Қамырдан жасалған тағамдар

1.Ашытқы қамыры.

Ұнның тағамдық құндылығы дәннің сапасына байланысты. Ірі тартылған ұнның майда тартылған ұнға қарағанда құндылығы кем, өйткені дән қабығының бөлшектері – кебегі көп. Алайда онда минералды тұздар мен дәрумендер көбірек болады, ол негізінен дәннің қабығына шоғырланған. Пісірілген тағамның сапасы ұнның сапасына байланысты. Жақсы ұнда бөтен иіс пен ащы дәм болмайды. Дымқыл орында сақталған ұнда көгерудің біршама белгілері кездеседі. Бүлінген ұнда құрт пайда болады. Бүлінген ұнды електен өткізіп, қаңылтыр пештің ішіне салып, 30-50о С-та кептіріп, одан кейін суытып қою қажет.

Ұнның дымқылдығын мынадай әдіспен анықтауға болыды: бір ас қасық ұнды алақанға салып, сығу керек, егер бұдан соң түйір дереу шашылып кетсе, онда ұнның өте құрғақ болғаны; егер алақандағы ұн қозғағанда ыдырап шашылса, онда бірыңғай дұрыс болғаны; егер түйір кесек қалпында қалса, дымқылдығы артық деген сөз.

Қамыр әзірлеу алдында ұнды жылы орынға әкеліп, електен өткізеді. Еленген ұн оттегімен байытылып, пісіргенде қамыр жақсы көтеріледі.

Ұнды електен өткізудегі мақсат – одан бөтен заттар мен түйірлерді ажырату. Ірі тартылған ұн крем түстес болады, ұсақ бөлшектерден тұрады, көп мөлшерде ұлпа кездеседі. Ұлпа – белокты зат, ол сумен қосылғанда көтеріледі де, тығыз, жақсы созылатын ақ қоспаны құрайды. Жақсы ұлпалы ұн жоғары көтеріледі әрі жақсы иленеді. Сондықтан ол ашытқы мен қаттама қамыр әзірлеуге пайдаланылады.

Жоғары сортты ұннан торт, самса, печенье, тоқаш пен бәліш дайындайды. Мұның аздаған белгісі бар, ақ түстес болады. Екінші сортты ұн қара қоңырлау келеді, ол пряник, бәліш, қара нан, печенье әзірлеуге пайдаланылады.

Қамыр ашыту. Нан-тоқаштың іші кеуек болу үшін ашытқының, пісіру ұнтағының, сода мен сіркесуының, көмір қышқылды аммонийдің көмегі қажет, өйткені олар қамырды жұмсартып, қопсытады. Таза ашытқының түсі қоңыр сарғыш тартып, оңай бөлінеді, бірақ үгітіліп шашылмайды. Ашытқының әсерімен қамырдағы органикалық қосынды – көмірсу аши бастайды, соның нәтижесінде спирт пен көмір қышқыл газы пайда болады. Көмірқышқыл газы қамырда ауа көбігінің көбеюіне әсер етеді де, оны жұмсартып, қопсытады, сөйтіп қамырда куыс-кеуек түзіліп, көлемін ұлғайтады. Пайдаланар алдында ашытқыны жылы суға немесе сүтке ерітеді.

Сығымдалған ашытқыны салқын орындарда, құрғақ ашытқыны жабық ыдыстарда сақтайды. Қолданар алдында құрғақ ашытқыны аздаған мөлшерде жылы сумен және ұнмен араластырады. Салмағы бойынша құрғақ ашытқы таза ашытқыдан үш еседей аз болуы керек.

Ұннан жасалған кондитер бұйымдары құрамында қант, май және жұмыртқасы көп ұннан жасалады. Оған печенье, пряник, рулет, торт, бәліш т.б. жатады. Бұл тағам түрлері жоғары құндылығымен, татымды дәмімен, көз сүйсінерлік түрімен сипатталады.

