей ортақ, ұлттық мәнер мен қазақша атаулары бар. Үш жүздің қайсысында болса да шапанға шабу қояды және оны барлық жерде шабу деп атайды. Жеңтүптері кең келеді де, оны жеңтүп, ойынды, қолтырмаш деп атайды. Үш жүздің қайсысы болса да шалбарға ау қояды, қолтыққа қолтырмаш салады. Қазақ киімдерінің ең ықшамды кішірек түрлері орта жүз бен ұлы жүзде, ал ең мол, үлкен үлгілері кіші жүз жақтан кездеседі.

Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапар шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы көрнектісін киетін.

Халық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақсы киініп жүрген. Олар бойжеткендер, бозбалалар, салдар, ән-күй, күрес өнерпаздары еді. Сол сияқты келіншектер де тұңғышын тапқанша өте сәнді киініп жүрген. Кестелі, зерлі, жалтырауық киімдерді қадырлы қарттардың да үнемі киіп жүруі ел рәсіміне тән сиымды салт деп саналған.

Еркек киімдерінің ең қымбаттысы — аң терісінен істелген ішіктер. Олар аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, мауыт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы торғын, ләмбек сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек-жеңіне алтын, күміс зер ұстап, кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде әдіпті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып келген.

Шапан көбінесе жүн тартылып бидайланып тысталған. Кей жерде шапанды әуелі астар мен бидайын қабып алып, тысты соның үстіне бос жабу арқылы тыстаса, кей жерлерде тура тыстың үстінен қабыған, кейде сыритын болған. Мұндай шапанды «сырмалы шапан» деп атаған. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Қайырма жаға шапанның бір түймесі, тік жағалы бешпент шапанның екі түймесі бар.

Тон көбінесе иленген күздік қой терілерінен тігіледі. Орта денелі адамдарға 11—12 қойдың терісінен тон шығады. Олардың шап терілері мен пұшпақ терілері, таңлықтары, мойын терілері бөлек алынады, яғни олар тон тігісіне пайдаланылмайды. Тондардың жүндері ішіне қарайды, ет жағы қынамен, қабықпен, томар бояумен боялады. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп кестелейді. Кейде сыртына тыстық жапсырып қаптама тон да тігеді. Қаптама тондардың тыстарын әр түсті жіппен кестелеп, елтірі, сеңсең, аң терілерінен қайырма жаға жасап, етек-жеңіне жұрын ұстайды.

Жарғақ, тайжақы деген өң киімдерді тайдың, құлынның терісінен, жүнін сыртына қаратып істейді. Оларды да малмаға салып илеп, еттерін қырып, қабыққа, қынаға салып өңдерін басып ажарлайды. Шеттерінің әдіптерін кестелеп, жага-жеңдерін әшекейлейді. Кейде етегін, өңірін қаусырмасын қымбатты аң терісінен жұрындап қояды. Әдетте тайжақы мен құлын жарғақты бешпенттің, бешпент күпі сияқты жеңіл киімдердің сыртынан киеді.

Шалбарды барқыт, пүліш, шұға, тібен, шөшінше, шибарқыт, шегрен, ләмбөк, мәлескен, қырмызы, қамқа, көк мауыты сияқты ширақы маталардан, қой-ешкі терілерінен тігеді. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, қалтасыз, кең балақ болып келеді. Оның кең тігілуі салт атқа мініп-тұруға, малдас құрып отыруға өте қолайлы болған. Шалбардың балағы кейде етік қонышының ішіне салынып, кейде қоныштың сыртында жүреді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарланып алатын. Шалбарланып жүру әсіресе аңшылар мен батырларға, балуандарға тән әдет еді. Шалбардың балағы екі жанынан ойық (жырық) болып істелетін де, ол кестеленіп қойылатын. Сондықтан да шалбар өте сәнді және көрікті киімдердің бірі саналған. Қой терісінің әр түрлерінен (жүндес, қырықпа, тақыр және т. б.), ешкі және құлын терілерінен, былғарыдан тігілген шалбарды көбінесе тыстамайды. Оны бір түске бояп, кестелейді, балағын құндыз, сусар сияқты аң терілерімен жұрындайды. Теріден тігілген шалбарды матамен тыстап та жүрген. Еркектер көбінесе сырт киімдерін түймесіз, тек белбеумен ғана киген. Белбеуді бірнеше метр матадан ораған. Белдікпен кісені қайыстан, былғарыдан қабаттап, күмісті мықтармен, білезіктермен, көзді күміс бұдырлармен сәндейтін. Бұлардан басқа құр, терме, шекпен белбеулер де болған. Оларды да өрнектеп, шашақтап, әдемілеп істеген.

