Жүннен жасалған бұйымдар технологиясы

1.Қазақ халқының мал шаруашылығы. Жүн және одан жасалатын заттар Жүн және одан жасалатын заттар. Сырмақ жасау. Сырмақтың түрлері. Сырмақты оюлау.

Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасы.

Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. «Шуда» деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқаулық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көп ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Шуда жіп «шертер», «керуіш» деп аталатын.

Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады.

Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, сырмақ, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің арасына тартуға да жарамсыз.

Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді «өлі жүн» деп атайды. Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді «шет-пұшпақ жүн» деп атайды. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп есуге жұмсалады.

Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт иіруге, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқуға тиімді. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қылшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған.

Жылқының жал-құйрығын «қыл» деп атайды. Жал-қүйрық көбінесе арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге, жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастың, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған.

Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқьіған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тағып алған құс қауырсыны «өте асығыс» деген белгіні білдірген. Осыдан келіп хан мен хандар арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны «үкілі почта» деп атаған.

Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мысалы, ерте кезде бақсы, молдалар, хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыңңа үкі қадау ғұрпының бір жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған.Үкіні ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін —ұлпа, ал бауыр жүнін— қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні көбінесе ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер дүниесіне кебінесе ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған.

Жүн сабау, киіз басу, текемет басу, сырмақ жасау жұмыстары жастардың бас қосып ойын-сауықпен көңілді отетін. Жұмыстары болған сон жиналып тамақ ішеді, ойын кешін өткізеді.

2.Қой жүні және одан жасалатын бұйымдар. Қазақ халқының ескі заман дәуірінен сөнбес мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен елімізді бүкіл әлемге мәдени қол өнерімен танытып келген«далалық өркениеттің» алтын бесігі Ұлы Дала кеңістігінде қалыптасқан.Қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы. үр салу – шүйкеленген жүннен немесе арнайы дайындалған талдырмадан киіздің бетіне ою, өрнек басу. Түр салынған киіз текемет деп аталады. Яғни киіз бен текеметтің айырмасы киіздің оюлы немесе ою-өрнексіз басылуына байланысты. Киізге түр салып басуды текемет басу дейді. Текеметке салынатын түр яғни ою-өрнек екі түрлі жолмен салынады: 1) түр ойыстырып салу; 2) шүйкелеп түр салу. Түр ойыстырып салу – талдырмадан қиып алған оюды шабақталған жүннің немесе талдырманың үстіне салып, ыстық су шашып, әрі қарай киізше басу. Шүйкелеп түр салу – киіз бетіне ою-өрнек ретінде салынатын боялған немесе басқа түсті жүнді бөлектеп басып алмай-ақ (талдырма жасамай) сол жүн күйінде бет тартқанда шүйкелеп отырып бірге тарту.
Арнайы басылған киізге басқа түсті киізден, матадан қиып дайындалған ою-өрнекті сырып тігу арқылы жасалған сәнді бұйым сырмақ деп аталады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» сыру сөзіне «арасын жиі етіп тігетін тігістің түрі», ал сыры атауына «жиі етіп бастырып тігу» деген анықтама беріледі (8-том, 1985. 507 б.). Демек, сырмақ атауының өзі оны дайындау технологиясынан алынған.
Сырмақтың пайда болуының тарихын шолу арқылы оның этномәдени мазмұнын ашып көрсетуге болады.
Киіздер мен текеметтер қай заманда да тұтынушылардың қажеттіліктерін өтеп келгендігі даусыз. Дегенмен, қоғам дамуы мен тұрмыс мәдениетінің өсіп-өркендеуіне қарай бұл бұйымдардың осы күйінде кейде тазалыққа, тұтынуға тиімсіздігі байқала бастаған. Осыған орай адамдардың тұрмыс деңгейінің, талап-талғамының өсуінің әсерінен қолдануға ыңғайлы, жеңіл әрі көркем, көлемі шағын төсеніштер пайда болды. Сырмақтың пайда болуына о баста тұрмыста кездесетін қарапайым жағдайлар себеп болған тәрізді. Айталық, көнерген киіздерді қабаттап төсеу, одан соң оны қобырай бермеу үшін қабаттап көктеу. Осындай жағдайдан бара-бара қабаттауды белгілі бір пішінге келтіріп, ықшамдап төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге ауыстырып, одан әрі сыруға көшкен деп санауға болатын сияқты. Алғашқы сырмақ пішіні осылай қалыптасқан. Бұдан әрі басылған кесек киіздерден қалаған мөлшерде кесіп алып, оны қабаттап сырып, шағын төсеніштер жасала бастаған. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай сырмақтар алғашында, әрине, орта салынбай жасалды.