Қамыр түрлері. Ұннан жасалған кондитер бұйымдарын әзірлеу үшін бір-бірінен рецептурасы, консистенциясы және дайындау тәсілі бойынша ерекшеленетін қамырдың әр түрі пайдаланылады. Консистенциясы жағынан қамыр сұйық, дайындау тәсілі бойынша ашытқылы және тұщы болады. Ашытқылы және тұщы қамырлар рецептурасына байланысты тоқаштық және тоқаштық емес болып бөлінеді. Тұщы қамыр үглмелі, қаттамалы, қайнатпалы, бисквитті болады. Тағамның әр түрі үшін қамыр белгілі бір рецепт бойынша иленеді. Құймақ, оладий, бисквит, қытырлақ нан әзірлеу үшін сұйық қамыр керек. Ол бір тәсілмен – ұнға су қосу арқылы жасалады. Орташа консистенциялық қамыр илеу үшін, керісінше, ұнды сұйыққа салады. Күшті консистенциялық қамыр тура үстелдің немесе тақтайдың үстінде иленеді. Жарма (Крупа) — дақыл тұқымдастарына жататын бидай, арпа, тары, күріш, жүгері және қарақұмық дәндерін өңдеу арқылы алынатын өнім. Жарма ретінде бұршақ тұқымдастарының дәндері де пайдаланылады. Жарманың тағамдық қасиеттері жоғары және балалар мен науқас адамдар үшін ерекше жұғымды. Жарма крахмал мен өсімдік белогының негізі болып табылады. Сонымен бірге жармада аз мөлшерде витаминдер, минералды заттар бар. Қазіргі кезде жарма өндіруге арналған механикаландырылған кәсіпорындар бар. Олар дақылдарды ботен қоспадан тазалап, өлшемдері бойынша іріктеп, қабығы мен қауыздарынан арылтып жарма дайындайды.

Бауырсақ –шай, қымыз, шұбат ішкенде дастарқанға бауырсақ салады. Бауырсақты жоғары немесе бірінші сортты бидай ұнынан пісіреді. Оны қамырды ашытып та ашытпай да дайындауға болады. Ашытпай пісірген бауырсақ көпке шыдайды, ал ашытып пісірілген бауырсақ кеуіп қалса, жеуге жайсыз болады. Ашымаған қамырдан бауырсақ пісіру үшін ұнға май, жұмыртқа, сүт, тұз салып илейді (айран құйса даболады). Қамырды иін қандыра қатты илеп қоя тұру керек. Содан кейін қамырды жазып, төрт бұрыштап кесіп немесе жіңішкелеу етіп есіп алып, содан кейін кессе да болады. Кесіп дайындаған бауырсақтың бетін кеуіп кетпеу үшін жауып қойған жөн. Қазанға май салып әбден қыздырып алған соң, бауырсақ майдың мөлшеріне қарай салынады. Бауырсақты үздіксіз араластырып тұрса, бір келкі болып піседі. От қатты жанса, бауырсақтың іші шикі болады немесе тым қызарып кетеді. Қызыл-күрең болып піскен бауырсақ сәнді де, дәмді де болады. 4-5 стақан бидай ұны, 1стақан сүт (немесе су), 1 шай қасық тұз, 2 ас қасық сары май, 2 жұмыртқа керек.

2.Ашытқысыз қамыр.

Ашытқан қамырдан бауырсақ пісіру үшін жылы суға ашытқы, қант, ұн салып жылы жерге қою керек. Ашықты көпіршектеніп ашыған кезде тұз, май, жұмыртқа, ұн салып өте жұмсақ етіп иін қандыра илейді. Жұмсақ иленген бауырсақ жақсы қабарып, жұмсақ болып піседі. 4-5 стақан бидай ұны, бір ас қасық ашытқы, 2 ас қасық қант, 1 шай қасық тұз, 1 стақан сұйық май, 1 стақан сүт (немесе су), 2 жұмыртқа. Ашытқан қамырды есіп, жұқалап жаяды да, бір-келкі етіп кеседі, тақтайға немесе табаққа бір-бірлеп тізіп, 10-15 минут қойып, қабарғаннан кейін пісірсе, іші шикі болмайды. Бауырсақты қалыңдығы 2 см етіп жайып, қызып тұрған майға пісіреді.