Әйел киімдерінің де әр аймақта әр түрлі үлгілер мен әр алуан атаулар бар. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне тән түрлері: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан ел салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де әшекейі де әр қилы. Қыз киімдерінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға-жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, жеңіл және қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбінесе құндыз бөрік, қатипа тақия киіп, шолпы тағып жүреді. Қыздар төсін жасыру үшін кеудесін көкірекшемен қатты тартып тастап жүрген. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береді. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Олардың бас киімдері шаршы, сарала жаң, торғын шәлі, қызға қарағанда әшекей заттары аздау болып келеді. Орта жастағы әйелдер құбатөбел киінеді. Олардың көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартады. Жақтарын оқаламайды, жәй кестелейді. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі тана, түйме, тіс шұқуыш, қапсырма, оқалы өңір сияқты заттар болған. Олар шолпы тақпаған, алқа салмаған. Ал оқалы жақ, көксауыр кебіс, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды қай жастағы әйелдер болсын тағына берген.

Әйел киімдерінің ең бастысы көйлек, одан кейін сәукеле, бөрік, тақия, кимешек-жаулық, бергек сияқты бас киімдер мен қамзол, кәзекей, желетке. Әйел көйлегінің кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосатын. Кеуденің етекке қосылған жерін көйлектің белі немесе бүрмесі деп атайды. Әйел көйлегінің кеудесі тар, етегі кең болады. Өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектеледі, мұны «қақпа» деп атайды. Ана болған әйел осы қақпа арқылы бала емізеді. Көйлектің жағасы тік шығарылып ол артынан, кейде бір жақ иық үстінен түймеленеді. Ал қыз-келіншектердің көйлегінің жағасы кестеленеді немесе қол инемен көркемдеп қайып тігіледі. Кейде жағаның үстіңгі шетін бүрмелеп желбірлеп қояды. Қыз-келіншек көйлегінің жағасының өңіріне бірнеше түймені тізіп қадайды.

Қыздар мен жас әйелдердің ең бір сәнді киімі қос етек көйлек. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп таза жүннен тоқылады. Мұндай көйлекті қыс киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады. Әйел көйлегін ерекше сәндеп тұратын қосымша заттардың бірі омырауға не тігіп, не түйме, түйреуіш, ілгектермен жапсырып қоятын «өңір» деген зат. Өңір жағаның алдыңғы жаң түбінен бел бүрмесіне дейін, ені екі жақ қолтың тігісіне жетеді. Өңірді асыл матадан бөлек тігеді. Шет-шетін кестелеп, зерлер салып шашақтап, бетіне неше түрлі асыл тас, меруерт-моншақ, алтын не күмістен алқа, теңге, бастырма, жылтыраған үзбелі салпыншақтар қадайды. Өңірді кеудеше, көкірекше, төстік, алқа деп те атай береді.Қазақ қауымының әдетінде ер мен әйелдің бас киімі де әр баса. Ерге тән бас киімдер: тақия, бөрік, тымақ, құлақты бөрік (құлақшын), қалпақ, шалма, шыткүлапара (башлық), жалбағай. Оларды теріден, ан терілерінен, тыстық маталар сырып тігеді. Әйел бас киімдері: кимешек, жаулық, күндік, шаршы, сәукеле, желек, шәлі бүркеніш, бергек т. б. Бұлар көбінесе іштік жеңіл матадан, ал қатипа тақия, құндыз бөрік, шошақ бөріктер ең қымбатты аң терілерінен тігіледі.

Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Қазақтың «дос аяғыңа қарайды, дұшпан басыңа қарайды» дейтін мақалы осы жайдан қалыптасқан. Сол сияқты сыпайылық көрсеткенде, біреуден біреу кешірім өтінгенде, аяққа жығылғанда бас киімді шешіп немесе бөрігін аяқ астына тастап аһ ұру да осы бас киімді қастерлеуден туған. Қысқы, жазғы бас киімдер бір бөлек, той жиындарда, жорықтарда киетін бас киім бір белек болып түрліше тігілетін. Тымақ пен бөрікті көбінесе мәриден, елтіріден, сеңсеңнен, лақ терісінен, пұшпақтан т. б. мал терілерінен жасап тыстайды, арасына жүн салып сыриды. Қыстыгүні киетін түлкі терісінен жасаған тымақты барқыт, пүліш, атлас, шұға сияқты жылы, әрі қымбат маталармен тыстаған.

