Сырмақ жасау технологиясы

1.Сырмақ киізінің басылуы. Әдетте сырмақ жасалатын киіз не шымқай ақ, не шымқай қара болуы шарт. Киізде түйіртпек, ошаған, тесік болмауы тиіс. Мұндай кемшіліктер оюға, сыруға, біртегіс жиектеуге бөгет жасайды. Сондықтан сырмақ басатын киіздің жүні, оның өңі күні бұрын таңдалып, ол көбінесе қозы жүнінен алынады. Оны сабағанда да ерекше қадағалап, үлпілдетіп сабайды. Осындай іріктеліп алынған жарамды жүннен сырмаққа арнап бет басады. Бет болатын ақ немесе қара киіздің екеуі екі бөлек басылады. Оны ысырап етпес үшін көлеміне қарай әрі шағын, әрі жүнді үнемдеп жұқалау етіп басады. Сондықтан алдын-ала оның көлемін, оған салынатын ою-өрнектің қандай болатынын қарастырады.Сырмақтың беті кейіннен не киізбен, не кенеппен астарланып сырылады.

Көлем жағынан қазақ сырмақтары негізінен 4 түрге бөлінеді. Мұның ең үлкені — көш сырмақ. Бұл сырмақты көшкенде жүк артылған түйенің үстіне жабуға арнайды, жалпы келемі 3—5 метрдей болады. Екіншісі — төсеніш сырмақ, жалпы көлемі 3—3,5 метрдей. Мұндай сырмақтар кейде киіз үйдің төрі бейнелес ірге жағы етектене дөңгеленіп, ал от жағы бүрілген сияқты тарыла дөңгеленіп, от басымен тәрге дәлденіп жасалады. Ол тамның, шошаланың, киіз үйдің төрінің от жағына жалғастырыла төселеді. Үшіншісі — төр сырмақ, көлемі 2—5 метр. Бұл жиекті, оюлы сырмақ. Мұны сыйлы қонақтар келгенде төрдегі жалпы төсеніш киіздің үстінен, қонақ көрпенің астынан салады. Төртіншісі — төсек сырмақ немесе төсек алды сырмағы деп те атайды. Көлемі 2—2,5 метр, жер төсектің орнына немесе төсектің алдына төсейді.Сырмақтардың кейде 1—1,5 метрлік шағын түрлері де кездеседі. Олар бір кісілік сырмақ деп аталады.

Түр жағынан алғанда да қазақ сырмақтарының 4 түрлі атауы бар. Оларды «ақ сырмақ», «қарала сырмақ», «жиекті сырмақ», «дебіске сырмақ» деп атайды. Ақ сырмақты бояулы жиекпен немесе түсті матамен оюламайды. Оны тек шуда жіппен ғана тоқылған жиекпен немесе таңдайлап иірген қарала жиекпен жиектейді. Қарала сырмақты қара және ақ киізден ойыстырып, астарлап, сырып жасайды. Оюларды құраған тігістің үстіне бояулы жиек бастырылады. Бұл бұрын сән-салтанатта сыйлы қонақтарға төселетін, көш жүгіне жабылатын еді. Жиекті сырмақты тұтас бірыңғай ақ немесе қара түсті киіздің бетіне бірнеше түсті бояумен өрнектеп жиек бастыру арқылы жасайды. Мұны мүлікті тең етіп бууға, жолға алып шығуға және басқа да күнделікті тұрмыста көп пайдаланған. Дебіске сырмақты жасағанда тұтас киіздің бетіне әр түсті матаны оюлап бастырып, сол оюлардың шет-шетіне жіңішке жиек басады. Кейде кестеленген тұтас матамен тыстап та дебіске жасайды.

