Ши тоқу технологиясының әдіс тәсілдері

1.Ши Тарту,аршып дайындау дәстүрі.

Қазақ жерінің әртүрлі өңірінде түп-түп болып өсетін, сабағы жіңішке, қамыс тектес ши деп аталатын өсімдіктен тоқылған бұйым да ши деп айтылады. Ши тоқу өнері қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, қарақалпақтарға, т.б. халықтарға көне заманнан бері белгілі болған. Шиді жүнмен орап, оны өрнектеп тоқып, керегенің сыртына тұтуға, үй ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап, көлегейлеп қоюға, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жайып кептіруге, киіз басу жұмыстарына, киізді ылғалдан сақтау үшін жерге төсеуге, тары сүзу үшін шыпта жасауға пайдаланған. Шидің түрлеріне байланысты мынадай атаулар кездеседі: ақ ши – қабығынан аршылған ақ шидің жүн оралмай, ою-өрнексіз тоқылған түрі, шым ши шидің түрлі түсті жүн орау арқылы өрнектеп тоқылған түрі (жергілікті тілде шымырау ши), орама ши // ораулы ши – өнебойына тұтастай емес, әр жерінен аралатып жүн оралған ши, шидек – құрт жаятын кішкене ши, терме ши – шым ши, өреше – киіз үйдегі ас-су тұратын жерді қоршап қойған ши, дүзтеру ши – қошқар мүйіз өрнегімен жүн орап тоқылған ши, т.б.
«Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың ономасиологиялық негіздері» деп аталатын екінші тарауда тіл біліміндегі заттар мен құбылыстарға ат қою мәселелері, әйел қолөнері материалдары негізінде анықталған уәжділік түрлері баяндалады.Ши тоқу өнері бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына (қазақтар, қырғыздар, түрікмендер, жартылай отырықшы өзбектер, қарақалпақтар) көне заманнан белгілі. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажетіне тоқылған ши қазірге дейін кең түрде пайдаланылып келеді. Оны киіз үйдің құрамы бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ қазақтар мен қырғыздарда оларды үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстау үшін де пайдаланады. Сондай-ақ киіз үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніші ретінде киіз астына төсейді.

Тоқылған шиді қазақтар сияқты қырғыздар да, жартылай көшпелі басқа да шығыс халықтары да пайдаланып келді. Мәселен, оны құрт жайып, тары сүзу үшін шыпта жасау сияқты күнделікті тұрмыс қажетіне де ерте заманнан-ақ пайдаланған.

Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы.

Ши өңдеу, тоқу өнерімен қазақтар, қырғыздар, сондай-ақ Орта Азиядағы басқа да халықтарда көбіне әйелдер айналысқан. Жай ғана ақ шиден өзіне керекті күнделікті тұрмыста пайдаланылатын затты әрбір әйел өздері тоқып алады.

Ерте кезде тұрғын үйдің негізгі түрі тек киіз үй болған уақытта ши дайындауға топталып, әйелдермен бірге ер кісілер де баратын болған. Ерлер жағы ши өсімдігін түбімен қопарып оны түйеге, езгіге немесе атқа арту сияқты ауыр жұмыстарды атқарған. Шиді күзге қарай дайындаған.

Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Оны үйдің ішіне, жабық қораға немесе бастырманың астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден ғана қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Бұл шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін қарақұс деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды шибау деп атайды.

Қазақ халқының саласында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса, ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.

Демек, киіз үйдің керегесін орай тұтуға көбінесе жоғарыдағы айтылған шидің соңғы екі түрі: шым ши мен орама ши пайдаланылады. Шым шиді кейде «жез ши» деп те атайды (бұл ерте уақыттағы жез оралған кезден қалған атау болса керек).

Шым ши тоқу – қазақтың қолөнер саласындағы ұлттық өнерінің ерекше бір түрі. Өрнектеп шым ши тоқуда болсын, халықтың қолөнерінің қайсыбір саласында болмасын, қазақ әйелдерінің шеберлік, көркемдік талғамы өзінің табиғи шынайылығымен көз тартады.

Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «Шаршы ою» деп те атайды. Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Мұндай оюлардың қайталанып келіп отыратын күрделі композициялы қиын түрлері сәуле, шахмат, ұзындық оюларды ашық жерге түсіргенде сол мотивтегі бөлшектермен оюланып, жиектеледі. Бұл сияқты шым ши бетін әшекейлейтін қазақ, қырғыз оюларының негізі – кейбір геометриялық мотивтегі элементтер мен өсімдік және зооморфтық, тағы басқа оюлардан құралған ба, деген ой келеді.

2.Шидің көрінісіне қарай бөлінген түрлері.

Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді. Бұдан геометриялық ою элементтері шым ши тоқу өнеріне ғана сақталған екен деген ой тумау керек. Мұндай оюлар ерте заманнан керамика, үй құрылысында және күнделікті үй мүліктерінде алаша, кілем, киіз өрнектеу салаларында жақсы сақталған. Алайда геометриялық оюдың шыққан тегі анықталады деп үзілді-кесілді айту қиын. Дегенмен, мұндай оюлардың түрі алғаш рет еңбек құралдарын бейнелеу, кейіңгі бақташылық дәуірде үй жануарлары мен жабайы аңдарды белгілі жерге дағдыландыру орандарын суреттейтін бізге келіп ромбы, көп бұрышқа ұқсас қолдан тоқылған кескін үйлесімімен шықты деп шамалауға болады.

Осыдан біз халық қолөнер шеберлерінің ұзақ жылдар бойы көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес жасаған заттары негізгі кәсібіне орайлас өрістегенін байқаймыз.

Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды – ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз. Оған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өңдеп, тоқып, кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанымен оны көркемдеп, мәнерлеп, әдемі кілем іспетті дүние ету оңай да іс емес. Әйтеуір халқымыздың қалаулы шеберлері жасаған шым ши киіз үйдің керегесін сыртынан жауып, киіз есіктің ішкі жағынан тұтылады. Шидің әрбір сабағына түрлі-түсті жүннен, кейде жібектен оралған белгілі ою-өрнектермен түгелдей безендіріліп өрнекті де әсем заттар мен бұйымдар жасау ертеден мәлім, ши өңдеу мен тоқуға қатысты қалыптасқан терминдер де бар. Мысалы, аршу деп тоқудың алдында ши сабағының қабығын аршуды айтады. Шиді аршумен бірге оның ішінде жүн орауға жарамдысы да, жарамсызы да болады. Сондықтан жарамдысын таңдап, бөлектеп аршып алуды сұрыптау деп атайды.

Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған.

Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.