2.Жарғақ тон. Жекей

Жекей тымақ — жаз бен күзде киетін әрі сәнді, әрі жеңіл елтірі тымақты айтады. Жекей — сәнді деген сөз. Жекей тымақты дүрия, шағи сияқты жібек маталармен тыстап, кейде оның артқы етегін көтере түріп, кейде алдыңғы бір жақ құлағын алға келтіре әнтек шекеге салып киетін. Бөрікті де әр түрлі үлгіде қозы, қой, түрлі аң терілерінен тігеді. Бөріктің түрмесі кейде жалпақ, кейде жұмыр етіліп жасалады. Ал оңтүстік аймақтарда қой терісінен тігілген түрмесі үлкен бөрік киеді. Бөріктің неғұрлым жүнді де жылы түрлері Орал, Гурьев жағында жиі кездеседі. Жетісу, Семей, Өскемен жағында жаллпақ және биік түрмелі үлгілері кеп. Бұрын ақын, әнші, сауыққой салдар мен өнерпаз жастар өте сәнді тігілген шошақ төбелі құндыз бөрікке үкі тағып киетін. Тақияның да үлгілері мен атаулары көп. Етегі аласа, төбесі төрт сай болып келетін кестелі шошақ тақиялар оңтүстікте көбірек кездессе, аласа етекті, төбесі киіз үй сияқты тегеріш тақиялар орта жүзде көбірек кездеседі. Ал жалпақ төбелі, етегі биік тақия мен тостаған сияқты қаптама тақиялар кіші жүзге тән. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «атерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, қолмен «таңдай», ирек», «қабырға» тігістерімен әдеміленіп сырылады. Кейде ақиллардың дәл төбесінде сол матаның езінен істеген түіртпек шошағы болады. Оған бозбалалар, салдар, күйеулер ашақ, үкі, күлте, шоқ тағып сәндеп киеді.

Ертеректе ауқатты адамдар киген, жылқы терісінен тігілген,қазір өте сирек кездесетін ,жағалы әрі асыл сырткиімдерінің бірі- жақы. Ол тек жылқы терісінен тігілгендіктен құлын жақы, тай мжақы, құнан жақы деп бөледі. Жақы тіктіру үшін жылқы ішінен қара, қоңыр немесе ала түсті мал таңдап алынады да арнаулы күтімде ұсталып іиленіп жасалады.

Ежелгі уақытта аязы қатты, боранда өңірдің тұрғындары киген көшпенді тұрмыс пен ортаға лайықталған қыстықсыртқы киімнің бірі – дақы. Дақы – тұлып тектес , бірақ жүні сыртына қаратылып, іші тысталып жасалатын қысқы киім түрі. Шапан – қазақтың ең көп тараған , аса қатерлді , кәделі сырткиімдерінің ертеден келе жатқан түрі. Тыс мен астарының арасына жүн немесе иата салынып , сырты шұға, барқыт сияқты әдемі,әрі мықты матадан қапталып іші астарланады. Шапанды жібек , тоқыма, мақта, жүн маталардан кейде күдеріден де тігеді.

Камзол- жеңілдеу тігілген астарлы шапан мағынасында қолданылады.

Камзол- ұғымында әртүрлі матадан тігілетін, етегі тізеден сәл жоғары келген жейде,көйлектің сыртынан киетін , киіп жүруге жеңіл сырткиім.

Сырткиімдердің ішіндегі ең көп тараған көнеден жеткен киім түрі- тон. Қазақ тілінде тон көне түркі тіліндегі киім сөзінің көне атауы, бұл сөзден туындаған “тонанты, тонымақ„ сөздер кию дегенді білдіреді.

Тон- үлкен кісілер , әйелдер балаларда икиетін ортақ сырткиім. Тон түрлі жануарлардың әсіресе малдың терісін илеп тігілетін, суықтан қорғап, жылылық сақтайтын сырткиім.

Жарғақ тон- құлын тай, лақ бөкендердің жаздық жүні тұқыр шелі аз терілерінен түгін сыртына , тері жағы ішіне қаратылып тігілген сырткиім түрі. Илеген теріні жақсылап сүргілеп , уқалап жұмсартады, шапан немесе шекпен үлгісінде пішіп,қалың матамен астарлайды. Жеңнің ұшы, өңірі етегі айналдыра матамен қиюлап барып жұрындайды.