Қазақ халңының ескі ғұрпында мал еті мүшелері әрбір кісіге сыбаға ретінде белгіленгені тәрізді, үй-іші төсенішінің үй мүліктерінің де жас мөлшеріне қарай арнаулы адамдары болған. Мысалы, ақ сырмақты қазақтың ескі ғұрпында көбінесе күйеуі бұрын келмеген оң жақтағы қыздың астына немесе қара жамылып, жоқтау айтып отырған жесірдің астына төсейтін. Ал дебіске сырмақты төсек үстіне, төсек алдына, жас келіншектер мен күйеу жігіттерге төсей- тін. Дебіске сырмақты тұс киіз орнына да пайдаланған.

2.Сырмақтың көлемі мен түрлері.Сырмақ жасаушы шеберлер өзі білетін немесе қолында бар ою үлгілерінің қайсысын алып, оны қалай орналастыруды қарастырады. Сонымен қатар киіздің көлеміне қарай оны көп кесіп, қырдасынды көп түсірмеу жағын да ойластырады. Сонан кейін сырмаққа арналған киіздің оң бетін еденге жаяды. Таңдап алынған ою-өрнектердің қағаз бен тыңыр теріге түсірілген үлгісін киіздің үстіне салып, сол үлгінің ізімен өткір пышақпен немесе қайшымен мінсіз етіп қиып алады да сырмақ бетіне салады. Оң беті қара киізден ойылған болса, оның ортасы ақ киіздің ортасына түседі. Сырт оюлары ақ киіздің шетіне келіп, ақ киіздің ортасы осы қара шеттің ішінен орналастырылған, екі түсті, оны жөрмеп тігеді. Осы тәртіппен сырмақтың оюлы беті құрастырылып болған соң ою жапсарларының үстінен боялған жиек бастырады. Мұны жиектеу дейді. Оюларын жиекпен басып болған сырмақты астар төсеп, бетпен қоса сыриды. Сырудың тігісі де екі түрлі: біріншісі — жеке жіптің өзімен әрлі-берлі тік шаншып сыру арқылы тігу де, екіншісі — қос жіппен сырып тігу. Бұл әдіс инедегі жіптің астынан тағы бір жіпті бос төсей отырып сыру арқылы іске асырылады. Мұндай тігіс тігін машинасының тігісіне ұқсайды. Сырмақты сыру үнемі ою-өрнектердің бағытымен оюлана сырылады. Сырылып болған соң сырмақтың шеттерін тегістеп қиып, шетіне жиек бастырады. Жиек жіптер неғұрлым ашық түсті, ұяң ақ жүннен иіріледі. Ақ жүнге бояу жақсы қонады. Жиек жібін иіру алдында одан істегелі отырған бұйымының көлеміне қарап қанша метр немесе қанша құлаш керектігін алдын-ала есептеп шамалайды.

Шамалап мөлшерлеудің бұл түрін жіп иірушілер «алқым», «домалақ» деп атайды. «Екі ұршық жіп», «бір алқым жіп», «төрт алқым жіп», «бір домалақ жіп» деген сөздер де осы шамалап мөлшерлеуден шыққан. Жиекке арналған жіпті жалаң қабат түрінде біреуін оңқай, біреуін солақай етіп иіреді. Содан кейін оларды өзді-өзіне қосады да, оны екі қабаттап екі бөлек етіп тағы иіреді. Бұл екі қабатталып иірілген екі бөлек жіпті екі «тін» деп атайды. Бұдан кейін екі «тінді» екі бөлек домалақтап мөлшерін біліп алған соң, оны бояуға салу үшін қайтадан төгеді де, жарты метр шамасындай етіп босатып шумақтайды. Мұны жіпті келептеу дейді. Келептенген жиек жіпті қазанға салып бояумен бірге аударыстыра отырып қайнатады. Қайнату үстінде жиек жіптің қылшықтары бүріліп, сыптығырланады да бояу жақсы сіңеді. Қазақтың халықтық әдісінде бояуға ашудас, мүсәтір, түз қосып, аздап май салады. Бояу сіңіп, қайнап болған жіпті сол келептеулі қалпында сөреге іліп, кептіреді. Бояудың бір қалыпты сіңуі үшін сөредегі жіпті де сағат сайын аударыстырып отырады. Әбден кеуіп болған соң оңқай домалақ пен солақай домалақты қатар жарыстыра отырып бір ұшынан бастап ысқылайды. Ысқылау үстінде жиек жіп тағы да тазарып әрленеді. Ысқылаудан өткен жиектің екі тінін қосып (оны ширатпайды) бір домалаққа жинайды. Мұны «бас» деп атайды. Басқа төгілген оңқай, солақай екі тінді жарыстыра отырып сырмаққа бастырады. Сонда бастырылған жиектің қатар түскен ширатындысындағы оңқай иірім мен солақай иірім қарсыласа келіп біркелкі және әдемі таңдай өрнегін жасайды.