Таба нан – ұнға май, сүт қосып иленеді. Қамырды бір табаның үстіне екінші табаны төнкеріп жауып, шоқтың қоламтасына көміп пісіреді. Оны пешке де немесе духовкаға пісіруге болады. Егер таба қоламтаға көмілсе, оны аудару керек. Таба нанды ашытып немесе ашытпай пісіруге болады. Ашытылған қамыр жұмсақ, ашытылмаған қамырды қатты етіп, иін қандыра илейді. Ашытылған қамырды орап, жылы жерге қояды, алашытылмаған қамырды су шүперекке орап, 20 минуттай тоңазытқышқа (астыңғы жағына) салады. Содан кейін қамырды табаның үлкендігіне қарай 1-1,5 см етіп жайып, майланған табаға салады. Қамыр жақсы ашу үшін екі-үш көтерілуі керек. Көтерілген қамырды қолды сулап басып-басып қою керек, ол қайта көтеріледі. 1 кг бидай ұны, 1 ас қасық ашытқы, 1 шай қасық тұз, 2 жұмыртқа, 200 г май керек.

Құйрық май қосылған таба нан – май салып қатты иленген қамырды табаның үлкендегіндей етіп 1 см қалыңдықта жайып, майланған әрі қыздырылған табаға салып отқа (шоқтың ыстық қоламтасына) қояды, немесе духовкаға салады. Нан табаға салынған соң бармақпен әр жерінен тесіп, сол жерге ұсақ туралған құйрық май салады. Бетіне тағы бір таба жабылады. Құйрық маймен пісірілген таба нан өте дәмді болады.

Салма – асқа етке салынатын ұннан дайындалады. Салманың аты әр жерде әртүрлі: салма, кеспе, жайма, шелпек, нарын, үзбе т.б. Салманы сорпаға, не суға қатты етіп қамырдан дайындалады. Ол дәмді болу үшін оның қамырына бір-екі жұмыртқа салу жөн. Қамырды оқтау мен жұқалап жайып, одан соң пышақпен жіңішкелеп кесіп,не болмаса қолмен үзіп, қайнап тұрған сорпаға пісіріреді. Салма етке жабысып қалмау үшін оны салардың алдында етті сүзіп алады. Оны салған ет жеуге өте жеңіл, әрі сіңімді келеді.

Май шелпек – ұнды сары май қосып илеп, онша жұқалап жаймай пісіреді. Май шелпектің арасына қойдың, жылқының шыжығын салуға болады.

Қаттама – нанның өте дәмді түрі. Май, жұмыртқа, сүт құйып, қатты етіп иленген қамырды жұқалап жайып, жайманың бетіне май жағады, оны оқтауға орап орап, пышақпен бірнеше бөліп, әр бөлікті қайтадан жаяды. Бөлшектелген нан қазанда қыздырылған майға пісіріледі. Сонда шелпек қатпар-қатпар болып өте дәмді болып піседі. Кейде мұндай қатаманы қазанға май жағып қарма тәрізді етіп пісіруге де болады. 1 кг ұн, 1 шай қасық тұз, 150 г май, 1 стақан сүт, 2 жұмыртқа қажет.

Талқан – қуырылған бидайдан, арпадан жүгеріден ұнтақтап дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған. Бірі – қол диірменге тарту, екіншісі – келіге түю. Екі тәсілмен дайындағанда талқанның майдаланбай қалып қоятын түйіршіктері болады, оны «талқанның сағы» дейді. Талқанның сағын бөліп алу үшін жайпақ табаққа салып екшейді. Сонда сағы талқанның бетіне бөлініп шығады да, ұнтағы астында қалады. Бетіндегі сақты алып тастай отырып, талқанның ұнтағын бөліп алады. Талқан аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Оны майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды. Оны жентке қосады. Талқаннан әзірленетін тамақты «сарталқан» немесе «майталқан» деп атайды. Сарталқан дайындағанда талқанды қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырады. Талқанды құмшекер салып дастарқанға құрғақ күінде қоюға да болады. Оны кебегі көп тазартылмаған бидай ұнынан ( 2 не 3 сорт ұннан) әзірлеуге де болады. Ол үшін аздап май жағылған қазанға шақтап ұн салып ақырындап қуырыды. Қуырылып қызыл-күрең тартқан ыстық талқанға сары май және құмшекер қосады, сонда ол өте дәмді болады. Оны балалар да сүйсініп жейді. Талқаннан майға, кілегейге, сүтке араластырып жеуге болады. 1 кг талқанға — 200 г құм шекер, 200 г май қажет.