Қазақ қолөнерінде арнайы басылған немесе дайын тұрған ақ киіздерден жасалатын заттар көп. Сырмақ, текемет, төр киіз, тұс киіз сияқты көлемді мүліктерден басқа да көлемі шағын заттар бар. Олар: аяққап, қол дорба, сандық-қап, төсек көмкеруі, керегеқап, асмалдық (орнектелген түйе жабу), тоқым, кебенек, қалпақ, телпек және т. б. Мұндай заттарды жасауға қажетті киізді көбінесе оюлап кеспей тұтас күйінде пішіп алып, өрнекті соның бетіне жапсыра тігеді. Ондай өрнектерді салу үшін кейде әр түсті түрлі маталарды оюластырып, кейде бір түсті матаның бетін әр түрлі жіппен өрнектеп кестелейді. Көбінесе мұндай мүліктердің шетшеті көмкеріліп, жібек жіптермен шашақталып, әр жерінде келетін баулары да тоқыма әшекейлі келеді.

Сырмақтың пайда болуының тарихын шолу арқылы оның этномәдени мазмұнын ашып көрсетуге болады.
Киіздер мен текеметтер қай заманда да тұтынушылардың қажеттіліктерін өтеп келгендігі даусыз. Дегенмен, қоғам дамуы мен тұрмыс мәдениетінің өсіп-өркендеуіне қарай бұл бұйымдардың осы күйінде кейде тазалыққа, тұтынуға тиімсіздігі байқала бастаған. Осыған орай адамдардың тұрмыс деңгейінің, талап-талғамының өсуінің әсерінен қолдануға ыңғайлы, жеңіл әрі көркем, көлемі шағын төсеніштер пайда болды. Сырмақтың пайда болуына о баста тұрмыста кездесетін қарапайым жағдайлар себеп болған тәрізді. Айталық, көнерген киіздерді қабаттап төсеу, одан соң оны қобырай бермеу үшін қабаттап көктеу. Осындай жағдайдан бара-бара қабаттауды белгілі бір пішінге келтіріп, ықшамдап төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге ауыстырып, одан әрі сыруға көшкен деп санауға болатын сияқты. Алғашқы сырмақ пішіні осылай қалыптасқан. Бұдан әрі басылған кесек киіздерден қалаған мөлшерде кесіп алып, оны қабаттап сырып, шағын төсеніштер жасала бастаған. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай сырмақтар алғашында, әрине, орта салынбай жасалды. Бүтін күйінде ығына қарай сырылуы, сондай-ақ сол кездегі таңба – белгілер, нанымдар бойынша оюлар түсірілді. Бірте-бірте қабатталған киіздердің жиектерін жөрмеу, төрт шетін бойлап, қабаттарын бекіте түсіп, сырудан түскен сызықтарға сәйкес сыру түсіру арқылы сырмақ ортасынан төртбұрыш шығарылған. Одан кейін сырмақ шеттерін нығайтып бекіту үшін жіп есіп алып, сырмақтың шетін жию пайда болды. Кейінірек ақ, қара түсті жүндерді пайдаланып, қарама-қарсы түстерді шабыстырып қолдану тәсілімен сырмақтың шетін жиектеу келіп шықты. Оның ішкі жағына да сәйкес жиек басып, су тарту арқылы сырмақтың бетіне төртбұрыштар түсіріліп, жиектердің ара-арасы сырылып отырды (шабыстырып қолдану – қарама-қарсы түстерді қиыстырып келтіру, жиектеу – түсті жіппен тігіп жиек салу, көмкеру, су тарту – оюды қатарлап орналастыру үшін яки алма-кезек түсіру үшін бүкіл ою тұлғасының желісін үзілдірмей, ұластырып салу. Су – бүкіл ою тұлғасының сабағы, желісі, өзегі. Сырмаққа қатысты желі атауы жиірек қолданылады. Ал кесте өнерінде мұндай желіні су деп айтады. Қазақ сырмақтарының ою-өрнегі осы желі, яғни суы арқылы жасалады).
Сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған. Олар: қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру. Бұларды негізінен жіп салып сыру және жіп салмай сыру деп екі түрге топтастырады.
Қолөнер бұйымдарындағы қол тігісінің атаулары. Қазіргідей тігін машиналары жоқ кезде қзақ әйелдері барлық киім-кешек, көрпе-жастық, тұскиіз, дастарқан, т.б. тұрмыстық бұйымдарды қолмен тіккен. Қолмен тігудің кейбіреуі эстетикалық қызмет (мысалы, кесте және зерлеп тігу) атқарса, бірсыпырасының таза практикалық қызметі басым болған. Сырмақтар – сәндік құрылымы бір қалыпты реттілікпен салынған, оюларының жіктері анық жиектеліп, кеңістіктік біртұтас қомпозиция құрайтын керемет өнер туындылары. Халық шеберлері сырмақ жасауда ақ пен қара киізді ойып, қиюластырып жасаумен қатар біртұтас киіз бетіне помбарқыт, барқыт, мақпал, мауыты, сәтен сияқты маталардан немесе иірілген әр түсті жіптерден де өрнек салып, сыру сияқты тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Сырмаққа ою салудың жергілікті жердің ерекшеліктеріне байланысты үш түрге бөлінеді: сырмақ бетіне орталық бөлікті қоршай жиек оюын түсіру және жалпы біртұтас ірі ою құрылымын орналастыру немесе екі-үш деңгейге бөлінген ою жолдарын түсіру. Сырмақ оюларының негізін көне заманнан байлықты, барлықты білдіретін мүйіз текті оюлардың барлық түрлері кеңінен қолданылады. Оюлардың орналастыру реті әрқашан бұрыннан келе жатқан ой-санадағы наным-сенімге бағындырылады. Орталық бөлікті жиек оюларымен қоршау – от басын, өзі өмір сүрген ортаны сыртқы жаман күштерден, күйреуден сақтау, оны қоршау мағыналары сақталған. Жекеше мағынадан әлемдік ұғымға ұштасқан бұл философиялық таным – Ғаламды апаттан, күйреуден сақтау ниетімен жалғасады. Әрине, кейінгі шеберлер ол туралы ой жүгіртіп, толғанбаған болар, бірақ ішкі генетикалық сезім арқылы терең мағыналы ою жолдары туындағаны мәлім.

Жердің бетін жерде жүретін малдың мүйізімен (қошқар мүйіз), аспан әлемін ұшқан құспен, аспан мен жердің ортасын жапырақ жайған ағашпен белгілеп, Кеңістіктің үш деңгейін осылайша астастыра көрсетуін шебердің шығармашылық ой-толғамының жемісі деп білеміз.

Сырмақ жасауда дайын киізді ойып, қиюластырып тігуден басқа, киіз бетіне әр түрлі матадан ою жапсырып әсемдеу үйдің сәнін келтіріп, оны сән-салтанатын арттыра түскен. Сондай сырмақтардың бірі Өксікова Мәрзияның туындысы –өзінің басқаға ұқсамайтын қайталанбас ою-өрнегімен дара сипатталады . Шеті иретіліп келген жасыл жалпақ жиекпен қоршалған ортаңғы бөлік біртұтас сипатқа ие болған болса, бірнеше жолаққа тартылған ою жолдары руна әріптеріндей бірыңғай ырғаққа түсіп, тылсым сырымен көз тартады.